Pavlodar, KZ
12°
Fair

Корабль капитаны немесе су қарақшысы

Балалық шағым Аягөз ауданы Таңсық ауылында өтті. Жергілікті жұртшылық Қозы Көрпеш – Баян сұлу ауылы деп те атайды. Үлкендерден естуім бойынша шамамен 1958 жылы қатты су тасқыны болып, ауылымыздың іргесіндегі Түрксиб шойынжолына дейін жетіп біраз әбігерге салған көрінеді. Кейіннен ол маңға зауыт салынды, арғы жағы Ақтоғай стансасына дейін жетіп тұрғын үйлер бой көтерді. Таңсықтықтардың тең жартысы кентке көшті. Есімде қалғаны үлкен дамба болатын. Аягөз өзені ашуға мініп, арнасынан тасығанда елді мекенді су басып кетеді екен. Абдыраған жұрттың дүние-мүлік пен малын Төлеуғазы деген ағамыз моторлы қайығының бетіне тегіс тақтай салып құтқаратын көрінеді.

Сол қайықтың қаңқасы бертінге дейін Егеудің үйінің жанында строй частьтың сыртында көне тарихтың ескерткіші болып қақиып жатты. Өз басым ішіне түсіп алып кеменің капитаны болып ойнағанмын. Кейіннен кинодан, кітаптан оқыған кейіпкерімізге еліктеп су қарақшысы болғаным есімде. Аягөз өзені бізге алып толқыны бар мұхитқа ұқсайтын. Бала біткен табанымыз көнтабан болып, бұтымызда ала-жаздай қара штан түспейтін, өзен бойында шабақ қақтап, қара нанды суға малып, өрістен қайтқан малмен бірге қайтушы едік. Ол уақытта өзен бойы сыңсыған қараған, шырғанақ, жиде мен долана, итмұрын жайқалып тұратын. Ал, жайылымдағы шөптің арасы қара мойыл мен қой бүлдіргенінен  көзің тұнатын. Ішіне кіріп кетсең адасасың. Өзен бойы қаптаған қара құрым түлік: сиыр, қойлар мен ешкілер,  ыстықтан үйездеп, шыбындаған жылқылар,  үш-төрт түйе самарқау ғана ештеңемен ісі жоқ маң-маң ғана бір басып, екі басып мойындарын созып алысқа қарап тұрушы еді. Сонда осы түйелер не ойлайды екен деп қиялданатынбыз.

Сағынамын сол кезді…

Балалықтың балдәурені кім-кімге болсын сағыныш қой шіркін. Бүгінгідей көз алдымда ауыл сыртында қаз-қатар тігілген киіз үйлер тізіліп тұратын. Сөйтсек ол қойларын қырықтыққа айдап келген шопандар ауылы екен. Кезектері келгенше киіз үй тігіп алып, күтіп жатады екен. Бала-біткен күнұзақ ойын қуып, қарнымыз ашса  қымыз, айран, су сұрап ішіп қарық болатынбыз. Қырықтық пунктінің іші у-шу қайнаған қызу еңбек. Біз құтты бір үлкен заводтың ішіне кіріп кеткендей әсерде болушы едік. Әлімізге қарамай мықшыңдап қой тасып, жан алып, жан беріп, сорғалаған маңдай терін сүртуге мұршасы жоқ қырықтықшыларға көмектесетінбіз.

Аягөз өзенінің екінші  жағында жартастың түбінде тауық базасы  болатын. Ақшағала тауықтар мен үйректер, қаздар көрінісі қандай тамаша еді, ә?

Қаз-қаз басып, қодыраңдаған ата қаз, айдарынан жел ескен әтештердің өзі өздерін сол жердің қожайыны іспетті санайтын. Бізді баласынады ма кім білсін, күжілдеп жалы күдірейіп, бізді талай қуалаған.

Бұл күндері өзім жетпістің жетегіне қараған шақта сол бір балалық шақты қатты сағынамын.

Аягөз «ашуланса»…

Жетпісінші жылдардың басы. Жасым бір мүшелден енді асып қалған бозбаламын. Ауылымызды тағы да қатты су тасқыны алды. Біздің үйіміз ауылдың шеткері тұсында болатын. Үлкен-кіші демей тұрғындар апатпен күресуге бел буып кірістік. Мектеп директоры Дінмұхамет Жантасов ағай бастаған мұғалімдер мен оқушылар қолымызға кетпен-күрек ұстап, арықтар мен тоғандарды тазалауға баратынбыз. Буыны қатпаған балалар шаршап қалмасын деді ме, сәл кідіріс болса ағайымыз қызықты әңгімелер айтатын. Ол кезде жастықпен терең түсінбеген шығармыз, қазір ойлап отырсам Нұх пайғамбар кезіндегі қаптаған  топан су туралы айтса керек. Әйтеуір, есімде еміс-еміс үзіктері бұлдырлап қалыпты.

Түнде атама еріп, қолымызға майшам ұстап үйдің артындағы дамбыға шыққанымыз есімде. Лықып келген көбікті суды көріп, атамның «келіп-кетер аса қауіп жоқ екен» дегенін ұмытқан емеспін.

