
Өз соқпағын тапқан талант
Қазақ әдебиетінің тарихына көз жүгіртсек, әр кезеңнің өзіне тән көркемдік ұстанымы мен рухани мұраты болғанын көреміз. Абай заманындағы поэзия ұлттың ой-сезімін оятуды мақсат етсе, Мағжан кезеңі адам жанының терең иірімдерін ашуға ұмтылды. Мұқағали жырлары адам мен тағдыр арасындағы мәңгілік байланысты бейнелесе, Тыныштықбек пен Серік Ақсұңқарұлы шығармашылығы тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ рухының күрделі болмысын көрсетті.
Осы әдеби үдерістің заңды жалғасы ретінде қалыптасып келе жатқан ақындардың бірі – Алтынбек Елемесұлы.
Алтынбек бауырдың шығармашылығына шәкірт кезеңінен назар аударып келемін. Қысқа қайырсам, мен үшін Алтынбектің қаламгерлік болмысы – бір төбе, дара.
Оның шығармашылығы бүгінгі қазақ поэзиясының ең өзекті ерекшеліктерін бойына жинақтаған. Бір жағынан ұлттық дүниетаным мен дәстүрлі поэтикалық негізге сүйенсе, екінші жағынан қазіргі заман адамының рухани жалғыздығын, өркениеттік дағдарысын, тарихи жадысын және ішкі психологиялық қайшылықтарын жаңаша бейнелейді.
Алтынбек поэзиясын оқығанда ең алдымен көзге түсетіні – оның өзгеге ұқсамайтын ойлау жүйесі. Ол оқиғаны емес, көңіл күйді жырлайды. Құбылысты емес, құбылыстың адам жанындағы жаңғырығын суреттейді. Сондықтан оның өлеңдері сыртқы әрекеттен гөрі ішкі қозғалысқа негізделген.
Ақын және жалғыздық: рухани мифтің қалыптасуы
Әлем әдебиетінде ақын тұлғасы көбіне жалғыздық ұғымымен қатар қарастырылып келеді. Байронның қаһармандары, Лермонтовтың Печорині, Мағжанның лирикалық кейіпкері немесе Мұқағалидың мұңлы жүрегі – бәрі де жалғыздық феноменімен байланысты. Алтынбек поэзиясында да бұл тақырып орталық орынды алады.
«Ақынды іздеу» өлеңіндегі:
«Ай жалғыз…
Ақын жалғыз…
Құдай жалғыз…» – деген үш тармақ ақынның эстетикалық бағдарламасы іспетті. Бұл жерде жалғыздық әлеуметтік оқшаулану емес. Бұл – рухани мәртебе.
Ақын өзін әлемдегі жалғыз құбылыстардың қатарына қосады. Ай – аспанның жалғызы. Құдай – ғаламның жалғызы. Ақын – сөз әлемінің жалғызы. Мұндай пайым қазақ поэзиясында сирек кездеседі дер едім.
Ақын әрі қарай:
«Ол менің – жалғыздығым!
Жалқы күнім!» – деп өрбітеді.
Мұнда жалғыздық трагедия ғана емес, ақындық болмыстың басты шарты ретінде көрінеді.
Бұл тұрғыдан Алтынбектің поэзиясы Мағжан шығармашылығымен үндеседі. Алайда Мағжанның жалғыздығы романтикалық сипатта болса, Алтынбектің жалғыздығы – урбанизацияланған қоғамдағы рухани тұлғаның жалғыздығы.
Урбанистік поэзия және қазақы сананың қақтығысы
Қазіргі қазақ поэзиясында ауылдан қалаға көшкен ұрпақтың ішкі драмасы жиі көрініс тауып жүргенін байқаймын. Алтынбек осы құбылысты ерекше дәлдікпен бейнелей алған. «Елегізу» өлеңі – соның жарқын мысалы.
Өлеңдегі:
«Кептеліс…
Тас көше…» немесе
«Бағдаршам…
Сары түс…» – сияқты жолдар қазіргі қалалық өмірдің нақты белгілерін көрсетеді. Тереңнен зерделеп көрсек, ақын бұл детальдарды жай суреттеу үшін қолданбайды. Олар адамның ішкі күйінің көркем баламасына айналады.
