Түмэнбаяр ЦЭРЭНТУЛГАҚЫЗЫ

1959 жылы Улаанбаатарда туған. «Қарлығаш қанаты», «Кәлпе», «Төбелердің күбірі», «Құмалаққа түскен қасқыр», «Тәңірдің түсі», «Түнгі танго», «Күннің сыйлаған рухы», «Ақ сүт туралы аңыз» тағы басқа көптеген сахналық, экрандық туындылар мен кітаптардың авторы.

 

 

АҚ СҮТ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Әңгіме

Жан-жануар атаулы жадырап-жайраң қағарлық жаймашуақ жазғы күн. Сонау жырақтан жаңғырығы құлаққа талып жеткен айқай-сүрен естіліп, көкжиекке бозғылт шаң көтерілген. Омыртқасы опырылардай бебеу қағып толғатқан екіқабат екі бірдей келіншек. Үйдің оң жақ босағасында Ойрат Шарбаатардың жас ханымы Насан, оның тұсындағы сыртқы іргеде тұтқын келіншек. Ол екеуі керегенің көгін жұлып жіберердей жұлқылап безілдейді. Тұтқын келіншектің күйеуі Қалқа жұртының баһадүр сардары күні кеше ғана Шарбаатардың қылпылдаған қылышының жүзінде, ұлын құрсағында көтеріп жүрген жас ханымының көз алдында көз жұмған. Ойрат сардарының:

– Олжаланып келген ханымнан қыз туса, аман құтылады. Ұл туады екен, онда туа шөгеді. Менің ханымымнан шаңырақ иесі ұл туса, Қалқамен соғысуды тоқтатамын, – деп үн қатқан жарлығы келіншектерге жаңғырыға естіліп тұрғандай.

Насанның көз алдына аяусыз арпалысқан сарбаздардың буырқанған кейіп-кеспірі, құтырына шабуылдап, бірін-бірі қырып-жойған өткір қарулар астында жайрап, домалап түскен құрбы-құрдастарының таныс бастары келіп, ауыр жарақатына жаны қинала дөңбекшіп, аунақшыған, жанталасқан адамдардың құтқаруды дәметкен, лағынеттеп жанұшырған айқай-сүрені, у-шуы толғақ жиілеген сайын анық, айқын естіле берді…

Ханымның жаны мұрнының ұшына жеткенде еріндерін көгерте тістеніп, бет-жүзінен жаңбыр тамшысындай су моншақтап, арқасын бойлай аққан тер жұқа шапанының сыртын шылқыта денесін қаптады. Үйдің іргесінде толғатқан тұтқын ханымнан ұл ма, қыз ба, қандай бала туатынын көргелі күзетші екі күң қарауылдап тұр.

– Апа-а-а! – деп шыңғырғанда екі нәресте үн қоса шыр-шыр етті.

Жаңа ғана туған екі нәрестенің кіндігі кесіліп, буылған сәтте қыз тапқан Насанның көзі іргеде босанған келіншектің ұлына түсті. Шарбаатардың ханымы еңсесін көтеріп, қасында жатқан қызын қолына алып, әлсіреңкі үнмен:

– Моңғолжін! – деді.

Тұтқын келіншек ханымға қызғаныш көзін тастай сақтана қарап еді. Насан көкірегі бүлкілдей ентігіп:

– Сен екеуіміз ірге мен босағада етімізді езілтіп, сүйегімізді сықырлата ана болдық! Мә, менің қызымды сен ал! Әкел қане, ұлыңды! Сенде ұлыңның жанын құтқарарлық бұдан өзге амал жоқ. Қызымды өзіңнен туған перзентіңдей көріп, бауырыңа басып өсіргейсің… – деді.

Моңғолжін таңдана еңсесін көтеріп:

– Ол не дегенің? Күйеуің біліп қойса… – дегенше, Насан:

– Тездет! Біреу-міреу көрмес бұрын! – дегенде тұтқын ханым бірдеңе демек болып күмілжігенше болған жоқ.

– Міне! – деп қызын керегенің көзінен өткізіп, оның омырауына еппен тастап жіберді.

Моңғолжін де ұлын ауыстырып үлгірді.

…Далалық асырда екі мықынын тірене ойға шомып отырған Ойрат Шарбаатар қарсы алдына келіп етбетінен түсіп жалбарынып жатқан жалшысына ажырая қарап:

– Менің қатынымнан ұл туып, олжа қатыннан қыз туды деді ме? Айтқызған кім екен, сөйле! – деді мұқият ызбарлана.

Жалшы:

– Тақсыр, жас ханымыңыз Насан бикеден, – деді жеделдете жауап қатып, рахым күткен жалбарынышты жүзбен жаутаңдай, кірпік қақпастан телміріп.

Шарбаатардың жүрегі кеудесіне сыймай, қақ жара жарылып кетердей алара қарап:

– Мен оны өз көзіммен көруім керек, – деп дауысы бәсеңдей түсті де, қас-қабағын түйіп:

– Ат дайында! – деп бұйырды.

