Pavlodar, KZ
17°
Fair

Қадірлі оқырман, қазір қоғамда сарбаз болу, Отан қорғау, азаматтық борышты өтеу туралы көзқарас, пікір екіге айырылған. Әскерге барудан бас тартатындардың қатары қалың. Екі тарапты да қолдауға-қолдамауға болады. Мен ол туралы емес, өзімнің сарбаз күндерім жайлы баяндамақпын. 2015 жылдың 25 қарашысынан 2016 жылдың 25 қарашасына дейін не сездім, қандай күй кештім – бәрін-бәрін ортаға салмақпын. Бұрын да там-тұмдап жазып, жариялап жүрген едім. Бұл – солардан қалғаны, есте жаңғырғаны. Дегенмен, әлі айтылмағаны, іште бұрқ-бұрқ қайнап жатқаны қаншама?! Сарбаз ойы, сарбаз сағынышы қандай болады десеңіз, көз жүгірте салыңыз. Мархабат!

***

Ғұмыр бойы елде тұрып, өз кейіпкерлерінің ортасында өмір кешкен ақын Нарша Қашағанов әскери қызметін 1977 жылдары Қырғызстан Республикасы Ыстықкөл аймағындағы Рыбачи әскери бөлімінде атқарған екен. Ерман Әбдиев ағамыздың жазуынша, Жамбыл облысы, Талас ауданы, Сейілбек ауылының тұрғыны Бегім Битібаев Нарша Қашағановпен Отан алдындағы азаматтық борышын бірге өтеген. Ақын Бегімді «Майдандас, қандыкөйлек досым…» деп еркелетіп, өмірден озғанша сырласып, сыйласып жүрген екен. Сол Бегімнің сақтауымен бүгінге жеткен Нарша ағаның екі өлеңі әлеуметтік желілерде жарияланды. Әуелгісі «Қош, арманым» атты өлеңі.
«…Махаббат жалған ба едің,
Көтердім бар салмағын.
Шығарып салған едің,
Қалайша қарсы алмадың?», – деп жазыпты ақын.
Әскерде жүргенде «Любить солдата, значит – ждать» деген қанатты сөз болатын арамызда. «Сарбаз оқтан өлмейді, оны ұмытып кеткенде ғана өледі», – дейтінбіз бірімізге-біріміз.
Екінші өлеңі «Ауылға хат». Біз де жаздық сағыныштың хатын. Бірақ жиі емес еді. Ара-тұра, мерекелерде ата-аналарымызды құттықтауға мүмкіндік туатын. Бірінші өлең өкінішке толы болса, бұл жыр еріксіз езу тарттырады:
«…Сержант деген сезімсіз бәле кілең,
Әлім жетер әркімнің әлегінен.
Күндерім өтіп жатыр «кругоммен»,
«Нарядпен, направо, налевомен…»
Мен Табылды Досымовты жиі айтатын едім. Әскерге дейін де, әскерде де, әскерден кейін де… Әскерге баруыма әсер еткен – Табылдының әні. Жолдастарыма да соны жиі қайталайтынмын. Әскерде гитарада ойнай алсаң, жұлдызсың. Жоғарғы шенді офицерлерден бастап, «молодойларға» дейін үйіріліп қасыңнан шықпайды. Сондайларға «Табылдыны білесің бе?» деп сұрап тұратынмын. Көпшілігі «Афганский» әндерді әуелететін. Досымовты дос тұтатын бірен-санаң ғана болып шығады. Оларды мен қатты жақын тартамын. Шырқайтынымыз – «Сәйгүлік». Армандап кетеміз. Аңғарларды аттап. Сосын әлгі әнші баланы «Сәйгүлік» деп атап кеткенбіз бәріміз.