Өлеңдегі ең әсерлі жолдардың бірі:
«Қара асфальт қажаған табанды
Жусанмен жусам ғой жап-жасыл…»
Мұнда екі әлем қақтығысады. Асфальт – өркениет. Жусан – ұлттық тамыр. Асфальт – қазіргі өмір. Жусан – мәңгілік құндылық. Осы қарапайым ғана образ арқылы ақын тұтас дәуірдің рухани драмасын көрсетіп отыр. Бұл ерекшелік жағынан оның шығармашылығы Серік Ақсұңқарұлы поэзиясымен үндеседі. Екі ақын да ауылды географиялық кеңістік ретінде емес, рухани мекен ретінде бейнелейді.
Философиялық лириканың жаңа үлгісі
Алтынбек Елемесұлы шығармашылығындағы ең күшті қырлардың бірі – философиялық ойды поэтикалық бейнеге айналдыра білу қабілеті. Бұл әсіресе «Тыныс белгілері» өлеңінде анық көрінеді.
Қазақ поэзиясында өмір туралы толғаныстар аз емес. Алайда тыныс белгілерін адам тағдырының моделі ретінде пайдалану – тың шешім.
«Өмірге келген күнім –
Леп белгісі!» – деген жолдың өзінде үлкен концепция жатыр.
Ал:
«Туған жыл мен өлген жыл ортасында
Тұрған тире – бұл біздің қысқа жалған!» – деген тармақтар қазіргі қазақ поэзиясындағы ең сәтті метафоралардың бірі деуге болады. Мұнда философия мен поэзия табиғи тоғысқан. Оқырман өмірдің мәні туралы ұзақ трактат оқымайды. Бірақ бір ғана тире арқылы бүкіл ғұмырдың өткіншілігін сезінеді. Меніңше, ойлы һәм үлкен мазмұнға үйлестірілген поэзия дегеніміз осы.
Тарихи жад және ұлттық трагедия
Ұлттық тарих тақырыбы – Алтынбек шығармашылығының маңызды арналарының бірі. Соның ішінде «Бір үзім нан» шығармасы – тынысы кең туынды. Мұнда ашаршылық, қуғын-сүргін, лагерьлер қасіреті бейнеленеді.
Ақын:
«Қойнауында уақыттың қанға бөккен
Бір тарих бар.
Атауы – бір үзім нан» – дейді. Бұл жерде бір үзім нан физикалық қажеттілік емес. Ол – халық қасіретінің символы. Ақын ХХ ғасыр трагедиясын бір ғана детальға сыйғыза алған. Бұл тәсіл әлем әдебиетіндегі символистік поэтикаға тән.
Алтынбек енді бір тармақта:
«КарЛагтың мекенжайы – Қазақстан» – деп жаза отырып, тарихи шындықты ашық айтады. Алайда өлең құрғақ публицистикаға айналмайды. Себебі автор тарихи фактілерден бұрын адамның жан жарасын көрсетеді. Осы қасиеті арқылы шығарма әдеби құндылыққа айналған.
Алаш идеясы және ұлттың рухы
«Алфавит» – ақынның тарихи санасының биіктігін көрсететін туындылардың бірі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған бұл шығарма сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, астарында үлкен идея жатыр.
«А – Алаш…
Ә – Әлихан…
Б – Бостандық…»
Бұл жолдар жай әріптер тізбегі емес. Бұл – ұлттық азаттық қозғалысының поэтикалық формуласы. Ақын алфавиттің өзін ұлт тағдырының картасына айналдырады. Мұндай көркемдік шешім қазіргі қазақ поэзиясында сирек кездеседі.
Абай дәстүрінің жалғасы
Алтынбек шығармашылығының тағы бір маңызды қыры – Абай әлемімен рухани байланысы. «Ибраһим» өлеңі осының айқын дәлелі.
Ақын:
«Қазақпын десең күллі әлем
Абай деп таниды,
Абайлап сөйле сондықтан
Қазақпын дегенде» – деп жырлайды. Ал бұл жолдар кездейсоқ туған жоқ. Алтынбек үшін Абай – өткен ғасырдың ғана тұлғасы емес. Ол – ұлттық рухтың өлшемі. Осы тұрғыдан қарағанда Алтынбек поэзиясы Абай дәстүрінің жаңа заман жағдайындағы жалғасы ретінде көрінеді.
