Баянауыл ауылындағы Шапық Шөкин атындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінде Тілдер апталығы аясында «Тіл – ұлттық код, әдебиет – ұлттық рух» атты ауқымды әдеби-танымдық кеш өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен өткен бұл шара ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ана тіліміздің мәртебесін асқақтатты.

Мерекелік кештің шымылдығы мектеп дәлізінде ерекше форматта түрілді. Келген қонақтарды оқушылар ансамблі Құрманғазының рухты «Балбырауын» күйімен қарсы алып, шараның ресми бөліміне жол ашты. Күмбірлеген домбыра үні мектеп ішін бірден мерекелік нышанға бөледі. Мектептің мәжіліс залында өткен ашылу салтанатында ұстаздар мен оқушылар қауымына кештің құрметті қонақтары таныстырылды. Шараға руханият саласының өкілдері мен білім беру ісінің мамандары – «Айқара.kz» порталының бас редакторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі Асыл Әбіш бастаған портал ұжымы және аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Махаббат Садвакасова, Д. Рахметов атындағы мектептің басшысы Қуандық Жапаров, ардагер ұстаз Раиса Акижаева, аудандық кітапхана маманы Назгүл Айболқызы қатысты.

Кештің ең тартысты сәті мектеп ауласына құрылған ақ шаңқан киіз үй ішінде жалғасты. Жас ақындар айтысында 11 «А» сынып оқушысы Нұрақмет Мәуіт пен 9 «Ә» сынып оқушысы Совет Жансерік сөз қағыстырып, суырыпсалмалық өнерлерімен қонақтарды тәнті етті. Қазақтың киелі қара шаңырағының астында өткен бұл дода нағыз сөз өнерінің мерекесіне айналды. Шара барысында ұрпақтар сабақтастығына ерекше мән беріліп, әже мен немерелер сайысы өтті. Бұл бөлімде ұлттық тәрбие, әдеп пен инабаттылық дәріптеліп, салт-дәстүріміз жаңғырды. Сайыс барысында қонақтар да өздерінің «қонақ кәделерін» ұсынып, жылы лебіздерін білдірді. Шара соңы мерекелік концертке ұласты. Оқушылар Б. Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» туындысынан сахналық қойылым көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің бастамасымен өткен бұл кеш оқушылардың жүрегінде ұлттық рухты оятып, тілге деген құрметті арттыра түсті. Тілдер апталығы аясындағы мұндай мазмұнды шаралар өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін шыңдай түсері анық.

 

Добавить комментарий