Бүгін Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы «Абылай хан резиденциясы» музейінің «Абылай және оның заманы» көшпелі көрмесі ашылды.

Көрмеге Абылай ханға қатысты тарихи құжаттардың, алқасының және мөртаңбасының көшірмелері қойылған. Атап айтқанда, көрменің «Құжаттардағы Қазақстан тарихы» деп аталатын бөлімінде 1765 жылғы «Қырғыз-Қайсақтың орта орда сұлтаны Абылайдың қайта салынған үйінің жоспары», 1765 жылдың 1 мамырындағы «Генерал-майор Дениевтің генарал-поручик И.Шпрингерге, Абылайға арналған үйдің құрылысы жөніндегі баянаты», 1781 жылғы 17 наурыздағы «Н.Г.Огаревтің Пертрпавл бекінісінің бригадирі мен коменданты С.В.Сумароковқа «Абылай қайтыс болған жерде және неден қайтқаны» жайлы барлау қажеттігі туралы хабарламасы», 1781 жылдың 21 наурызындағы «Н.Г.Огаревтің Абылай ханның өлімінің мән-жайын барлау туралы мемлекеттік сыртқы істер алқасына баянаты» және ханның өліміне қатысты өзге де құжаттардың көшірмелері бар. Сонымен бірге, көрмеден Абылай дәуіріне тән қару-жарақтар мен тұрмыс бұйымдарын көруге болады.

Көрменің ашылуына Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан қатысты. Ол жиынның кіріспе сөзінде іс-шараның маңызына тоқталды. «Үш жүздің басын қосқан айбынды хан Абылай бабамыздың өмірімен танысып, сол дәуірдің тынысын сезген жастар өзгеше ой түйіп, рухтанады деп сенемін», – деді Медет Алпысбайұлы.

Көрменің ашылуында Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әрістері Нұржан Сарқамбаев пен Жасұлан Әмірхан «Бұқар жырау мен Абылай хан» қойылымын көрермен назарына ұсынды.

Резиденция-музейдің директоры Аян Садаев жиналған көпшілікке тарихи кешен туралы баяндады.

«Абылай хан резиденциясы» музей кешені 2007 жылдың 13 қарашасында тарихи мұражай ретінде құрылған. Музей ғимараты республикалық маңызы бар қала құрылысы және сәулет ескерткіші болып табылады. Ол 2008 жылы мемлекеттік қорғауға алынған. Ғимараттың тарихи-мәдени құндылығы сол – бұл қаланың таулы бөлігіндегі алғашқы тас ғимараттардың бірі. Музей «Абылай ханның 1711-1770 жылдардағы өмір кезеңі”, «Абылайдың тынығу бөлмесі, «Тақ залы және 1771-1780 жылдарды қамтитын «Абылай хан – ұлы мемлекет қайраткері секілді 4 экспозициялық зал мен фойеден тұрады.

Қазақстанның солтүстік аймағын отарлау басталған кезде, яғни 1752 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қызылжар қыратында әулие Пётр бекінісінің құрылысы басталған. Бұл өз кезегінде елдердің арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың орнығуына әсерін тигізді. Аян Нәбиұлының айтуынша, осыған байланысты казактардың дала тұрғындарына тиісіп, қазақтардан мал тартып әкетуі және жер учаскелерін басып алуы тәрізді мәселелерді талқылау үшін ханның арнайы ордасы қасында осындай құрылыс салу қажеттігі туындаған.

Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатындағы (158-қор, 1-тізбе, 295-іс, 33-б.) мәліметтерге сүйенсек, «Оның, Абылайдың, өтініші бойынша Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы Енқыстау тауында әулие Пётрдің бекінісі жанынан оның келіп тұруы үшін 1765 жылы ағаш үй салынды». Сол кезеңде «Абылайдың ақ үйі» тек қана тұрғын үй емес, сонымен қатар шиеленісті мәселелерді шешуге арналған орынға айналды, – дейді Аян Нәбиұлы.

«Абылай хан резиденциясы» музейінің қорында Абылай хан дәуіріне қатысты 500-ден астам жәдігер бар. Бұл жәдігерлердің көпшілігі «Музейге сыйлық» акциясы аясында жиналған.

Іс-шара соңына жиналған қауым көрмемен танысты. Айта кетейік, көшпелі көрме 20 сәуірге дейін жұмыс істейді.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Пікір үстеу