Pavlodar, KZ
22°
Ясно

Абай облысында мектеп оқушылары арасындағы XXV мерейтойлық республикалық Абай оқулары өтті. Байқаудың жас ақындар бағытында Павлодар облысы, Ақсу қаласына қарасты Ю.Гагарин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Еркебұлан Тіленіш 1-орынды жеңіп алды.

Жалынды жырлары бірқатар бәйгелерде топ жарып жүрген Еркебұлан болашағынан зор үміт күттіреді.

Назарларыңызға Жидебайдағы «Абай және Шәкәрім» мемориалдық кешенінде жеңіске жеткізген өлеңін ұсынамыз.

ТЕЛҒАРА ЖЫР
(Хакім Абай рухына арнау)

Төселгендей төріне күйкі сырмақ,
жапанға өлең жайылған, кей тұсы – ырғақ.
Телғара жыр тербетіп бесігінде,
Шыңғыс жатыр шыңдары ұйқысырап.

Дүр сілкініп кеткенде дала күрең,
даналықтың исімен тамады өлең.
Атам жатқан киелі топырақтың,
атом жыртқан кеудесі жара кілең.

Суырылған семсердей қынабынан,
шынжыр балақ Құнанбай дара қыран.
Иман нұры тұныпты жүрегіне,
сусындаған зәмзәмнің бұлағынан.

Текті туған Тобықты топырағы,
Шыңғыстаудың мұнартқан шоқылары.
Шер кернеген кеудесін шайырымның,
Қарашоқы қырында отыр әні.

Жидебайдың желі үзіп гүл сабағын,
жүрегінің тұсында мұң солады.
Жазғытұрғы жырларын жамылып ап,
естеліктер тасыйды түн самалы.

Босып кеткен батырдай Базаралы,
қара халық баз кешіп бозарады.
Орағытқан Оразбай қамшысына,
делебесі қазақтың қозады әлі.

Ай керімі меңдесе кешкі алабын,
Әйгерім боп әндетіп көш барады.
Есіл өмір ескегін ескен сайын,
Ербол досын елжіреп еске алады.

Ғұмырыңды бұлыңғыр мұң ұрлады,
Бүр жарады бойында бұрыңғы әні.
Тарамдалған жолдары Қарауылдың –
түнге сіңген Тоғжанның бұрымдары.

Тәңір берген қазақтың ырыс-бағы,
Алты Алашың жырыңмен тыныстады.
Евразияның нәр алған кіндігінен,
Хәкім Абай Құбылам Шығыстағы!

Добавить комментарий