
Қазақстан цифрлық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізудің жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат алдағы жылдардағы еліміздің технологиялық жаңғыруының басты бағдарына айналмақ.
Жаңа стратегияны қарапайым цифрландыру бағдарламасы деп қабылдауға болмайды. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы, әлеуметтік саланы, білім беруді, денсаулық сақтауды, өндірісті, қауіпсіздікті және жалпы қоғамдық өмірді деректер мен жасанды интеллект негізінде қайта құруға бағытталған кешенді құжат.
Бұған дейін Қазақстан электрондық Үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер, цифрлық құжаттар, мобильді қосымшалар мен мемлекеттік сервистер бағытында бірқатар табысты қадам жасады. Ендігі мақсат – жеке-жеке қызметтерді автоматтандырудан елдің тұтас цифрлық архитектурасын қалыптастыруға көшу.
Цифрлық мемлекеттен – интеллектуалды мемлекетке
«Digital Qazaqstan» стратегиясының ең маңызды ерекшелігі – жасанды интеллектіні ел дамуының негізгі құралы ретінде қарастыруы. Бұған дейін цифрландыру көбіне қызмет көрсету мерзімін қысқарту, құжат айналымын жеңілдету, порталдар мен қосымшаларды дамыту аясында түсіндіріліп келсе, жаңа кезеңде деректер, алгоритмдер және жасанды интеллект мемлекеттік шешім қабылдаудың өзегіне айналмақ. Тереңіне үңілген адам, бұл үлкен сапалық өзгеріс екенін ұғына түседі.
Егер бұрын азамат белгілі бір қызмет алу үшін өтініш беріп, құжат жинап, бірнеше мекемеге жүгінуге мәжбүр болса, енді мемлекет азаматтың өмірлік жағдайын алдын ала болжап, қажетті қолдауды проактивті түрде ұсынуға ұмтылады. Яғни, мемлекет азаматтың соңынан жүретін емес, азаматтың қажеттілігін алдын ала түсінетін сервистік жүйеге айналуы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, «Digital Qazaqstan» – технология туралы ғана емес, мемлекеттік басқару мәдениетін өзгерту туралы маңызды құжат.
Үш негізгі бағыт
Жаңа Стратегия негізгі үш ірі бағытты қамтиды. Қал-қадірінше тарқатып көрейік.
Бірінші бағыт – азаматтар мүддесі үшін цифрландыру. Мұнда басты назар адамның өмір сапасына аударылады. Әлеуметтік төлемдер, денсаулық сақтау, білім беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, балалардың дамуы, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер – бәрі-бәрі біртіндеп дербестендірілген жүйеге көшеді.
Мысалы, әлеуметтік салада азаматқа тиесілі қолдау шаралары оның өзі өтініш түсіріп, сұраныс жасамай-ақ ұсынылуы керек. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект аурулардың алдын алу, дәрі-дәрмек қорын басқару, медициналық тәуекелдерді ерте анықтау бағытында қолданылмақшы. Білім беруде әр баланың қабілеті мен даму ерекшелігіне сәйкес жеке оқу маршрутын қалыптастыру көзделіп отыр. Білім беру бағытындағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін бұған дейінгі сараптамады тарқатып жаздық та.
Бұл мәселе – әсіресе жас ұрпақ үшін маңызды. Өйткені жаңа дәуірде цифрлық сауаттылық қарапайым қосымша дағды емес, негізгі өмірлік қажеттілікке айналады. Ол сөзсіз. Стратегияда халық арасында генеративті жасанды интеллектіні меңгеру деңгейін арттыру, өңірлік IT-мектептер мен академиялық ортаны дамыту мәселесі де кеңінен қамтылған.
Екінші бағыт – бизнес пен жаңа экономика мүддесі үшін цифрландыру. Бұл жерде әңгіме экономиканың нақты секторын терең технологиялық жаңғырту туралы болып отыр. Агроөнеркәсіп, құрылыс, қаржы, мұнай-газ, логистика, энергетика, шағын және орта бизнес – барлығы жасанды интеллект, цифрлық тандемдер, интеллектуалды платформалар және автоматтандырылған талдау жүйелері арқылы жаңа деңгейге көтерілуі тиіс.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды қысқартуға, өндіріс сапасын жақсартуға және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт – мемлекеттік аппаратты жаңғырту. Бұл бағыттың мәні – бөлшектенген ведомстволық шешімдерден бас тартып, деректерге негізделген біртұтас басқару жүйесін қалыптастыру. Мұның тиімділігін айтып жату артық шығар. Мемлекеттік органдардың қайталанатын функцияларын қысқарту, әкімшілік процестерді автоматтандыру, нормативтік-құқықтық актілерді модельдеу, бюджет қаражатын жоспарлау мен бақылауды цифрлық жүйеге көшіру – осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі. Мықты ма? Мықты, әрине.
