
Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол кездесу өтті. Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы құрамындағы «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінің меңгерушісі Қуат Қиықбай Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернатында оқушылармен кездесті.
«Қайым Мұхамедханов – Ұлт руханиятының қазынасы» атты тағылымды жиын көрнекті ғалым, әдебиеттанушы, абайтанушы, алаштанушы, ақын әрі аудармашы Қайым Мұхамедхановтың Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына арналды.
Дәрісте ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен баяндалды, қазақ руханиятына қосқан зор үлесі, оның ішінде Абай құнанбайұлы мұрасын зерттеудегі еңбегі ерекше аталып өтті.
Кездесуге аудан орталығындағы мектептердің 9-11 сынып оқушылары қатысты. Дәріс барысында тарихи тұлғаның тағдыр жолы, ғылыми мұрасы, сондай-ақ сол кезеңдегі күрделі қоғамдық-саяси жағдайлар туралы тың деректермен танысты. Жас буын тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар беріліп, еркін пікір алмасу алаңы қалыптасты. Кездесулердің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру.
Алаш арыстарының өнегелі өмір жолын насихаттау арқылы жастардың елжандылық рухын күшейту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Кездесу соңында оқушылар өз ризашылықтарын білдіріп, тарихи тұлғалар жайлы танымдарын тереңдете түскендерін жеткізді.

Қазақ халқы ҚР Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевты халыққа қалтқысыз қызмет қылудың үлгісі болған қайраткер, елдің экономикалық және рухани өміріне белсене атсалысқан тұлға ретінде қадірлейді. Ғалымның туған күні – Ғылым күнінде академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінде «Ғылым алыбы – Қаныш Сәтбаев» атты тағылымды кеш өтті.
Іс-шара ғалым кеудемүсініне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталды. Жиынды құттықтау сөзбен аудан әкімінің орынбасары Қинаят Тәліпов ашты. Тағылымды кештің негізгі бөлімі музей ішінде жалғасын тапты. Қонақтар алдымен экскурсиялық көрмені тамашалап, өте мазмұнды жиынға қатысты. Жиналғандардың назарына Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми мұрасына арналған бейнеролик ұсынылды. Алқалы басқосуда Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы құрамындағы «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінің меңгерушісі Қуат Қиықбай «Қаныш және Қайым идеясы», тарих пәнінің мұғалімі PHD докторы, профессор Динара Опабекова «Дара дарын даналығы» атты баяндама жасап, ғалым мұрасының тарихи маңызын кеңінен тарқатты.
Рухани кеш әсем әндермен әрленді. Дәстүрлі әнші Самал Жакупованың орындауында «Бұлбұлым» халық әні мен Алтай Омаров шырқаған «Баянауыл вальсі» көпшілік көңілінен шықты. Жиын соңында ауданның зиялы қауым өкілдері мен еңбек ардагерлері ой бөлісіп, өзекті ұсыныстарын жеткізді. Музей басшысы Қ.Қ.Абылғазин сөз сөйлеп, музейдің ғылым мен білімді дәріптеудегі орнына тоқталды. Тағылымды кеш қорытындыланып, қатысушыларға алғыс білдірілді. Сонымен қатар жазушы Қуат Қиықбайға арнайы музей басшысының атынан Алғыс табысталды.
Г.БАЛАБАЕВА,
академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл меморалдық музейінің әдіскері.