Сол Табылды көкемнің естелігін ойға аламын: «Бауыржан Үсеновпен жатақханада да, әскерде де бір жерде болдық. Мен 1982 жылы ҚазГУ-дың журналистика факультетіне түстім. Бауыржан Үсенов біздің алдымызда ғана оқудан шығып кетіпті. Бірақ оның дүмпуі, жырларының лебі жетті бізге. «Қара машина» сияқты өлеңін білмейтіндер кемде-кем еді. 1983 жылы оқуда жүрген жерімнен әскерге шақырылдым. Кетуге дайындалып жатқанымда жатақханаға менің орныма бір жігіт келді. Бауыржан Үсенов осы екен. Әскерге аттанып кеткенше бірге жүрдік. Оны орыстың ұлы ақыны Есенинге ұқсатып «Үсенин» дейтінбіз. Сөйтіп, мен де Германияға әскерге кете бардым. Бір қызығы, мен барған полкта маған дейін Бауыржан болған екен. Жатақханадағы бөлмеміз де бір, әскерге барған жеріміз де бір. Қалай таңғалмайсың?!
Әскерде жүріп шахматтың қорабынан домбыра жасадық. Қазақтың жігіттері өзіміз бас қосып, ән салып, домбыраның үніне елтіп отыратынбыз. Елге, жерге деген сағынышымызды осылай басатын едік. Екі жылдан кейін ҚазМУ-дағы студенттік дәуреніме қайта оралдым. Әлгі домбыраның арқасында шыққан «Солдат сағынышы» деген жаңа әнді ала келдім. Бірақ Бауыржан: «Бұл ән сенің табиғатыңа келмейді, мен айтайын», – деп қалап алды»… Қандай тамаша естелік. Жан-жүрегің елжірейді. Табылдының осы әні еді менің сарбаз болуыма себепкер болған. Студеттік соңғы жылымда Біржан Үсеновпен кездесу өтті Жамбыл кітапханасында. «Солдат сағынышы» шырқалды. Сол сағынышты сезінгім келгендіктен «шинел кидім, белбеу тақтым».
Алғашқы әскери жиын барысында менің құлағына «Табылды» деген пәмилә майдай жақты. Табылды ақынмен ауырып жүрген мен бірден сарбаз Табылдымен табысып кеттім. Қатардағы Табылды бізбен бірге Павлодардан келген. Екі күн өткен соң, біздің топқа тағы бір шоғыр сарбаз қосылды. Көкшетаудан келгендер екен. Араларында «Найденко» деген сарбаз бар. Міне қызық, баршамыз оларды «Табылды – Найденко» деп қатар атайтынбыз. Қосарланып жүрген сол қос сарбаз қаншама қызықтың ортасында жүрді.
Мен өлең оқимын. Әуелі өзім ынтық Табылдыдан:
«Әскерде жүріп, шет жерде,
Сағыныш сазын шерткенде.
Екі жыл сені қалдырдым,
Жүректе, сосын, дәптерде…». Оқимын да, тебіренемін. Жүрегімде, сосын, дәптерімде қалдырған қалқатайды ойлап. Мен де есейіп келетінімді білгем. Сезгем. Сосын «Шопанның жауынгер ұлы» өлеңі ойға оралады:
«…Солдат-күндер тірлікті сырғытады,
Жүрегінде көктейді жыр бұтағы.
Жастығының астында жатады ылғи,
Мұқабасыз Мұқаңның бір кітабы…». Менің жастығымның астында – Есенин жататын. Бұны да ұрлап кеткем. Анау-мынау емес, полк командирінің орынбасарының кабинетінен. Сенбі күні тазалық жұмыстарына жөнелтілген бізді. Мен сол бөлмені жинастырап жүріп, тауып алғам. Иә, тауып алғам. Сосын оқи жөнелгем. Жұмыс жайына қалған, аяқталмады ақыры. Есесіне кітап таусылды. Сосын, қиып кете алмадым. Өзіммен бірге алып кеттім. Және төс қалтамда «Тамакөшкен» жүрді. Еліміздің бас газетінің бетіне басылғаны. Ғалым ағамды ерекше сүйіп оқитынмын. Көзіме оттай, жүрегіне шоқтай басылғасын жыртып алған едім. Ғалым мен Есенинді қолым қалт еткенде, далалық оқу-жаттығу жиындарына барғанда ала кетіп оқып жүретін едім. Серігім болды Серега. Ғашығым болды Ғалағам…
«…Келер жылдың, бұйыртса, аяғында,
Оралады өзі өскен мая құмға.
Анасының сағынды ол алақанын,
Әкесінің сағынды «таяғын да».