Уақыт пен мәңгілік арасындағы ақын болмысы
Алтынбек жырларында уақыт категориясы ерекше орын алады. Мысалы, «Уақыт» өлеңінде:
«Уақыт дегенің – сәт қана…» – деген қарапайым жолдың өзінде үлкен философиялық астар бар. Ол уақытты сағат тілімен ғана өлшемейді. Уақыт оның өлеңдерінде тағдырға айналады. Кейде жауға айналады. Кейде адаммен бірге мұңаяды. Бұл жағынан оның шығармашылығы Мұқағали поэзиясымен үндес. Екеуі де уақытты тірі құбылыс ретінде қабылдайды.
Алтынбектің көркемдік шеберханасы
Алтынбек Елемесұлы поэзиясының басты көркемдік ерекшеліктері деп символдық ойлауды, күрделі метафораларды, ішкі монолог тәсілін, еркін ырғақ элементтерін, урбанистік образдарды, ұлттық дүниетанымның заманауи интерпретациясын, философиялық тереңдікті атар едім. Оның өлеңдерінде қара қарға, ай, жусан, бағдаршам, сағат, қасқыр сияқты образдар жиі қайталанады. Әлбетте, тереңдей үңілген адамға бұл қайталанулар кездейсоқ еместігі бірден белгілі болады. Бұлар – ақынның өзіндік мифологиясын қалыптастырушы алғышарттар. Мәселен, қасқыр образы еркіндіктің символына айналса, бағдаршам тағдырдың белгісіндей көрінеді.
Шынайы әдеби талдау жетістіктермен қатар кемшіліктерді де көрсетуі керек қой. Менің талғамым аңғарған бір дүние – Алтынбек шығармашылығында метафоралардың шамадан тыс қоюлануы. Кейбір өлеңдерді бірнеше қайтара оқымайынша толық түсіну қиын. Мүмкін бұл да өзіндік мақсат болар.
Кейде ақын образ жасауда эмоциядан бұрын интеллектуалдық шешімге сүйеніп кететін тұстары да баршылық. Соның салдарынан кейбір туындыларда жүрек жылуынан гөрі ой салмағы басым түседі. Дегенмен бұл кемшілік емес, ақынның эстетикалық таңдауы деп түйемін. Өйткені күрделі поэзия әрдайым күрделі қабылданады.
Алтынбек Елемесұлы – қазіргі қазақ поэзиясындағы өзіндік көркем әлем қалыптастырып келе жатқан аса дарынды ақын.
Оның шығармаларында жалғыздық философиясы, ұлттық жады, уақыт трагедиясы, тарихи сана, туған жерге деген сағыныш және адам жанының терең иірімдері тоғысқан. Мен үшін Алтынбек ақынның басты жетістігі – өз дауысын таба білуі. Бүгінгі әдебиетте өзгенің ізімен жүрушілер көп. Ал Алтынбек поэзиясы ешкімге ұқсамайды, өзіндік дара соқпағы бар. Бұл – нағыз ақынға тән қасиет.
Қорыта айтарым, Алтынбек Елемесұлы шығармашылығын қазіргі қазақ поэзиясындағы маңызды көркемдік құбылыстардың бірі ретінде бағалауға толық негіз бар.
Асыл ӘБІШЕВ.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ
Ақынды іздеу
(Әділ Ботпановқа)
Ай жалғыз…
Ақын жалғыз…
Құдай жалғыз…
Құлдилайды… аумайды құмайдан күз.
Жүрегімнің есігін айқара ашып,
Айға қарап тағы отыр мұңайған қыз…
Ол менің – жалғыздығым!
Жалқы күнім!…
Суық сезім. Сөнген от. Салқын үнім…
Тас жүрегім, о, Тәңірім, тоқтатпады
Алқымынан алғанда алқынуың.
Ақындардың барлығы жарадар ма?…
Айтшы, ағатай…
Сөз ұғам сана барда.
Жарқ етеді төбемде жарық жұлдыз…
Қарқ етеді төменде қара қарға…
Ал мен аға…
Дәл осы екі арада
Шабыттансам, сыймаймын шекараға!
Қара өлеңім қараңғы түнде туған
Сіз жаққа бет ала ма?..
