Pavlodar, KZ
22°
Ясно

Түркістан қаласында өткен «Түркістан мақамдары» атты республикалық термешілер байқауында Павлодар облысының намысын қорғаған Баянбек Тілеужан жүлделі 2-орынға ие болды.

Тілеужан Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетін «музыка мұғалімі» бойынша биыл тәмамдап жатыр. Бала кезден әкесінен ән айтуды үйреніп, кәсіби деңгейде білімін жетілдіру үшін жоғарғы оқу орнына түскен.

Ұстазы – «Шаңырақ» халық шығармашылық орталығының «Майра» мектебінің жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі», дәстүрлі әнші, термеші Салтанат Қисатова.

Тілеужанның бұл күндегі негізгі кәсібі – шаш қию. Арнайы оқып, үш жылдан астам уақыт шаштаразда жұмыс жасап келеді. Дегенмен жүрегіне өнер жақын екенін жасырмады.

– Әкемнен қолыма домбыра ұстап, ән айтуды үйренгенмен, ән айту техникасын, білімін университет қабырғасында үйрендім. Ән айтып тойларға да шығып тұрамын. Кейбір кезде шаш қию мен тойларда немесе концерттерде өнер көрсету қабат келіп қалады. Ол кезде ойланбай ән айтуды таңдаймын, – деді Тілеужан Баянбек.

Тіпті негізгі жұмысын ысырып қойып, жуырда толық дайындыққа кірісіп, Түркістандағы республикалық байқаудан жүлделі оралды.

Байқаудың алғашқы кезеңінде «Бір жастан түсін санай бер» және Майлықожаның «Бісмілла деп бастайын» термелерін орындаған. Екінші кезеңде жеребе тарту арқылы он терменің ішінен «Өлмейтін артыңда сөз қалдыр» атты терме түскен.

– Байқауға 3 ай дайындалдым. Терме оңай жатталмайтын туынды. Соңғы айда бар шаруамды шетке қойып, күндіз де, түнде де дайындыққа ден қойдым. Жетекшім көп уақыт бөлді. Түркістанға барып, кілең тәжірибелі, қасқыр термешілерді көріп жүлдесіз қайтармын деген ойда болғанмын. Екінші орын дегенде терім бұрқ етті. Өзім таң қалдым. Байқаудан ерекше әсерде қайттым, – дейді өнерпаз.

Жас өнерпаз болашағынан үлкен үміт күттіреді. Алдағы уақытта дарынын шыңдау үшін өнер университеттеріне оқуға түсуді жоспарлауда.

Добавить комментарий