Pavlodar, KZ
17°
Partly Cloudy

Құрметті оқырман!

Ертіс-Баян өңірінің әдеби ортасына сүйіншілеген жағымды жаңалық жетті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері атанды.

Ғалым, ақын, жазушы Серік Елікбай «Көк құлаған күн», «Қанжығалы Бөгенбай», «Мәшһүрдің мұңы» романдарының авторы. Бұдан өзге де прозалық және поэзиялық туындылары баршылық. «Жас ақындар антологиясы» (1998), «Назым» жыр жинағы (2001), «Ая» жыр жинағы (2010), республикалық басылымдарға жарық көрген бірнеше көркем әңгімелер бар.

Қаламгердің «Бір ғұмырдың бояуы», «Мен ерекше сөз айттым», «Үкібай би», «Бақ-бұғау» кітаптары оқырман жүрегінің төрінен орын алған.

Әдебиет – бұл бүтіндей кешенді дүние. Әдебиетті шығару үшін онымен бірге кино да болуы керек. Онымен бірге газет-журнал да қатар болуы қажет. Онымен бірге әлеуметтік желі құралдары да дайын болу қажет. Жан-жақтан дамығаны абзал,- дейді қаламгер өзінің бір сұхбатында.

Саналы ғұмырында кітапты «кеміріп жеп жүрген» жазушы әдеби дүниенің үлкен әлем екенін тілге тиек етеді.

– Мен адамдарды кітаптармен салыстырамын. Кейбір кітап бар мұқабасы өте керемет бірақ ішінде түк жоқ. Ал кейбірі мұқабасы ескі, түте-түтесі шыққан алғашқы беттері жоқ кітаптарды оқысаң, шыға алмай қаласың ішіне бір үңіліп.. Адамдар да сол секілді,- дейді.

Кітап кеміргіш деп пафоспен айтып отырсақ та Серік Елікбайдың балалық шағынан оқыған кітаптарының парағын шетінен жыртып, жеп отыратын әдеті болған.

Ендігі жерде бүгінгі бәйгеден озып келген шығармасы жайында аз-кем мағлұмат бере кеткенді жөн көрдік.

«Мәшhүрдің мұңы» автордың үшінші романы. Автордың айтуынша, жазу кезінде оған үш түрлі нәрсе қиын болды. Біріншісі, сол Баянауылдың ішінде отырған Мәшhүрдің көзін көрген ақсақалдар отыр, олардың алдынан аттап кетіп Мәшhүр жайлы жазу қиын. Екіншіден, өзінің ұстазы Қуандық Фазылұлы Жүсіпов Мәшекең жайлы жазып жүргенін білген. Бүкіл ұрпақтары жазып жүргенін көріп, бір заманда қатар жүрген. Ал, үшіншіден, ел бар, жұрт бар дегендей жан-жақтан барлығы қатар қарап отырған уақытта Мәшhүрді бәйгенің ішінен сүріндірмей, өзі де сүрінбей шығуы қиынға соққан.

– Абай айтқандай оқырман «қажеті болса алар, қажеті болмаса өз сөзім өзіме». Мәшhүрше айтсам «Нәпсіңді атқа мінгізбе, жаяулап бақ». «Бұлт болып айналдым биік тауға» дейді. Мәшhүр Жүсіпте қазақты жек көру жоқ, қазақты сөгу жоқ,- дейді жазушының өзі.

Сол шығармасы бүгін жоғары бағаланып, халықаралық сыйлыққа лайық деп бағаланып жатса қаламгердің еңбегінің ақталғаны деп ұққан жөн.

«Aiqara.kz» ақпараттық порталы ұжымы Серік Төлеубайұлын шын жүректен құттықтайды. Мәшһүрдің мұңы алып шыққан шығармашылық шыңынан түспеңіз. Жазарыңыз көп болсын!

Пікір үстеу