Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында еліміздің өңірлерінде азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Облыстарда жаңа инженерлік желілер пайдалануға беріледі, әлеуметтік нысандар ашылып, заманауи туристік инфрақұрылым құрылуда.
Қосшы қаласын газбен қамтамасыз ету
Ақмола облысының Қосшы қаласында газбен қамтамасыз ету жобасы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. «Сарыарқа» магистральды газ құбырынан тартылған желінің екінші және үшінші іске қосу кешендері ресми түрде іске қосылды, нәтижесінде барлық шағын аудан табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Жоба аясында 400 шақырымнан астам газ тарату желілері салынып, 1 блокты және 43 шкафты газ реттеу пункті орнатылды, ал 112 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.
Полтавка ауылын қамту
Ақтөбе облысының Полтавка ауылында табиғи газ іске қосылды. Жобаның құны – 581,4 млн теңге. Газбен қамту аясында 6,4 шақырым газ құбыры тартылып, инженерлік инфрақұрылым толықтай салынды. Нәтижесінде 99 аула мен 316 тұрғын табиға газға қол жеткізді. Осылайша, өңірді газбен қамтамасыз ету деңгейі 97,5%-ға жетті.
Бесағаш ауылын сумен қамтамасыз ету
Алматы облысының Бесағаш ауылында тозу деңгейі 95%-ға жеткен 1975 жылы салынған су құбырының орнына ұзындығы 32 шақырымнан асатын жаңа құбыр салынды. Нәтижесінде 800-ден астам абонент, яғни, 3,8 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Сонымен қатар өңірде Тұздыбастау ауылында 127 шақырым су құбырын жаңғырту және қосымша трансформаторлар орнату жобалары аяқталуда.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы
Ақмола облысының Державинск қаласында күнделікті 30-ға жуық адамды қабылдай алатын Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Орталықта жаттығу залы, йогаға арналған аймақтар, үстел ойындары мен қолөнер шеберханасы, сондай-ақ вокал студиясы жабдықталған. Нысан ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында балалар музыка мектебі және балалар шығармашылығы орталығымен бір ғимаратта орналасқан.
Педагогтерді бейімделген спорт негіздері бойынша оқыту
Қарағанды облысында жыл соңына дейін 500-ге жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған бейімделген спорт негіздері бойынша оқудан өтеді. Жоба аясында өңірдегі әрбір мектепте арнайы даярланған маман болады. Сонымен қатар аталған курс екі жергілікті колледждің оқу бағдарламасына енгізіледі. Бұдан бөлек, облыста бейімделген спорт секцияларының желісі мен инклюзивті «Жасыл ел» еңбек жасақтарына қатысушылар саны кеңейтілуде.
«Сарыарқа сыры» визит-орталығы
Павлодар облысының Баянауыл курорттық аймағында ауданы 740 шаршы метр болатын заманауи Vizit Bayanaul «Сарыарқа сыры» визит-орталығы ашылды. Нысан цифрлық технологиялармен және жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған. Жоба өңірдің туристік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту аясында жүзеге асырылды. Оның құрамына жаңа кіреберіс стеласы мен демалыс аймақтарын абаттандыру жұмыстары да кіреді. Кешенді жаңғырту нәтижесінде биыл өңірге келетін туристер саны 300 мың адамға дейін артады деп күтілуде.
https://primeminister.kz/
#Білім беру #Инфрақұрылымдық даму #Президенттің тапсырмасы #Туризм #Әлеуметтік қорғау #Өңірлер