Әскер-өмір тезірек тәмамдалса,
Сүре қоймас өмірді жамандарша.
Бара сала ұстайды мұрагер боп,

Ақ таяғын әкенің, … аман болса…», – дейді Табылдының өлеңі.
Аман болсам, мен де ауылға барып әкемнің қасына ермекпін. Әкемді ойға алсам, балалығым еске түсетін. Әке арманын еске алатынмын: «Мен туғанда қуанбаған жан қалмапты. Әкемнің көзіне жас келгеніне күмәнім жоқ. Қазір де көңілшек. Жүрегі тебіренсе жасы даяр ыршып түсуге. «Еламан» деп ат қойыпты маған, азан шақырып. «Туған жерден жырақта жүрмін ғой, ел-жұртым аман болсын» деген тілегі. Үш ұлым болады деген жігіттік арманы болған екен әкемнің. Біреуі бар енді. Оған әлгіндей есім берді. Екіншісін «Жоламан», үшіншісін «Қалқаман» деп атаймын» депті. Жолда жүрген жігіт едім жастайымнан, (шопыр еді әкем) жолымды Тәңір оңғарсын дегені – бұл. Қара орман халқым – қорғаным аман болсын деген ниеті – бұнысы. Тағдырдың тарту еткені жалғыз ұл. «Жалғыз ұлы бардың – шығар-шықпас жаны бар» деген сөздің мәнісін жақсы ұғынады әкей. Сенім салмағы маған да сезілгендей еді…

***

Енді бірде Бауыржан көкемді ойға аламын. Бабажанұлын. «Менің анам» естелігінде жазыпты: «Қызық, әпенде мінездері де бар еді. Менің көк матамен тысталған түйе жүн көрпем болды. Әскерге кеткенімде, сол көрпені ешкімге бермей қойыпты. Үйге көп қонақ келгенде, апаларым сұраса, тіпті, ұстатпайды екен: «Бауыржанымның көрпесі…». «Бір күн жамылғанда тұрған не бар…». «Жоқ, болмайды…» Апаларым соны айтып, әлі күнге дейін күледі», – деп.
Мектеп бітірген уақыттан бастап қасыңыздан жырақта жүріп, дәл бұлай сағынбаппын сізді, анашым. Студент сағынышын сезіндім. Солдат сағынышы қалай болар екен деп жүруші едім. Өң мен түстей екен – солдат сағынышы. Ұйқымнан тұрып сізге еркелеген балалығымдай екен. Сергей Безруков ойнайтын «Мамы» киносын көргенде көзіме жас үйіріліп еді. Мерекелік туынды. «Береги свою мать, она у тебя одна», – дейді бір кейіпкер. Сол бір сөз есіме түсіп егілемін, анашым! Есіме Төлеген ақынның өлеңі, Шәмшінің әні түседі. Байланысқа шығар еш мүмкіндік болмай тұрған уақытта, бұрындары студент кезінде апталап хабарласпай кететін қылығыма қысылып тұрмын. Жоқ, күйініп тұрмын. Үйге аман жетейін өзіңізге күн сайын, жоқ сағат сайын хабарласып тұрамын.

***

Сапта тұрсам да, постта тұрсам да Табылдыны ойлаймын. Ақын Әбубәкір Смайыловтың «Ақындық ғұмыр бітпесін» естелігінде «…1983 жылдың көктем-күзінде біздерді түгел сыпырып-сиырып әскерге алып кетті. Екі жыл бойы Табылды екеуміз өлеңмен хат жазысып тұрдық. Ол – Германияда, мен Мәскеу түбіндемін. Сондағы өлеңдердің өзегі елге деген сағыныш, студенттік шақты, Алматыны аңсау болып келеді. Өкініштісі, сарбаз хаттары менде сақталмапты. Табылдының жеке шумақтары ғана есімде қалыпты:
«Кең шалбар шақтар түсіме менің жиі еніп,
Өзіме-өзім ете алмай жүрмін иелік.
Гитара тартып жүрген кездерді сағынам,
Отырғанымда автоматыма сүйеніп.

Кеудемде жырдың көктесе жасыл желегі,
Атырау жаққа тартып-ақ кеткім келеді.
Ұлы Гейненің туған жерінде жүрсем де,
Менің көңілім Меңдекешті аңсай береді» – деп жазады. Менің де әскерде табысқан Ербағлан Жолдыбалин деген қарулас досым болды. Қаламдас досым болды. Екі жақта болмасақ та, екі ротадамыз. Бір-бірімізге қойын дәптерлерімізді беріп жіберіп өлең жазысып тұратын едік. Аягөздің жігіті. Кездесе қалсақ әңгімеміз жарасып кетеді. Маралтайды айтамыз. «…Жылдар бізді қинамасын дәл солай, жолдар бізді айырмасын қайтадан» – деген жыры сақталып қалыпты менде.