Десек те, жасанды интеллект мемлекеттік қызметкерді алмастыру үшін емес, басқару сапасын арттыру үшін қолданылуы тиіс. Ең бастысы – шешім қабылдаудағы адами қателікті азайту, деректерге сүйену және ашықтықты күшейту.
AI Economy Stack: жаңа технологиялық қалып һәм келбет
Мемлекет басшысы бекіткен Стратегияда жасанды интеллект экономикасының толық экожүйесін қалыптастыру міндеті қойылған. Бұл жүйе бес деңгейден тұрады: энергетика мен инфрақұрылым, есептеу қуаттары, деректер мен үлкен тілдік модельдер, цифрлық платформалар және қолданбалы жасанды интеллект сервистері.
Мұндай тәсіл кездейсоқ таңдалған жоқ, дейді мамандар. Бүгінде әлемде жасанды интеллект саласында алға шыққысы келетін мемлекеттер тек бағдарламалар мен қосымшалар жасаумен ғана шектеліп қалғысы жоқ. Олар ең алдымен энергия көздерін, деректер орталықтарын, суперкомпьютерлік қуаттарды, ұлттық тілдік модельдерді және қауіпсіз цифрлық платформаларды қатар дамытып жатыр. Біздің елдің өзгеден несі кем? Еш кемдігі жоқ әрі біздің мүмкіншіліктер әлдеқайда мол. Сайып келгенде, Қазақстанның барлық бағыттар бойынша да артықшылығы көзге ұрып тұр. Елде энергетикалық ресурс, кең аумақ, инфрақұрылымдық әлеует, дамып келе жатқан IT-нарық және адами капитал бар. Не керек? Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді бір бағытқа жұмылдыру.
Екібастұздағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы»
«Digital Qazaqstan» стратегиясындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Павлодар облысында, нақтырақ айтсақ, Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы.
Бұл бастама Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі ірі цифрлық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған болатын. Мұндағы ауқымды жер қоры, электр энергиясының бәсекеге қабілетті бағасы және есептеу қуаттарын кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігі осы жобаның негізгі артықшылықтары ретінде аталады.
Қазіргі таңда 300 МВт қуат қолжетімді болса, алдағы уақытта оны 1 ГВт-қа дейін жеткізу көзделген. Бұл – жасанды интеллект модельдерін оқытуға, үлкен деректерді өңдеуге, бұлтты сервистерді дамытуға және халықаралық технологиялық компанияларды тартуға мүмкіндік беретін аса маңызды база.
Осы аптада ғана еліміздің Үкіметі мен Firebird, NVIDIA секілді әлемдік технологиялық серіктестер арасында ынтымақтастық туралы келісімдердің жасалуы осы жобаның стратегиялық маңызын көрсетеді. Жалпы көлемі 10 миллиард АҚШ долларын құрайтын келісімдер Қазақстанның жасанды интеллект инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.
Егер бұл жоба толыққанды жүзеге асса, Екібастұз тек энергетика қаласы ғана емес, жоғары технологиялы цифрлық инфрақұрылым орталығы ретінде де таныла бастайды. Бұл Ертіс-Баян өңірінің экономикалық келбетін өзгертетін маңызды фактор болуы ықтимал.
Экономикаға әсері қандай?
Стратегияда жасанды интеллект пен цифрландырудың экономикалық өсімге нақты ықпал ететіні көрсетілген. ЖИ-ді жаппай енгізу, өнеркәсіпті, жер қойнауын пайдалануды, логистика мен энергетиканы цифрландыру нәтижесі қаншалықты болмақ дегенге келсек, бұл қадам арқылы 2029 жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнімге қосымша үлес қосады деп күтілуде.
Бұл жерде мәселе тек жаңа технология енгізуде емес. Негізгі нәтиже – еңбек өнімділігін арттыру, ресурстарды тиімді пайдалану, басқару шығындарын азайту, өндірістік тәуекелдерді төмендету және жаңа экспорттық бағыттар қалыптастыру.
