Мұрат АЯҒАНОВ

«Қалқаман-Баянауыл» бағытындағы тас жолдың 101-105 шақырымы қазынадан ақша қарпудың тірлігіне айналғаны Баянауыл жұртының ашу-ызасын тудырып тұр. Құрылысы сағызша созылып, көпті әбден ығыр еткен көпірдің нобайы не ары, не бері емес.

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, әуелден-ақ конкурста ұтып, ақшаның астында қалуды ғана ойлаған мердігер фирма – «Ақмола Құрылыс Материалдары» ЖШС-де ұят түгіл, ынсап жоқ екен. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағанын кеш ұғынған кәсіпорын бел ортаға жете бергенде жұмысты тастай қашты. Сөйтіп мердігердің жауапсыздығы жергілікті халықтың сорына айналды.

Байқағанымыздай, Павлодар облысында «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны кезеңіне қарсы өңірлік іс-шаралардың Жол картасында» көзделген көптеген жұмыстар уақытылы іске аспай отыр. Соның ішінде баянауылдық жұрттың ашу-ызасын тудырып отырған «Қалқаман-Баянауыл» бағытындағы тас жолдың 101-105 шақырымы аралығындағы 2 бірдей көпірдің құрылыс мәселесі.

Көктемде Ащысу өзені тасығанда республикалық жолдың Бірлік пен Ақмектеп ауылдары  тұсындағы учаскелерін су шайып, көлік қатынасында қиындық туындайды. Бұл мәселе сонау 1990-шы жылдардан бері жалғасып келе жатқаны да мәлім. Абырой болғанда бұған дейін Бірлік ауылы маңындағы үлкен көпір жаңартылып, ағып келген судың жолын бөгейтін арнайы құрылыстар салынды. Ендігі мәселе жоғарыда айтқан жол учаскесінде туындап тұр. Бұл аумақ жер жағдайы бойынша төмен орналасқан. Зор екпінмен келетін қызыл су бұрынғы жылдары асфальт жолдың астына салынған құбырлармен ағып үлгермей жолды жырып кететін. Ол жерді «ҚазАвтоЖол» мен облыс билігі жылдар бойы жамап-жасқағаннан басқа түк бітірмеді. Жергілікті жұрт айтып жүргендей, проблемалы учаске жемқорлар үшін қазынадан ақша ұрлаудың тірлігіне айналып кетті. Айтыла-айтыла жауыр болған мәселе бойынша кейіннен тиісті шешім шығарылып, 101-105 шақырым аралығына биіктетілген көпір салына бастаған еді. Алайда жаңа көпірдің құрылысын әлдекімдер әдейі бөгеп отырғандай әсер қалдырады. Міне үшінші жылға кетті, «ҚазАвтоЖол» тапсырыс берген жоба әлі күнге толық аяқталған жоқ. Негізі жоспар бойынша ол былтыр тапсырылуы тиістін.

«ҚазАвтоЖол» АҚ өңірлік филиалының басшысы Мақсат Асқаровтың сөзіне сүйенсек, алдыңғы мердігердің жауапсыздығынан жұмыстар толық тоқтап, компания былтыр қыркүйекте «ҚазГерСервис» ЖШС-мен құрылысты жалғастыру бойынша шарт жасасыпты. Құны 2 млрд 400 млн теңгеге бағаланған көпір жобасы осы жылдың қараша айында толық тапсырылады деп күтілуде. Сондықтан республикалық жолдың 104-105 шақырымына осы көктемде су тасқыны қауіп төндіруі әбден мүмкін деп санайды төтенше жағдай қызметінің мамандары.

Бір қызығы, бір Баянауыл ғана емес, жалпы облыс бойынша көктемгі су тасқынына дайындық деңгейлері нашар көрінеді. Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев көптеген олқылықтардың салдарынан өңір тұрғындарын ықтимал су тасқыны мен еріген қар және жаңбыр суларынан қорғау деңгейінің көрсеткіштері 25-тен 12,5 пайызға дейін төмендеп кеткенін айтып қынжылды. Оның үстіне облыстық бюджет комиссиясы Ақтоғайдағы Шолақсор ауылына жыл сайын қауіп төндіретін Сілеті өзенінің түбін кеңейтіп, жағалауын бекітуге қаржы бөлуден екі мәрте бас тартқан. Комиссия былтыр мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-смета құжаттамасының жасалғанына да назар аудармапты. Бұдан басқа Екібастұз өңіріндегі Сәтбаев су арнасына қатысты да мәселе бар. Арнаның №4 су торабының №87 су бөгетіне уақтылы жөндеу жүргізілмесе, Наурыздың соңы ала су жүре бастағанда Шиқылдақ ауылы мен Шідерті кентіне су кіруі ғажап емес. Ол жерді бекіту бойынша жұмыстар кезінде «Гидроспецстрой» сеніп серіктестігіне тапсырылған екен. Алайда мердігер тапсырысты сапасыз орындап, қазіргі күні сот үдерісі жүріп жатыр.

Пікір үстеу