***

«Есенин» фильміндегі майдан шебіне аттанып бара жатқан Сереганың «Солдату отказывать нельзя» деген назын ойға алдым бірде. Сол фильмді аса ыждахаттылықпен көрген едім. Актер жасаған ақынның бейнесі мені өзіне ынтық етті. Есенинді сүйіп кетуіме себеп болған да осы фильм.
Әскери комиссариятта отырған кезімізде, жолға шығуға аз күн қалған уақытта, Ахмет інім жақсы білетін «Алты гүлге» хабарласқан едім. Қоштасқым келді. Сосын, есениншелеп еркелегім келді. Бірақ олай болмады.

***

Мен қолыма әрең түсірген ұялы телефоннан өзіме жақын һәм бөтен жанның жаныма тым ыстық һәм тым салқын нөмірін тере бастадым. «Гуук» Алғашқы гудак та кетті. Енді қоя салуға кеш. Тыныштықбектің «Жаным менің тұр қазір сым ұшында» дегеніндегі күйді кештім.
Бүгін оның, «алты гүлімнің» туған күні еді. Тым жақын араласып кете қоймасақ та, жылда ұмыт қалдырмайтын атаулы датам еді. Бүгін де ақ тілегімді ақтарғым келді, жылы лебізімді жеткізгім келді. Есіме өткен күн елестері орала берді. Ұялшақ қыздың ұяң қылығы бойымды билеп кетті. Арқам шымыр еткендей болды. Қаншама уақыттан бері дауысын енді естиін деп тұрмын. Оның үстіне, қуанышты күнінде. Ол да шалғайда жүрген менің хабарымды біліп шаттанар еді. Он алтымда алғаш көріп басқа түк те көрмей қалғанымды есіме алдым. Жүрегім аузыма тығылды деуші еді, менікі сыртқа шығып кетердей болып атқақтап кетті. Осы бір сәттер осы күнге дейін кешкен сезімімнің салмағындай болып тұр дәп қазір. Қалай амандасып, қалай хәл-жағдай сұрасатынымды да, қандай тілек айтып, қалай сөйлесетінімді де бағана екі сағат бойы постта тұрғанда ойланып қойғанмын. Құттықтау бағдарламасы, әлде тостым дайын. Әлі де сүйетінімді, сағынғанымды, аман-есен елге оралған соң көңіл жарастырмақ ниетім барын да айтпақпын. Тек телефон тұтқасын көтерсе болды…
– Алло…
Алты жыл бұрынғы қалпынан еш айнымаған, балғын, пәк, нәркес үн. Бейкүнә дауыс. Әуен…
Менің дауысымды діріл жеңіп кетті. Қапелімде не айтарымды да білмей абдырап қалған мен, бағанағы батырлығымды таппай қалдым.
– Алло! Мен … Атымды айттым. «Қалың қалай?»
Осы бір басы мен аяғы қияметтің қыл көпірінен өткендей зорға жинақталған сұраулы сөйлем тамағымнан әрең шықты. Тіпті өз дауысымды өзім естімедім. Колашников автоматын автоматты қалыпқа қойып, шүріппені басып қалғанда «дыррр» етіп төрт-бес оқ атылатын. Сол оқ атылғандай айттым. Бірақ қару қиналмай-ақ ататын. Мен кәдімгідей қысылдым. Оқ атылған автомат дүмінің басындағы «жалын сөндіргіші» қызып кететін. Менің бетім құлағыма дейін қызарып, тамағым кеуіп кетті. Онсыз да шөлім қанып, таңдайым жіпсіп жүр еді.
Мен кешкен сезімді, ең алғашқы һәм соңғы махаббатымның, дауысын естіген кезде кешкен сезімімді… өзге түгіл өзім түсініп болмаймын…
Ал ол, телефонның арғы жағындағы қол жетпес, бұл қоңырауды әдеттегі құттықтаулардың бірі деп қана қабылдаған болуы керек.
– Ммм… (ааа, сен бе? – дегендей). Жақсы…
Болды. Арғы жақтағы, ендігі жат дауыс басқа түк те айтпады. Мен де «Сол, сені туған күніңмен құттықтайын деп…» сөзімнің аяғын жұтып қойдым.
Әрине «Рахмет!» деген жауабын естідім бе, естімедім бе бұдан кейінгісі еш маңызсыз еді. Қолыма зорға түскен телефон қолымнан қалай түсіп кеткенін де аңғармадым… Жас келді көзіме. Тамағыма өксік тірелді енді. Сездірмедім бірақ өзгеге. Тізесі бір қалтырағанды қалпақтай түсіретін қатал заңы бар бұл жердің. Қаруластарым мазақ қылмасын дедім. Бекініп жүре бердім. Бірақ, бұлай қор болғаннан, қатарластарымның келеке қылғаны жеңіл тиер еді.
Сағынышын басамын деп соққан қоңырауынан сағы сынбаса да салы суға кеткен сарбаз үшін бұдан асқан соққы жоқ еді.
Әскер қатарына сол үшін келгенімді, ертең «Менің азаматым азамттық борышын өтеген» – деп мақтаныш етсін деген арманым да, физикалық ауыртпалықты емес, санаға түсер салмақты соған деген сезімнің күшімен көтеріп жүргенімді де, ертең қайтап барғанда, қолындағы бір құшақ раушанның иесі қарсы алдымнан күлімдеп күтіп алады деген үмітім де, бәрі-бәрі бір-ақ сәтте жоқ болды. «Жоқ». Әскерде бұндай сөздің болмайтынын білемін. Бірақ бұнда келгелі бұл сөзді бірінші рет ауызға алдым.
Енді түк те жоқ!…

