Халықаралық балаларға арналған кітап күніне орай Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Кітап – біздің досымыз» фестивалі өтті.

Халықаралық балаларға арналған кітап күні 1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай аталып өтеді. Көптеген елде балалар мен жасөспірімдер кітабы апталығы аясында әлемнің үздік кітаптарына арналған байқаулар, көрмелер, конференциялар мен фестивальдар өткізіледі.

Осынау тағылымды да өнегелі күнде павлодарлық балғын оқырмандар да қуанышқа бөленіп, шаттыққа кенелді. Кітаппен дос, кітапқа жақын балалар үшін түрлі кездесулер өтіп, ойын-сауық ұйымдастырылды. Балалар білім бәсекесінде және спорттық сайыстарда бақ сынады.

Фестивальдің ашылу рәсімінде балғындар ән айтып, тақпақ оқыды. Жиынның кіріспе сөзінде С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова кітаптың пайдасы, оның бала өміріндегі орны туралы айтты. «Кітап мерекесі – оқырман үшін үлкен қуаныш деп білемін. Кітап деген – біздің сырласымыз, ақылшымыз. Әр бала кітаптан өзіне керегін алып, өмірге деген қызғушылығын артыра берсін», – деді Шолпан Баянқызы.

Іс-шара аясында «Кітап – біздің досымыз» фестиваліне белсенді қатысқаны үшін Зейнеп Нұрмұрат, Томирис Есімбаева, Ерасыл Жаңаберген, Айлин Жәкіш, Айсұлтан Молшин сынды кітапхананың балғын оқырмандары Алғыс хатпен марапатталды.

Балғындар фестивальге ерекше ынта-ықыласпен қатысты. Талабы таудай досымыздың бірі – Павлодар қаласының №7 жалпы орта білім беру мектептің 2 «ә» сынып оқушысы Зейнеп Нұрмұрат. Ол кітапханаға күн сайын келіп, өзінің сүйікті кітаптарын алып, оқиды. Зейнеп жиналған көпшілікке ақын Серік Әкрамұлының «Кітап» тақпағын оқып берді.

Фестивальге ең дарынды, ең білімді, ең талантты оқушылар жиналды. Олар сабақты жақсы оқиды, өнерді серік етеді, спортпен де шұғылданады. Оларды біріктіретін – кітапқа деген құшарлық. Болашақта мемлекеттік қызметкер болуды армандайтын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы №19 мектептің 6-сынып оқушысы айсұлтан Молшин – балалар кітапханасының тұрақты оқырманы. Ол достарына кітап оқу керектігін үнемі айтып отырады екен.

Фестивальдің ашылу салтанатынан кейін оқушылар Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, балалар жазушысы Жұмағали Қоғабаймен кездесті. Кездесуде Жұмағали Бижанұлы балалық шағына саяхат жасады.

– Мен отбасымда балалардың кенжесі болғандықтан, тентектеу едім. Жиі бұзықтық жасап, үлкендердің ескертуін көп алатынмын. Бірақ кітап оқуға өте құмар болдым. Батырлар жырын оқып өстім. Қобыланды, Алпамыс секілді батыр болғым келді. Тағы бір ұнатып оқыған кітабым – башқұрттың Салават Юлаев деген ақынының өмір естелігі. Ол маған қатты әсер етті. Ал, мектеп пәндерінен «Қазақ тілі мен әдебиеті» сабағын өте жақсы оқыдым, – деді Жұмағали Бижанұлы.

Бала кезінен кітапқа қызығып өскен бала Жұмағали бүгінге ата Жұамғалиға, оқырманның ақылшысына айналды. Жұмағали Бижанұлы балаларға арнап жас кезінен бастап жазған екен. Бірақ анасы «Балам, саған көз тиіп жүр. Жазбашы», – деп тиып тастапты. Содан кейін ақын бұл тақырыпта қалам тепбеуді тоқтатқан екен. Өзінің айтуынша, бойда бар талант сыртқа шықпай қоймайды. Кейінгі 10 жылда ол балаларға арнап өндірте жазып келеді. Соның нәтижесінде «Тышқанның қулығы», «Қырандарым, самғай бер!», «Ата мен немере», «Ғаламтордың әлегі» қатарлы бірнеше кітапты жазып, жарыққа шығарды.

– Кез-келген балалар жазушысы өз өмірінен естеліктерді, көрген-білгенін жазады. Менің шығармаларымда да өз басымнан кешкен өмір өрнектері бейнеленген. Тәрбиелік мәні бар шығармаларымда әке мен шеше, балалар, достар арасындағы қарым қатынасты жиі жазамын, – дейді қаламгер.

Жазушы балғын оқырмандармен кездесуге жаңа кітабын да ала келіпті. Жаңа жинақ – «Сақ дәуірімен сабақтас оқиғалы оюлар» деп аталады. Бұл кітапта қаламгердің қызы – суретші-орнаменталист Шынар Қоғабайдың оқиғалы оюлары топтастырылып, түсініктер берілген. Шынар Қоғабайқызы бала кезінен дәптердің бетіне ою салуға құмартқан екен. Ол 18 жасынан бастап, сюжетті өрнек салумен шұғылданады. Оның «Биліктің құдіреті», «Менің Қазақстаным», «Өмір ағашы», «Құстар әлемі», «Аңшылық», «Аққулар», «Баянауыл» атты туындыларына 1997 жылы Авторлық құқықтар агенттігі және 2005 жылы ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті «Шынардың ою-өрнектері» деп аталатын тіркеу куәлігін берді. Бұл оюлардың басты ерекшелігі – сызықтары үзілмейді, бір-бірімен қиылыспайды және өрнекте аң-құстардың бейнесі көрінеді. Мамандардың бағалауынша, Шынар сақ дәуіріндегі аң стилін жаңғыртушы, дамытушы суретші.

– Шынардың суреттерін көріп, ең бірінші баға берген білгілі мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов болатын. Ол 1997 жылы Астананың тұсаукесер тойында суретерге ерекше назар аударған еді. Одан кейін этнограф Ақселеу Сейдімбек те оң бағалады. Ал, философ Советқазы Ақатаев оқиғалы оюлар туралы мақала жазды, – дейді кітап құрастырушысы.

Жазушы Жұмағали Қоғабаймен кездесуден кейін балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері Бердібек Соқпақбаев пен Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Дос болайық бәріміз» атты әдеби-танымдық іс-шара, «Андерсен – ертегілер елінде» ой сергіту ойын бағдарламасы өтті.

Фестиваль «Біз де бала болғанбыз» атты өңірімізге белгілі БАҚ өкілдерімен еркін форматтағы кездесуімен түйінделді. Кездесуге ардагер журналист Сая Молдайып, «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Жұмабек Сманов, «Halyq radiosy-ның» бас редакторы Асыл Әбіш, «Астана» телеарнасының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Өзгеріс Қуанар және «Saryarqa samaly» газетінің тілшісі Айдана Боранбай қатысты.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

(Суреттер С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығының қорынан алынды)

Пікір үстеу