Кімді іздейді…
Қара өлең қара түннен?…
Қанатым кем. Бірге ұшып баратын мен
Қабырғаға қамалдым. Жырым кетті
Қаны – қара сиядан, тәні – әтірден.
Ақ пен қара.
Бақ пен сор.
Жер мен аспан.
Шекер бар ма шайырға шерден асқан?…
Жұмыр жердің көздері тас жұмулы…
Жоқ әлде, Мен бе адасқан?…
Адастым ба?…
Кім қалды көшке ілескен?…
Атаукере ас болды доспен ішкен.
Жаңбыр жауса сіз бе деп, жаутаң қағар
Қос жанары жаңбырлы қос періштең.
Сүйінші, аға!
Жарыққа шықты жинақ!
Жерде жұртты, аспанда бұлтты жинап…
Жарқ етші аға, жарыққа шығар тұста
Сәулесінен ақ айдың сүт құйылмақ!
Жарқ етші, аға!
Қара түн қарсы айрылып,
Тағасы алтын көсілсін таң – сәйгүлік.
Алты қарыс азуың айға білеп,
Абадандар арманын аңсайды ұлып…
Мына дала..
Қызғалдақ гүлсіз де әулие!
Жырсыз бәйге өтуде… Үнсіз дәурен…
Қазақ Сізді іздеп жүр, Әділ аға
Сіз Қазақты таба алмай жүрсіз бе, әлде?…
Батофобия
Жолы жығуға неге осы жатық қаланың?…
Жығылып қалсаң, қарамас Уақыт, қарағым!
Мендегі мұң мен қайғының түбі көрінбейді
Батып барамын!….
Ақылым – ояу!
Басымнан сыйпап, ұйықтады…
Жүгі ауыр дейді жалғанның – шиқан иықтағы!
Менің жанымды түсінеді, жандардың бәрі –
Титаниктағы!…
Өмірге ғашық баланың – ашық қабағың
Соқыр да көрер…
Жүрегін ашып қарағын!
Шыңырауға батқан шындықты құтқарамын деп,
Машықтанамын!…
Өшің бар алар, жекпе-жек,
Сенің де Өмірден!
Өшім бар алар,
Бетпе-бет, менің де Өмірден.
Белшеден баттым күнәға, қайғы-мұңым да
Кеңірдегімнен….
Жалқы! – деп жалпы…
Жалғанның жалғаған әнін…
Таң атты тағы!
Қалайша таң қалмағаның?!
Тал бесігімнен жеткенше жер бесікке мен…
Тал қарманамын!…
Жүре алар емеспін…
Жүрдек күн батып бара ма?…
Батармын мен де…
Салайын уақытты араға!
Такси тоқтатшы!
Мінекей!…
– Қайда барасың?
– ……. “Бақытханаға!”…
Тыныс белгілері
Келмейді екен келмеске кеткен кісі
Өкпесі мен қалса да Өткенде ісі.
Тыныс белгі – тыныстап жүргендігім,
Өмірге келген күнім – леп белгісі!
Әрбір атқан таңдарға шүкір! – деп ек
Арқада жүк!…
Ойлама бүкір ме? – деп.
Дамыл таппай даурыққан күндеріме
Дабыл қақпай қояйын…
Үтір керек!
Бабаларым байлықты боқтық деген
Жырым ашық. Сырым да жоқ бүктеген.
Нүкте қойма өзіңе! Жазмышыңды
Өмір өзі аяқтар көп нүктемен…
Күліп кеткен адамдар, жылап келді
Жылап кетсе…
Алласы сыңақ берді.
Сұрақ алар күн туар, ары қарай
Өмір деген біздерге – сұрақ белгі!
Жақшадан шық, жағаңнан ұстап алған
Қуаныштың барлығы тыста қалған…
Туған жыл мен өлген жыл ортасында
Тұрған тире – бұл біздің қысқа жалған!
Елегізу
Бағдаршам…
Кептеліс…
Тас көше…
Тұра тұрар орнында тратуар…
Аяғының астына бас төсеп,
Басыңды көтерер саты бар!…
Сабылыс…
Тіршілік…
Күн көру…
Шалғында… арманы шалдың да.
Сағыныш кернесе, күнде өлу –
Өлмейтін күндердің алдында.