***


Қаладан келген мұғалім мен ауыл қызының махаббат дастаны – «Қыналы қар» түрік фильміндегі «Алла-ай! Алла-ай!» деп зыр жүгіріп жүретін жынды Қамбар есіме түсті бүгін. Алып-ұшып сүйгенін іздейді ол, аңсайды ғашығын, жылайды, қайғырады, мұңданады. Ал, Зехрасы тұрмыста. Өз қалауымен емес, еріксіз қосылған. Ол да Қамбарды көңіліне серік тұтады. Амал не, жүрегі қалаған жаннан бойын аулақ ұстауға, қашқақтауға мәжбүр.
Жынды Қамбарымыз есуас болғанымен, есі бар, түйсігі ояу, сезімі сергек жан. Зехрасының абыройы үшін енді көзіне көрінбеуге, ойламауға, ұшырасып қалмауға тырысады. Бұрын өзіне ең ыстық көшенің, Зехра тұратын көшенің бойын кезе беретін, енді оны да қойды. Міне, осы тұста күрес, өз сезімімен арпалыс басталды:
Қамбар екі көше түйісетін жерге тас әкеп үйе бастады. Жолға көлденеңінен қатар-қатар қойып шекара жасады. Екі араны өліп тұрды бұл – шекара. Енді арғы бетке өтпейді, өте алмайды. Солайша өзіне де, сезіміне де тосқауыл қойды. Күнде кешкісін аңсары ауып Зехрасын іздейді. Көше кезіп жүріп, өзі жасаған шекараға тіреледі. Өте алмайды ары. Жанын жегідей жеген мұңмен арпалысып кері қайтады. Күнде осы.
…Қашанғы шыдасын ғашық жүрек, асық көңіл?! Тағы келді бұл жерге. Ары өте алмайды, кері кете алмайды. Арпалыс. Іштегі екеудің айқасы. Ерік өзінде еместей, жүрегі ақылына бағынар емес. Ақыры… ақыры өз қолымен жасаған тосқауылдан аттап өтті. Арғы бетке. Өмірінің мәні, әні, сәні де сол бетте, сол көшеде. Бітті, жан арпалысы, сезім таласы, ақыл мен еріктің күресі, азап – бәрі бітті. Өз-өзімен күресте, махаббат пен ғадауат майдандасқан күресте пәк сезім жеңіске жетті. Аяғы әйбат біткен ертегідей қос ғашық табысты.

***


«Хат дегенің құпия сыр, жыры көп,
Тұрған шығар туған ауыл үні кеп…
Құрбы қыздар күтіп жүрген алыста
Сақшыларға хат жазыңдар жиірек!», – дейді Сағи ақын. Мен де әскер қатарында жүрген бір жылда бірнеше рет хат алдым. Алты ай бойы үйге телефон шалмадым. Тек қана хат арқылы сөйлесетін едік. Әскерге келгендегі бастапқы мақсат та сол еді. Қалтамдағы қойын дәптеріме түртіп қойыппын: «07.02.16 жыл. Бүгін үйден хат келді. Алғашқы хат. Осы хат еске салып ұмытылмас сәттерді, балалағымды көз алдыма қайта ап келді. Тебіреніспен жазылған ата-анам мен қарындасымның хаттарын толқыныспен оқыдым. Жас келді көзіме, сағыныштың тамшыларындай боп».
Әскери салт бойынша, хатты алу үшін де біраз тер төгуің керек. Хатты «Сүйіншілей» жеткізген Бағдат досымнан менің атыма келген хатты бар өнерімді салып, билеп беріп алдым. Мен қуаныштымын, ол да көңілді. Қызық болып еді.
Бұдан кейін де достарымның той қызықтарымен бөліскен хаттары, фотосуреттері жетті. Айдын Байыс пен Әлия Іңкәрбектің өлең-хаттарының орны бөлек.