Шарбаатар астындағы аттың тізгінін ірікпестен бос салды. Қайыс қанжығалары салпылдай ұрғылап, түн ортасы ауғанда шайқас алаңынан аулаққа қондырылған жорық үйлерінің сыртына келіп жетті. Кекіл-жалы жалбырап деміккен қоңыр ала атының тізгінін тартып, жүгіре басып кетіп бара жатқан күңнен:

– Балалар қайда жатыр? – деді қаһарлана дауыстап.

– Анау үйде! – деп шағын киіз үйді нұсқап еді.

Шарбаатар ат үстінен қарғып түсіп, атын бос жібере салып, шоқтай жайнап тұратын қызыл үйдің есігін шалқасынан тастады. Дейтұрғанмен айналада не болып жатқанынан еш хабарсыз, бейжай, шырайында сызат құрлы да жоқ, алақандай ғана екі нәресте қатарласа алаңсыз ұйықтап жатыр екен.

Шарбаатар балаларға қарап қалт тұрып, аз-кем аңырып қалды. Секем алып селт еткен, әлденеден қорыққан, тамсана үрейленіп қызыққан, сенген, сенбегеннің қай-қайсысы да беймәлім, шарасынан шығардай алайған көзбен балаларға телміре, сақтанғандай ақырындап басып тақап барды.

Көкірегінің ішіне сыймай тыпырлағандай бұлқынған жүрегін барбиған саусақтарымен басқанда көмекейі бүлкілдеп, аяқтары дір-дір етті. Аш бүркіт аяқ астынан ақшұнақ аң көргендей ашқарақ көзбен ашулана қарап:

– Әне, бәсе! Опасыз жебесі омыртқамды опыра ататын ата жауымның күшігі туған екен ғой! – деп күбірледі.

Беліне асынған қылышының сабынан шап беріп ұстағанда самайының тамыры тарс та тұрс соғып, миы шашырап кетердей солқылдады. Ашу-ыза, өкініш пен кек арпалысып, күреңіткен өңі қашып, үйден атып шықты.

Ханымның отауына қарай жіті-жіті басып, есік көзіне жеткенде үйден самауырынмен шай көтеріп шыққан күңнің:

– Ханымның хәлі мәз емес, – деп ескерту, тілек сипатында айтылған сөзін де аңғармастан, алқынып барып үйге кіріп барды.

Ентігін әрең басып, әлгіректе ғана босанған әйеліне нақақтан жаза басқан адамның кейпіндегі ренішті де бұйрық райлы үнімен:

– Сен мені қалайша алдадың? – деді дауысы қалтырай.

Әл-дәрмені кетіп, әлсірген әйелі әрең бұрылып Шарбаатарға қарады.

Насанның бет әлпеті қараңғы түндегі айдай ғана бозара қарады. Шоқтай жайнап тұратын қызыл шырайында сызат құрлы да қанның қылпы қалмаған. Мөлт-мөлт етіп ұшқын атып тұратын мойыл қара көздері өлеусірей жас сырғанатты. Ханым тау суындай тұнық бола тұра, естілер-естілмес солғын дауыспен:

– Кешір мені! Аға, бауырлардың қанын селдей ағызған соғыстан қалжырадым, таусылдым. Жүрегім сыздаумен, жүйкем құрыды. Бұдан әріге шыдай алатын емеспін. Көріп келе жатқаным қан мен жас, көзім де дерттенді. Өзім де мінеки ақтық аманатыма жеттім. Орындашы! Ұлдың жанына сауға бер! Құтқара көр! Аяшы! – деген үні өлеусірей барып өшіп тынды.

Оның мейірбандық пен сүйіспеншілікке толы көздерінің оты бірте-бірте сөніп бара жатты. Әдемі ақ білегі сылқ етіп түсті.

Шарбаатар тап бере қолынан шап беріп, бүгіліп отыра кетті. Ханымның көзі «Кешір, кешірім ет!» деген сөзді қайталағандай жай ғана телміріп қала берді…

Шарбаатар оның кірпіктерін алақанымен ақырын сипап түсіргенде, ашық қалған кеудесінде уыз сыздап томпайған әппақ омырауының емшегінен сүт тірей делдиіп келіп, қолтығын бойлай көз жасынша сырғанап аға жөнелді.

Шарбаатар не істерін білмей, қалың тұман ішінде адасқандай аңыра абыржыды. Махаббат пен қызыққа толы бақытты сәттер көрген түстей жылт етіп көз алдынан өтті.

Моңғолшадан аударған

Айдос ШЫНАЙҰЛЫ

Моңғолия Жазушылар одағы Баян-Өлгий аймақтық бөлімшесінің кеңсесі.

«ШҰҒЫЛА» әлеуметтік, әдеби, көркем, танымдық журналы.

2025 жыл, №01.

Добавить комментарий