Қадірлі оқырман! «Өлең танысаңыз…» айдарының кезекті шығарылымында назарларыңызға ұсынылған өлең жайлы пікірлердің бір легін жариялауды жөн санадық.

Ақын Бақберген ДАРИҒАҰЛЫ:

Не оқып отырғаныңды түсінбей қалатын осындай «мағынасыз» өлеңдер көбейді. Бәлкім, автор да не жазып отырғанын өзі ұмытып қалған секілді. Немесе іші пысып отырған соң шимайлай салған. Ары қарай түзетуге ерінген сияқты.

Бірақ философиялық тереңдігі ішіңді жылытады екен. Авторға не шашауын шығармай қара өлең стилінде немесе таза ақ өлең түрінде жазуға кеңес берер едік. Дегенмен, ешкімге ұқсауға тырыспай дара жол іздеуі қуантады.

Мұхаметқали ЗАРЫҚҰЛЫ:

Меніңше, бұл өлең басталған және аяқсыз қалған сияқты. Әрі жеңіл ұйқастар. Қара өлеңге жақын екен. Ең соңғы жолдан, философияның иісі шығады, бірақ тым күрделі емес. Авторы қайта бір қарап шықса, әлі де қосары бар тақырып екен. Бұл – өз пікірім. Ал жалпы өлең де, ақынның ойы да жинақы.

Сонымен бірге, өлеңге қатысты «Қазіргі таңда, ақындардың өлеңдерін оқып отырсақ, мағынасы бар, ұйқасы нашарлау, әлде ұйқасы бар, мағынасы нашар болатын секілді…», «Буын, бунаққа мән беру керек. Өлең мағына жағынан сөз жоқ тамаша. Бірақ тіл сүріндіретін жақтары көп, сол жағын реттеуі қажет болып табылады!» деген секілді пікірлер де жолданған екен.

Жобамызға атсалысқан оқырмандарға алғыс айтамыз. «Сарғайған жапырақ» өлеңінің авторы Нарқұлан Райхан болатын.

Қадірлі оқырман! Ендігі кезекті ақынның жаңа жыр топтамасын назарларыңызға ұсынамыз!

Нарқұлан РАЙХАНҰЛЫ

1995 жылы Бесбоғданың баурайында дүниеге келген.

Халықаралық өнер фестивалінің II орын иегері, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «Үздік ақын» жүлдесінің иегері, Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жалаугері Жүргенов» атты республикалық ақындар мүшәйрасының I орын иегері.  

«Бабадан қалған аманат» кітабының құрастырушысы. Өлеңдері «Азаттығым, ғажап күнім», «Республикалық үздік өлеңдер жинағы», «Ақсу – кіндік қаным тамған жер», «Ғасыр тойына шашу» антологияларына енген.

«Өмір дегенің – сарғайған жапырақ»

Сарғайған жапырақ

Сарғайған жапырақ сияқты,

құлармыз бір күні.
Шалғайдағы ақымақ секілді,
Жылармыз бір күні.
Жел шайқап бостандық құлатқан туын,
Дәрменсіз қайыңдай
Сұлармыз бір күні…

      Бәрі де болады шынымен бір күні,
      Тоқтатар ойын мен күлкіні.
      Өмір дегенің – сарғайған жапырақ,
      Өмір дегенің – өлімнің бір түрі.

Өлі дүние елесі

Күзді идірген,
Ақ самал.
Құз күйдірген,
Тым ыстық.
Өлі дүние елесі,
Оранады тыныштық.

        Қарашаның жаңбыры,
        сіркіресе себепсіз.
        Адамзаттың тағдыры,
        Құмырысқаға керексіз.
        Ал олардың тағдыры,
        дерексіз…

Боз сөздер мен
Бос сөздер,
Билеп алған санасын.
Менсінбейді надандар,
Мекендеген есектердің қорасын.

        Піл жусаған далада,
        Тізесі жоқ адамдар,
        Иіледі молаға.
        Қалмаған соң заманда ар.

Көз жасына негрдің,
Қалып қойған шыбындай.
Соқпақтары өмірдің,
Мың құлашты бұрымдай.
Жетер ақыр түбіңе,
Тоқым қайғы тұлданған.
Қарағайдың бүріне,
Татымайды бұл жалған.

Уақыт

Абат уақыт шырмалып,
Шіліңгір ыстыққа оранды.
Айдың сұлбасы сұрланып,
Меңдетіп барады жараңды.

     Табытқа салынған бақыт,
     Өрмелеп барады көрден.
     Тоқтамас сырғыма уақыт,
     Кеше де, бүгін де өлген…

Өледі ол, өлімнің иісі,
Ауаға шашырап кетті.
Тұманға бөккен ми іші,
Тағы да уақыт өтті…

Жұбату

Қатпар-қатпар бұлт көшеді төбемнен,
Том-том болған сөз көшеді көнерген.
Аспан жерді қақ айырса, шындығым,
Құшақ-құшақ өтірікке сенер ме ең?

      Қоңыр-қоңыр ой өрбітіп санамнан,
      Жақпар-жақпақ құздарыңнан нәр алғам.
      Менде бары еркіндік пен құштарлық,
      Мен солардан жаралғам.

Ебіл-дебіл ақтарсам да сырымды,
Ағыл-тегіл кім түсінер мұңымды.
Мен кеткен күн ескі жаққа жол алып,
Төгіп-төгіп жіберерсің жырыңды.

      Өксіп-өксіп ол жылайды сол күні,
      Толқып-толқып көл жылайды сол күні.
      Нөпір-нөпір ел жылайды сол күні,
      Мөлт-мөлт етіп Сен жылама сол күні.

Пікір үстеу