Ауылдың баскөтерер азаматтары кезекші құрып, су басында жүр екен. Атам:

– Судың райы ертең қайтады деді.

Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Алғашқы күні су тасып жатыр, бірақ арнасынан аса қойған жоқ болатын, біздің тайынша-торпақтар ауыл сыртында жайылып жүрген. Аяқастынан тасыған судың алды көбік атып, буырқанып-бусанып малдардың жайылып жүрген жеріне де жетіп қалыпты. Атам сары інгенге міне салып қайырып келді. Бір бұзау шеттеп қалың жыңғылдың ішінде қалып қойған екен, атам сол бұзауды алып келем деп қайта кетті.

Тұрған жұрт шулап жатыр: «Мына шал ажалынан бұрын өлейін деп жүрме, мұнысы несі?» деп. Атам бұзауды алдына өңгеріп алып келді. Аягөз өзені бір тасыса көпке дейін өткел бермейді. Өзеннің арғы жағындағы кесененің  жанындағы таулы жердің шүйгін шөпті жазық алқабына бесінші ферма салынды.  Бергі жағында «Ескі орталық» болды. Сол жерде Салық атаның шлактан құйып салған еңселі үйі көпке дейін тұрды. Тіпті біз «тах-тах» соғыс ойынын ойнағанда әскери штабымыз болатын. Сол маңайдағы созылып жатқан тауларда  май сасыр көп өсетін. Дер кезінде жұлып, кептіріп алмасаң, ұшып кетеді. Өзеннің арғы бетіне  мен атамның артына түйеге мінгесіп өткенмін. Қайтарда су көтеріліп кетіпті. Атам көзсіз батыр кісі еді. «Менен мықтап ұста», – деді де суға қойып кетті. Түйенің бұйдасын тартып, басын көтеріп отырды.

Жан тәтті, қорыққаным соншалықты нақты есімде жоқ, әлі күнге дейін ойлайтыным түйе көлденеңінен  жатып жүзген сияқты болды ма,  не болмаса су түйенің екі өркешіне дейін жеткеніне қарағанда, төрт аяғын өзеннің табанына тіреп жүрген сияқты болды ма, әйтеуір үстіміз  малмандай су болып арғы жағаға  ағын судың екпінімен біраз төмендеп барып әрең шыққанбыз.

Ұйымшылдық

Халқымызда «көппен көрген ұлы той» деп жатады ғой. Шынымен де, біреудің қуанышты тойы болсын, әйтпесе келесі біреудің басына қара бұлт үйіріле қалса да ауылдастар жұмыла кететін.

Ауылымызда кейіндері де ірілі-ұсақты талай су тасқыны болды. Кеңшар тұрғындары Қызыл-қия, Көгілдір тауларына  уақытша көшірілген күндерді де өткердік.

Біздің үй, Таңсық стансасындағы Еркін деген туысымыздың үйін паналады. Мен велосипедпен тауықтарға жем салуға, жұмыртқаларын теріп алуға, үйдің амандығын көріп қайтуға келіп-кетіп жүретінмін. Ауылдың іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш болып тұрады. Қыбырлаған жан жоқ, оқта-текте көзге елестей ме, қара мысықтар жүгіріп өтіп, мияулап зәремді алатын. Өзі  бар ғой, өлі тыныштықтан да  қорқады екенсің. Кейін ауылдағы өткен қанша су тасқынын көрсем де, жағдайды ауыл басшылары реттеп, бақылауға алып, бірнеше бульдозерларды тізіп қоятын, су өтеді-ау деген жердің бәрін бекітетін. Қара радио су тасқыны жөнінде хабар беретін. Үйдегі көрпе-жастық, бір қабат киім-кешектерді буып-түйіп бөлменің қақ ортасындағы биік үстелдің үстіне шығарып қоятынбыз. Ата-анам тек қана құжаттарды алатын. Ал, бала кезде көрген моторлы қайық аңыз-ертегідегідей әлі ұмытылмайды екен.

Қайықтың темір рөлі,   табынында жатқан ұзын бел темірі менің есімде мәңгіге қалыпты. Су тасығанда күллі ауыл жұмылушы еді. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп жабыла кетуші еді. Ауылда әр ұлттың өкілдері тұрды “бір жағадан бас, бір жеңнен қол” шығарушы еді. Сол кезде бала болдық па, шыны керек, үрейленіп, қорқу деген сезім мүлдем болған жоқ, Түнде ойнап-күліп, қол қаруымыз күрекке, одан қала берді қаптап  дайын тұрған машиналар мен тракторларға сендік пе, кім білсін, түн тез өтіп, таң тез ататын. Үлкендер тіптен, сабырлы, байсалды  қалыптарынан бір танбайтын. Олардың сабырлы түрін көрген біздің қай сасқанымыз. Елді сабырға шақырып, ақылдарын айтатын. Мінекей, содан бері талай су, өзен ақты. Тек халықтың береке-бірлігі, ынтымағы өзгерген жоқ. Ал біздің балалығымыздан сол баяғы ықылас, бауырластық жақсы ниет-пейілдер ғана есте қалды.

Айтмұхамет ТҰРЫШЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері.

Пікір үстеу