
Республика күніне орай Қалмұқан Исабаев атындағы Баянауыл аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ел айбыны – отты жырдың арқауы» атты патриоттық өлеңдер кеші өтті. Мемлекеттігіміздің мәнін ұғындыратын, тәуелсіздігіміздің қадірін арттыратын, елдік рухымызды асқақтататын айтулы күнде баянаулалық ақындар жалынды жырларымен оқырманға рух берді.
Жыр кешінің өзегі – зерделі ұлт қалыптастыру бастамасы. Оны қалыптастыратын, әрине, отбасындағы тәрбие, ұстаздың өнегесі, өскелең ұрпақтың ізденісі мен талпынысы. Сол себепті өлең шеруі «Ұстаз – Оқушы – Ата-ана» атты үш ұғымға негізделді. Ұстаз – білімнің шамшырағы, рухани бағыттың бағдары. Оқушы – ел ертеңі, тәуелсіздіктің жасампаз жалғасы. Ата-ана – тәрбиенің бастауы, ұлттық құндылықтардың алтын діңгегі. Жыр кешінде ұстаздар ұлағаты, ата-ана үлгісі, перзент тәлімі – патриоттық жырлармен өрнектелді.

Жыр кешін кітапхана қызметкері, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еламан Қабділәшім және ұстаздар: ақын, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қаражар жалпы негізгі мектебінің мұғалімі Төлеш Сембеков, ақын, Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің «Ақындар сыныбының» жетекшісі Жеңісбек Пәзіл бастады. Ақындар оқырманға азаттықты сүйсіне де сүйіне, салтанаттандыра да сәулеттендіре жырлаған өлеңдерінен сый-тарту ұсынды.
Ұстаздың өнегесі – шәкірттің болашағына салынған жол. Бүгінгі ұстаз берген білім мен тәрбие ертең елге қызмет ететін азаматтың бойынан көрініс табады. Ал өнерге баулынған бала туған елінің рухани байлығын қадірлеуді үйренеді. Сондай тәлімді де дарынды талапкерлер: Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің «Ақындар сыныбының» оқушылары – Айжұлдыз Қапаш, Ақнұр Рустембек, Айдос Серік, Имран Заркеш және Алиасқар Қайыпхан тырнақалды туындыларын оқып берді.

Әр дәуірдің өз үні, әр ұрпақтың өз жыры бар. Бірақ барша ұрпақты біріктіретін ортақ құндылықтар өзгермейді. Олар – туған жерге деген сүйіспеншілік, халыққа деген құрмет, ұлттық рух пен адамгершілік. Осы құндылықтарды дәріптеп жүрген өрелі өнер иесі – мәдениет саласының ардагері, «Баянауыл халық театрының» негізін қалаушы, режиссер, көркемсөз оқу шебері Жамбы Мәшім сахна шырайын кіргізді. Ол Қуандық Шаңғытбаев пен Тұрсынхан Әбдірахманованың өлеңдерін оқып, жүректерді тербеді.
Білімді ұрпақтың бойында елге қызмет етуге деген құлшыныс, туған жерге деген құрмет және ұлттық құндылықтарға деген адалдық болуы керек. Мұндай қасиеттер оқулықтағы ережелермен ғана қалыптаспайды. Олар ұстаздың жеке үлгісі, ата-ананың тәрбиесі, күнделікті қарым-қатынас пен ортақ құндылықтар арқылы бала бойына сіңеді. Ұстаз бен ата-ана бір бағытта әрекет еткенде, балаға көрсетілген өнеге оның өмірлік бағдарына айналады. Осы ұлы мұрат жолында еңбек етіп келе жатқан ұстаздар – Зейтін Ақышев атындағы жалпы білім беру мектебінің басшысы Абылайхан Олжатай, мектеп мұғалімдері Баян Рамазанқызы мен Нұргүл Әшім жыр кезегін көркем жалғай білді. Олар Міржақып Дулатовтың, Жұбан Молдағалиевтің, Зекебай Солтанбаевтің өлеңдерін оқыды. Абылайхан Серікбайұлы «Саған кітап арнадым» челленджі аясында кітапхана ұжымына кітап сыйлады!
Елін сүйетін азамат тәрбиелеу үшін баланың бойына біліммен бірге ар-намыс, жауапкершілік, әділдік пен мейірім ұялату қажет. Отанды сүю – ұранды сөзбен шектелмейді. Ол – адал еңбек ету, өз ісіңді жақсы білу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, туған жеріңнің дамуына үлес қосу. Ұстаздары бастаған үлгіні шәкірттер жалғай алды. Зейтін Ақышев атындағы мектептің оқушылары – Адина Серік, Мөлдір Бақыт, Аяулым Төлеутай және Арнагүл Оразбай сахнаға көтерілді. Олар туған жерге деген перзенттік махаббатын өлең жолдарымен жеткізді.
Бүгінгі оқушы ертең ұстаз болады, дәрігер болады, ғалым болады, ел басқарған азамат болады. Қай мамандықты таңдаса да, оның бойындағы адамгершілік пен отансүйгіштік қасиет елдің дамуына қызмет етуі керек. Ал осындай қасиеттерге ие азаматтың алғашқы тәлімгері – ата-ана; алғашқы мектебі – отбасы. Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы баланың бойындағы қасиеттердің қалыптасуында отбасылық тәрбиенің орны ерекше екенін аңғартады.

Жыр кешінде өнерді отбасылық құндылықпен ұштастырған ерекше көрініске куә болдық. Бір шаңырақта ақындық өнерді қадірлеп, сөз өнерін ұрпағына үлгі еткен әке мен балалары өлең көрігін қыздырды. Бұл – ата-ананың өнегесі мен баланың талпынысы бір арнаға тоғысқан сәт болды. Ақын Мұсабек Сейсенбекұлы ұлттық рух, Отан, туған жер, ауыл, азамат тақырыбында өлеңдерін оқыды. Ал, Ш.Шөкин атындағы №2 мектептің 2-інші және 5-сынып оқушылары Омар мен Олжас Мұсабекұлдары Ыбырай Алтынсарин мен Аллаберген Қонарбаевтың өлеңдерін жатқа айтты.
Жыр кешін тамашалап отырып, біз бір ортақ ойдың жетегіне ілестік. Елдің болашағы – тек мемлекеттің немесе мектептің міндеті емес. Ел болашағы – әр отбасының, әр ұстаздың, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Ұстаз шәкіртінің бойына білім мен ізгілік дарытады. Ата-ана баласына өмірлік бағыт көрсетіп, ұлттық құндылықтарды үйретеді. Оқушы сол тәрбиені қабылдап, білімін жетілдіріп, өнерін дамытып, өз елінің дамуына үлес қосуға ұмтылады. Міне, осы үштағанның бірлігі – патриот ұрпақ тәрбиелеудің берік негізі. Патриот болу дегеніміз – туған жеріңді сүю ғана емес, оның табиғатын қорғау, тілін құрметтеу, тарихын білу, мәдениетін сақтау және қоғамға адал қызмет ету. Патриот болу – өз еліңнің жетістігіне қуану, кемшілігін түзетуге атсалысу, елдің ертеңі үшін жауапкершілік сезіну. Ал осындай азаматтық қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін біз оларға сөзбен ғана емес, ісімізбен де үлгі болуымыз керек.
Республика күні – осы құндылықтарды қайта таразылап, еліміздің алдындағы жауапкершілігімізді сезінетін күн. Осы күнде ел айбынын – отты жырдың арқауына айналдырған ақындардың кеші көрерменге ой салды, рух берді.
Жүсіпбек ӘБІЛЕШ
