Pavlodar, KZ
Ясно

Павлодарда Алаш қайраткері, публицист, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ар алдаспаны Аймауытов» атты республикалық ғылыми конференция өтті.

Конференция жұмысына КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс және жүсіпбектанушы ғалымдар мен қаламгерлер, театр саласының майталмандары қатысып, баяндамалар жасады.

  • Біз бүгін ұлылардың жеріне келіп отырмыз. Жүсіпбек – қазақтың бірінші драматургі, Қаныш – қазақтың бірінші ғылым қайраткері, Шәкен – бірінші режиссер, Жұмат Шанин – бірінші театр режиссері. Осылардың бәрі Ертіс-Баян өңірінен шыққан. Ал, Аймауытов жайлы айтатын болсақ, мен оның «Ақбілек» пьесасын сахналадым, – деп сөз кезегін бастаған Асанәлі Әшімов.

Филология ғылымдарының кандидаты,  Торайғыров университеті Үштұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі, жүсіпбектанушы ғалым Айман Зейнулина театрға қатысты конференция болғаннан кейін драматургия жайлы айтты.

  • Қазақтың драмалық трагедиясында үш үлкен бағыт бар: эпикалық трагедия, тарихи трагедия және адамгершілік-тұрмыстық трагедия. Қазақтың көп жазушылары эпикалық және тарихи трагедияны жазады. Ал, Аймауытов адамгершілік-тұрмыстық трагедияны өз шығармашылығында ұсына білген. Сәкенде, Әуезовте әйелдер соңында өледі, не бақытсыз болып қалады. Жүсіпбектің шығармасындағы әйелдер ондай емес. Мысалы, Ақбілекте сүйгеніне қосылмады деп келеді де, соңында дана, ақылды Ақбілек қылып шығарады, – деді Айман Зейнулина.

Сондай-ақ Жүсіпбек Аймауытовтың шөбересі (жиеншары) Павел Аймауытов өзінің атасы (Жүсіпбектің ұлы) Бектұр Аймауытов жайлы естеліктерімен бөлісті.

Конференцияда Алаш қайраткерінің Қазақ театр өнеріне енгізген жаңашылдығы, драматургиядағы шығармашылық қыры, тұлғаның өміріне қатысты тың мәліметтер баяндалып, жүсіпбектану мәселелері талқыланады.

Добавить комментарий