Өмір ғой…
Өмірдің заңы бұл!…
Бәріміз білеміз шындығын!…
Бәріңе, шынында бәрібір
Сен өлсең бақытты күн бұрын!…
Кең даңғыл…
Көліктер көкпары…
Қаланың бұлты да жылауық…
Сағыныш!…
Сенен де жоқ дәрі!
Аңсарым ауылға тұр ауып…
Ауылдың, ән салып оятқан
Құстары – кәсіби әншілер!
Далаға жібермес аяққа
Қалада тағылған әр шідер!
Тыныштық…
Бар – жоғы тілеймін,
Басқаның керегі шамалы…
Бағдаршам. Сары түс. Үрейлі
Көздерің бір қысып қарады…
Сары түс – сағыныш дейді осы
Суретші сақалы боялған…
Тыныштық, сен келіп сөйлеші
Үнсіздік мендегі оянған…
Ауылды сағындым. Қалада
Дін аман кім бар күнәдан?…
Жалаға батқанды налаға
Батырады жолдар шұбалаң!…
Ауылға тартқым-ақ, келіп тұр.
Сүріндім. Жығылдым. Үгілдім.
Бозбала күндермен теріп гүл,
Боз ала таңдарға жүгірдім….
Сағыныш билейді санамды
Қарсы алып ауылда таңды асыл!
Қара асфальт қажаған табанды
Жусанмен жусам ғой жап-жасыл!
Ауылға ұшып-ақ, барар ем…
Жолы мен түтіні түп-түзу…
Жібергісі келмейді қала мен
Бағдаршам…
Көздері қып-қызыл….
Синоптик
Аспаны ашық балауса күннің
Түсі де көгілдір еді.
Арасынан кеп, алау сағымның
Түсіме өңім кіреді.
Ажалдың сезем алыстан күйін
Қорқыттың қосқан қобызын.
Тоғызын білген данышпан – миым
Білмейді тоқсан тоғызын.
Білмеймін қашан ата атанамын,
Қария шақтың қайда ауылы?
Жаным шөл даласы Атакаманың
Бір тамшы жасқа байлаулы.
Оңынан туар қай кезде күнім?…
Он күн де шикі сыңайлы.
Түн баласы ма, айкезбе – жырым
Ұйқасы ұйқысырайды?!…
Жақсы болады жаман ұлдарың
Түсімді жорып бақсы әлек…
Шыңдарын биік Джомолунгманың
Шындықтарыма ақ шәлі ет!
Жүректің соғар сағаты қанша?…
Тілдері сынған…. Тіл тиген.
Жырымды менің таң оқымағанша
Шықпайтын еді бұлт үйден.
Бақытым жасыл бауын жасырды…
Сарғайған қарағайына.
Жанарым – жасын, жауын шашынды
Қолайсыз ауа райы ма?!…
Ибраһим
(Абай Құнанбайұлына)
Хақ Тәңірім!…
Жырымның басында тұрады!
Жыр үшін ақын – түн іші…
Басын қатырады!
Беу, баба Сізге бір бөлек арнау бастадым,
Аударып тастап адамнан ғасырға күнәні!…
Атыңды ақындар…
Затыңды ғалым да ақтарады!
Хатың жазылған, халқыма жалынды ақпар әлі!
Қайғысы қалың қазағым, жұтап қалды ма екен?…
Кітаптары да күн сайын қалыңдап барады!
Бесін ауғанда айналар бесік – ат арбамға!
Шапаның “шолақ күн” алған шешіп атамнан да…
Үшкіріп берген қазаққа, перзентің Аллам
Үш қайтара пайғамбар есімі аталғанда!…
Қара өлең туған…
Қара сөз…
Қара шаңырақта!…
Қазақтың ӨЗІ туған ғой, қарасам жыраққа!
Әлем танысып қазақтың әдебиетімен
Талай сөз қалған, Құдай-ау, таласа құлаққа!
Таудан да биік тұғыр бар, ғажап мінбеден де
Атан үстінде арнайтын азат күнді өлеңге!…
Қазақпын! – десең күллі әлем Абай деп таниды
Абайлап сөйле сондықтан қазақпын дегенде!
Жүрегіме жамап тілегің, құлақтан асырдым…
Жырдың қаншасың біледі кітапхана, сырдың?…
Өмірбаяным – өлең боп қалар ма менің?…
Бір апта есіңде қалмайды бірақ та ғасырдың!…
Қазақтың туын қарасам, күн ілмек қыраны!