IT-қызметтер экспортының артуы, кемінде үш отандық «unicorn» компаниясын жаһандық нарыққа шығару, қазақстандық технологиялық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту – стратегияның өршіл мақсаттарының қатарында. Үкімет мүшелері оған еліміздің әлеуеті әбден жеткілікті деп отыр.
Алайда бұл міндеттерді орындау үшін тек құжат қабылдау жеткіліксіз. Нақты жобаларды сапалы саралау, қайталанатын бастамаларды қысқарту, инвестиция тарту, кадр даярлау, заңнамалық ортаны бейімдеу және бизнеске түсінікті ынталандыру тетіктерін ұсыну қажет.
Шағын және орта бизнес үшін мүмкіндік
Жасанды интеллект туралы айтқанда біздің ойымызға көбіне көп ірі компаниялар, суперкомпьютерлер, дата-орталықтар және халықаралық корпорациялар келеді. Бірақ стратегияның табысты болуы шағын және орта бизнестің бұл өзгеріске қаншалықты қатыса алатынына да байланысты дейді мамандар
Бүгінде көптеген кәсіпкер үшін жасанды интеллект әлі де күрделі әрі қолжетімсіз құрал болып көрінеді. Оның себептері түсінікті: құзырет жетіспейді, дайын шешімдер аз, мамандар тапшы, нақты экономикалық пайдасы кейде айқын емес, бұлдыр болып көрінетіні. Үрей мен секемдену билеп алған. Сондықтан да тәуекел жасауға қорқақтайды.
Сондықтан мемлекет шағын және орта бизнеске жасанды интеллектіні енгізудің қарапайым, түсінікті және тиімді тетіктерін ұсынуы керек деп санаймын. Мысалы, салықтық ынталандыру, гранттық қолдау, дайын платформалар, оқыту бағдарламалары, салалық кеңес беру орталықтары және отандық IT-компаниялармен әріптестік жүйесі дәл қазір ауадай қажет.
Егер жасанды интеллект тек ірі компаниялардың құралы болып қалса, стратегияның қоғамдық және экономикалық әсері шектеулі болады. Ал егер ол шағын дүкеннен бастап ауыл шаруашылығы кооперативіне дейін қолжетімді құралға айналса, онда цифрлық трансформация шын мәнінде жалпыұлттық сипат алады.
Білім мен кадр мәселесі
Жаңа стратегияның ең маңызды тіректерінің бірі – адам капиталы. Өйткені кез келген технологияны дамытатын да, қолданатын да, бақылайтын да – адам.
Қазақстанға алдағы жылдары жасанды интеллект инженерлері, деректер талдаушылары, киберқауіпсіздік мамандары, робототехника инженерлері, цифрлық өнім менеджерлері, бұлтты инфрақұрылым сарапшылары және технологиялық құқық саласының мамандары қажет болады. Мұндай қажеттілік әлдеқашан туындаған.
Бұл ретте жоғары оқу орындары ғана емес, мектептер, колледждер, өңірлік IT-мектептер, қайта даярлау орталықтары да маңызды рөл атқаруы тиіс, әрине. Әсіресе өңірлердегі жастарға сапалы цифрлық білім беру – елдің технологиялық теңсіздікке ұрынбауы үшін қажет шарт.
Жасанды интеллект дәуірінде білім беру жүйесінің өзі де өзгеруі тиіс. Ескі үлгідегі дайын ақпаратты жаттауға негізделген білім моделі біртіндеп өз маңызын жоғалтады. Оның орнына сыни ойлау, дерекпен жұмыс істеу, шығармашылық, технологиялық сауат, этика және жауапкершілік алдыңғы орынға шығады.
Киберқауіпсіздік және дербес деректер
Цифрлық мемлекет дамыған сайын қауіпсіздік мәселесі де күрделене түседі. Жасанды интеллект, үлкен деректер, онлайн сервистер және бұлтты платформалар азаматтар мен бизнес үшін үлкен мүмкіндік ашқанымен, жаңа тәуекелдер де туғызады.
Сондықтан стратегияда киберқауіпсіздікке, ұлттық ақпараттық кеңістікті қорғауға, дербес деректердің сақталуына және маңызды инфрақұрылым объектілерін сыртқы қатерлерден қорғауға ерекше назар аударылған.
