
Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың жаңа өсу нүктелерінің бірі ретінде дамыту қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Осы тапсырмалар аясында еліміздің туристік әлеуеті жоғары өңірлерінде кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Павлодар облысының інжу-маржаны саналатын Баянауылдағы «Сарыарқа сыры» визит-орталығы.


Бұл – Сарыарқаның тарихын сөйлететін, табиғатын танытатын, мәдениетін насихаттайтын, туристі бағыттайтын жаңа интеллектуалды кеңістік.
Бұрынғыдай туристер тек демалып қайтатын кезең артта қалды. Қазіргі саяхатшы барған өлкесінің тарихын, рухани әлемін, табиғи ерекшелігін тереңірек білгісі келеді. Сондықтан әлемнің дамыған туристік аймақтарында визит-орталықтар ерекше маңызға ие. Баянауылдағы жаңа орталық та дәл осы мақсатқа қызмет етеді.
Енді бұл жерге келген қонақ өңірдегі барлық туристік бағыттар, ұлттық парк маршруттары, тарихи орындар, қонақүйлер, демалыс аймақтары, мәдени нысандар мен қызмет көрсету орындары туралы толық ақпаратты бір жерден ала алады.
Бұл – турист үшін уақытты үнемдейтін, сапарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік беретін заманауи шешім.

«Сарыарқа сырының» ерекшелігі – өткен мен бүгінді, тарих пен технологияны ұштастыра білуінде.
Орталықта интерактивті сенсорлық панельдер, мультимедиялық экрандар, 3D-визуализациялар және жасанды интеллект элементтері қолданылған. Соның арқасында келушілер Баянауылдың табиғаты мен тарихын жай ғана оқып қоймай, оны заманауи форматта сезініп, әсер ала алады.
Мұнда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған өлкесі, Қаныш Сәтбаевтың кіндік қаны тамған қасиетті мекен, Жасыбай батыр туралы аңыздар, ұлттық парктің сирек кездесетін флорасы мен фаунасы жөніндегі мәліметтер біртұтас мазмұнда ұсынылады. Бұл әсіресе жастар мен шетелдік туристер үшін аса тартымды.


Соңғы жылдары Баянауыл ауданында бұрын-соңды болмаған көлемде инфрақұрылымдық жұмыстар қолға алынды.
Автомобиль жолдары жаңартылып, инженерлік желілер тартылып, жағажайлар абаттандырылып, демалыс орындары көбейді. Мұның барлығы туристік қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Мамандардың есебінше, бүгінде Баянауыл бір туристік маусымда 300 мыңға дейін демалушыны қабылдауға қауқарлы.
Бұл тек туристер санының өсуі ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, ауыл кәсіпкерлері табысының артуына, қонақүй бизнесінің дамуына, қоғамдық тамақтану, ұлттық қолөнер, көлік қызметі мен экскурсиялық бағыттардың жаңа мүмкіндіктерге ие болуына тиімді жол ашады.
Бір сөзбен айтқанда, туризм өңір экономикасының маңызды драйверіне айналып келеді.
Визит-орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл жобаның стратегиялық маңызына тоқталды.
Өңір басшысы Баянауылдың табиғи әлеуеті өте жоғары деп атап көрсетіп, ендігі міндет сол байлықты сақтай отырып, халықаралық деңгейдегі туристік қызмет қалыптастыру екенін айтты.
– Баянауыл – Павлодар облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Біз табиғатты сақтай отырып, заманауи әрі қолайлы туристік инфрақұрылым қалыптастыруымыз керек. «Сарыарқа сыры» визит-орталығы – осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі. Мұнда келген әрбір қонақ Баянауылдың тарихымен, табиғатымен және мәдениетімен тереңірек танысуға мүмкіндік алады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол мұндай жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін беретінін атап өтті.

Жаңа орталықтың тағы бір ерекшелігі – оның мәдени-ағартушылық бағытында. Мұнда өлкетану музейі, кітапхана, конференц-зал, коворкинг орталығы жұмыс істейді.
Орталықтың ашылуымен қатар бұл күні белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың «Көне Көктау оттары» атты жаңа кітабының тұсауы да кесілді. Мұның өзіндік мәні зор. Өйткені Баянауыл – тек табиғатымен ғана емес, рухани байлығымен де ерекшеленетін өңір. Сондықтан визит-орталық болашақта ғылыми кездесулердің, әдеби кештердің, мәдени жобалардың және туристік форумдардың тұрақты алаңына айналуы әбден мүмкін.
Ашылу салтанатына қатысқан тұрғындар жаңа орталықтың өңірдің туристік брендіне айналатынына сенім білдірді.
Кәсіпкерлер туристер санының көбеюі жергілікті бизнестің дамуына тың серпін береді деп есептейді.
Ал өлкетанушылар мен мәдениет қайраткерлері бұл жобаның туған өлкенің тарихын жас ұрпаққа жаңа форматта таныстырудағы маңызы зор екенін айтады.
Әлемдік тәжірибеде визит-орталықтар белгілі бір өңірдің «визит картасына» айналған. Олар туристерге бағыт-бағдар беріп қана қоймай, сол аймақтың тарихын, мәдениетін, табиғатын және болмысын таныстыратын орталық қызметін атқарады. «Сарыарқа сыры» да дәл осындай миссияны арқалап отыр.
Бұл жоба – Баянауылдың бүгінгі жетістігін ғана емес, ертеңгі даму бағытын айқындайтын маңызды бастама. Табиғаттың тылсым сұлулығы, ұлттық тарих, мәдени мұра және цифрлық технологиялар тоғысқан бұл кеңістік Сарыарқаның сырын жаңа буынға, жаңа форматта танытатын болады.
Баянауыл – барған жан сүйсінетін мекен. Ал «Сарыарқа сыры» – сол сұлу өлкенің жүрегіне бастайтын жаңа қақпа.
Асыл ӘБІШЕВ.