Дүлдүлі, дүние-ай… бір күні дүбірлеп, тынады!
Ибраһим бабам, иллахи, естисің бе ақыным?…
Ақылың…
Ақырын…
Ақыры-ы-ы-ы-ын…күбірлеп тұрады:
– Абай болыңдаршы!
Бір үзім нан
Зұлмат күннің кешегі түбі – зындан
Басталғаны белгілі тілі ұзыннан.
Қойнауында уақыттың қанға бөккен
Бір тарих бар.
Атауы – бір үзім нан.
Өкіндірді е, қанша өкім бізді?!
Жел жетектеп кеткенде соқыр күзді
Бауырыма басам деп, тақымға алып,
«Тақырбас шал» тақырға отырғызды.
Ары қарай тарихым тіпті қызық
Кезек күтіп қалғандай жұт тізіліп.
«Еңбекпен түзетем» деп, ептісін-ай,
Етпетімнен құлатты «мұртты мұжық».
Жұтаған жұрт соңынан «тәртіп» еріп,
Жалбарындық, жалдандық, нәр тіледік!
Дүниені тәрк етіп кеткендер көп
Дүние мүлкі кеткен соң тәркіленіп.
Боз жусаны үзілген даламыздың
Бозарған өңі қалды. Қара, бізді
торға апарып тоғытты, тоқпақ ұрып
Сүйек торып үйренген «қара құзғын».
Кей істерін сынаған «кейіпкердің»
Қаншама жан тағдырын қиып берді.
Қапастардың қаланды қаншасы елде
Қабырғасы құлады бейіттердің…
Айдалдық, айдалаға қаштық алыс
Айсыз түнде даланың қасқыры ауыш.
Құлағымнан кетпейді, жаңғырық па?
Аш адамнан үздіккен ащы дауыс.
Керегі не жарамды таңып, қажау
Сұғанақ қол жеріме салыпты ожау.
«КарЛаг»-тың мекен жайы – Қазақстан –
Ұлтым деп туған жандар – халыққа жау!
Жерде жатпас көсемнің мұрты қырған
Жер жаһанның тең жарты жұрты құрбан.
Қойнауында уақыттың қанға бөккен
Бір тарих бар.
Атауы – бір тілім нан…
Алфавит
(Ахмет Байтұрсынұлына)
Қарауыл…
Қосауыз…
Шүріппе…
Сұр бөлме. Тар қапас. Суық дем.
Күдікке ілінген алғашқы
Арман ба?
Мақсат па?
Үміт пе?…
Мейлің, жарлы қыл, жынды қыл
Сынбай-ақ, көтерем сынды бұл!
Бір тағдыр – бір оққа тәуелді,
Бір секунд ішінде – бір ғұмыр!
Қазаққа болса егер қажеті
Жан пида! Өз жаным, өз етім!
…Жүгіріп барады Бостандық
Таратып «Қазақ» газетін.
Құлақта – Масаның ызыңы…
Көзді ашсам, қарауыл ұжымы.
«Халық жауы» да атандық
Ұлдары – қарақшы, қызы – ұры.
– Караууул!…
Қарауыл – атшабар
Сатылып кеткен бе, ақшаға Ар?…
Хат енді құтқармас, жазылған
Патшаның атына пәтшағар!
Қазақты түсінсін ол қайдан?
Сол үшін бұл тұрыс… сол майдан.
Кешқұрым… Естідім, о, несі?
Торғайдың шырылын Торғайдан.
Естідім…
Ал, енді ұғып көр?!
Үкім бар. Үкілі үміт бер! –
Тәңірім ойымда, оянсам
Шүріппе.
Сұқ саусақ.
Суық тер!
Қолымда, жолымда – арқан, ит
Барлығын көтерер дархан иық!
Ақылға көнбейді, пақырға
Оқыту керек алфавит!
А – Алаш…
Ә – Әлихан…
Б – Бостандық…
…
Жүрек
Не көрмеген бұл жүрек?
Нені ішпеген?…
Пәк болғысы келеді періштеден!
Сезімге ерік берсе, ереуілдеп
Келісті ойларыммен келіспеген!
Жек көріп те көрген ғой…
Ғашық та боп…
Ғашықта бар бұл жүрек, жасықта жоқ!…
Ми мен менің жүрегім – араздасқан!