Бұл өте өзекті мәселе. Өйткені азаматтың мемлекетке деген сенімі цифрлық сервистің ыңғайлылығымен ғана емес, оның қауіпсіздігімен де өлшенеді. Егер деректер қорғалмаса, ашық-шашық дейтіндей күйде жатса, ең озық технологияның өзі қоғамда алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Сол себепті жасанды интеллектіні енгізу кезінде ашықтық, жауапкершілік, құқықтық бақылау және этикалық нормалар қатар жүруі тиіс.
Ақылды қалалар және қауіпсіз орта
2000-шы жылдардың ортасын ала Павлодар билігі Усолка шағын ауданынан «Ақылды қала» жобасын жасаймыз деп бағдарлама қабылдады. Сол тұста «ақылды қала» термині туралы онша ұғына қоймағандар мұны «осы біздің билік түсініксіз, болмайтын іспен айналысады үнемі» деп жазғырған еді. Ол тұста «жасанды интеллект» деген тіркес біздің қоғамда атымен жоқ еді. Бірақ, сол кездің қолда бар технологиялық мүмкіндіктері мен болашақ дамудың мүмкіндіктері әбден ескеріліп, нәтижесінде Усолка ауданы айтарлықтай жаңа келбетке ие болды. Қазір бұл аудан қаладағы барынша дамыған аумақ болып саналады. Әлі де дамып келеді. Сондықтан да жаңа технологияның мүмкіндіктеріне сеніммен қарап, оны игеруге, көштен қалып қоймауға назар аударғанымыз абзал болып тұр.
Жаңа Стратегия аясында ақылды қалалар стандарттарын дамыту да көзделген. Қалалық инфрақұрылым, қоғамдық қауіпсіздік, көлік, бейнеаналитика, коммуналдық қызметтер және төтенше жағдайларға әрекет ету жүйелері жасанды интеллект арқылы тиімді басқарылуы мүмкін.
Мақсат – оқиғаларға әрекет ету уақытын қысқарту, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру. Алайда бұл бағытта да тепе-теңдік қажет. Қауіпсіздік пен азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау құқығы қатар қорғалуы тиіс. Ақылды қала жобасы адамды бақылаудың шектен тыс құралына айналмай, керісінше, адамға қызмет етуі қажет.
Стратегияның басты мәні
«Digital Qazaqstan» стратегиясының басты мәні – Қазақстанды тұтынушы цифрлық мемлекеттен өндіруші, жеткізуші технологиялық мемлекетке айналдыру. Яғни, ел дайын шетелдік платформаларды ғана пайдаланатын емес, өзі де деректер орталықтарын құратын, жасанды интеллект модельдерін дамытатын, IT-қызмет экспорттайтын, стартаптар өсіретін, технологиялық өнім шығаратын мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – өте күрделі, бірақ қажет таңдау.
Қазіргі әлемде технологиялық артта қалу экономикалық артта қалумен тең. Ал жасанды интеллект дәуірінде бұл алшақтық бұрынғыдан да тез ұлғаюы мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін цифрлық жаңғыру – сән немесе уақытша науқан емес, ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі шарты. Бұл оқыған, білімді, техниканың тілін білетін, ғылыми әлеуеті жоғары жастарымыздың қолында тұр.
Қорыта айтсам, 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы – Қазақстанның алдағы жылдарға арналған технологиялық даму картасы. Ол елдің цифрлық мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтеруді, жасанды интеллектіні экономиканың негізгі салаларына енгізуді, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуды және азаматтардың өмір сапасын арттыруды көздейді.
Бұл стратегияның табысты болуы бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, нақты жобалардың сапалы орындалуына. Екіншіден, кадр даярлау жүйесінің тиімділігіне. Үшіншіден, бизнес пен мемлекеттің серіктестігіне. Төртіншіден, киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау деңгейіне. Бесіншіден, өңірлердің бұл үдерістен шет қалмауына.
Әлбетте, Қазақстан үшін бұл үлкен мүмкіндік. Егер Стратегия қағаз жүзіндегі жоспар күйінде қалмай, нақты іске асса, еліміз алдағы жылдары Орталық Еуразиядағы ірі цифрлық хабтардың біріне айналуы мүмкін.
Жасанды интеллект дәуірінде алға озатын елдер – технологияны сырттай бақылап отырғандар емес, оны өз дамуының өзегіне айналдырған мемлекеттер. «Digital Qazaqstan» осы жолдағы Қазақстанның стратегиялық таңдауы болып отыр.
Асыл ӘБІШЕВ.