Жүрегімді ал!…
Миымды ашытпа көп!…
Жүрегімді ал…
Тілегің тағы бар ма?…
Сағындырар күндердің сағымы алда!
Сүйіп өтші сен оны!…
Бұйым етіп,
Көлігіңнің кілтіне тағып алма!…
Шын айтамын!…
Ол
Ол тағы да келген жоқ…
Тағы күттім…
Тағы үміттің жерледім бір – екеуің!…
Мен Оны шынымен де сағыныппын,
Күнекей қыз білмейді – Күн екенің!…
Ол тағы да келмеді…
Сіз келдіңіз!…
Сөздерімнен шаршадым…аяғы ұзақ!
Үздіккен дем…
Жанардан үзген күміс…
Бұл баянсыз ертектің Баяны – жат!
Сен де келдің…
Келмеді Ол тағы да…
Қорқады ма?…
Жануға – өрті құштар!…
Жасағаннан жасасақ қорқа күнә,
Күнәсіз сезімде де қорқыныш бар!
Ол келмейді…
Жоқ, әлде, келеді ме?…
Келсе – келер, бәрібір кетеді ғой!
Өз – өзіңді алдаудың керегі не?
Оны алдадың…
Осы да жетеді ғой!
Ол тағы да келмейді…
Күтем, бірақ!…
Келмейтінің білсем де…
Жол арбаған!…
Бос сұрақпен онсыз да бітеу құлақ,
Ол дегенің, Кім? – дейді олар маған….
Ол келеді…
Бір күні…
Ол күн туар!..
Алғаш көріп, боламын қайта ғашық!
Ол қыз десе – кілті жоқ, он құлпы бар
Есігім мен жүрегім айқара ашық!…
Ол туралы жайым жоқ елден сұрар…
Күтем үнсіз…
Әр басқан қадамы елес…
Ол тағы да келген жоқ…
Келген шығар…
Оған…
Маған емес!…
Уақыт
Шалғайға қуып жіберген шаттығымды Елес,
Тағдыр ойнайды атқылап жиі тастарымен…
Уақыт дегенің – сәт қана…сәтті күн емес,
Бақыт деген сөзбен де ұйқасқанымен!…
Баяғы заманнаң ақыры бар қай ағзаның да,
Тасы таусылса…басталар бұршақ атқан күн!
Құм көміледі…өмірдің аяқ жағыңда…
Аяғы аспаннан келгенде құмсағаттардың…
Демеңіз, неге пендеге балақ түріп ең?…
Топырақ салынса, көтерер бір уысты артық!…
Уақыт дегенің – тым өткір…
Сағат тілімен
Тілі ұзындардың кететін тілің қысқартып…
Табанға салар…дұшпанға таба қылғанша,
Әлемде бәрі – тісқаққан Әртіс құрметті!..
Өзгесі былай…
Өзімнің сағатым қанша?…
– Жиырма бестен… алпыс бір кетті!…
Әзірше – тең!…
Бөрісырғақ
Қалада нең бар?…
Даладан безіндің бе?
Қалаған нең бар?…
Қаланған тастардан мына…
Бөлтірігім – ау, өзіңді абадан сезіндің бе?
Мойынға асылады жанардан басталған күнә!…
Сенсіз де жетеді…
Қасқырдың екі аяқтылары!
Менсіз де жетеді…
Бұл жақтың ақындары Ұлы!
Ит аузын былғаған астауды итаяқ қылады,
Айтарың болса…
Жаныма жақындап, ұлы!
Долы дауыл ма?…
Боран ба?…
Бөрісырғақ па?…
Аш құрсақ әлде арқандап әкелді ме екен?…
…Тірісің сарсаңға салуда, өлісің қапқа
Қосауыздардың біреуі жөтелді ме екен?!…
Қалада нең бар?
Кептеліс…
Көлік түнерген.
Мылтық асынғандар асыға құрмақшы майдан.
Бөрібасардай иті көп бөріктілерден
Көксеректерге табайын Құрмашты қайдан?!
Бір ұлып алсың…
Ит тірлік үріп көмеді…
Жасанды емес қой даланың көктемі жасаң!
Машинаның да дәуірі туып келеді…
Ашинаның да аңызы өткелі қашан…