***


Пенза қаласында әскери қызметте болған Серік Ақсұңқарұлының бір топ өлеңін «Лениншіл жас» газетінің 1976 жылғы 185-ші санына Дәуітәлі Стамбеков жариялапты. Сол сарғайған газеттерді ақын досым Айбол Исламғалиев тауып алып, ФБ-дағы парақшасына жариялады. Сол жазбаға пікір білдірген ақын: «Мені «Совет Одағындағы ірі коррупционер – 25 жасқа келсе де әскерге бармаған» деген айыппен Жезқазғаннан Пензаға салып жіберген. ВВ-ның Өте Құпия Бөлімінде болғанмын. Түрме емес, құпия қала күзеткем, онда не шығатынын, біз түгілі, жоғары шенді офицерлер де білмейді. 2 жылда 250 грамм арақ ішпей елге қайтқам. Қандай қатал жерде болғанымды біле бер енді» – деп еске алады. Қатарынан кешігіп барған (4 жыл студент болдым) мен ғана ма десем, Серік ағамның ізімен жүрген екем. Мен де бұрынғы ВВ-ның (Ішкі әскер), қазіргі Ұлттық Ұланның резервтік «Миротворческий полкында» болдым. Қала, түрме күзетпейміз, тек қана лаңкестік топтарға қарсы күреске дайындаламыз, көтерілістерді басуға машықтанамыз. Бір жыл «Қорапта» жүрдік. «Қандай қатал жерде болғанымды біле бер енді».

***


Жеңіс Естілеудің Төлеген Айбергенов туралы естелігінен оқығаным бар: «…«Өтті ғой, сәулем, ай талай» әнін бірнеше рет қайталатты. Тағы бір айтшы, – деді. «Бізді мазаламаңдар», – деп жігіттерді бөлмеден шығарып жіберді: «Біз шамалы жұмыс істеп тастайық». Бір кезде қағаздан басын жұлып алып маған күле қарады.
– Тыңда:
«Мен жүрмін сені «Күнім», – деп,
Сен де едің маған құмар шын,

Қоштасқаныңмен күлімдеп,
Жылап та жүрген шығарсың.

Көп болды көрмегелі де,
Көрдің деп сен де айта алман.
Сезімнің пернелерінде,
Көгілдір көлім шайқалған.

Солдат боп жүрген кезімде,
Таң да боп талай атты арман.
Сен салған аппақ қайыңның
Жапырағындай хаттардан…»

– Аға, «Солдат боп» деген сөзді өзгертсеңіз қалай болар еді? Неге десеңіз, бұл ән тек жігіттерге арналған емес қой…
– Оның да рас. Мен өзім жалғыз бала болғандықтан әскерде бола алмадым. Сенің әскерде болып қайтқаның қандай бақыт. Шынымды айтсам, осы мен сенің әскерде болғаныңды қызғанамын. Өзім де сол солдаттықты армандаған соң жазып отырмын. Несі бар, қыздар айтса, сол жерді «Шалғайда жүрген кезімде» деп-ақ көрсін. Солай айтып көрші…
Мен әнді тағы бір қайтара орындадым…»


***


Ұлы Отан соғысы кезінде жас сержант командиріне келіп: «Мені жауынгерлік қызметке көп араластырмадыңыз, жауапты тапсырмаларды жүктеп алғы шепке көп жібермедіңіз. Сіз маған сенбейсіз. Ал, анау сержантты (жасы өзінен әлдеқайда үлкен сержантты нұсқап) жаныңыздан тастамайсыз. Бұл қалай болғаны?!, – деп өкпе-назын айтыпты.
Сонда көпті көрген, оқ пен отты көрген командирі: «Оның да өз мәні бар. Сен әлі жассың, басың бос, еліңде болашық жарың, беліңде ұрпағың жүр. Ал, басқаларының артында бір-бір атұстарлары қалған. Сені ұрысқа әзірлеп, нағыз жауынгер етіп шығаруға құқым болғанымен, болашағыңа балта шаубуға қақым жоқ. Алда-жалда оққа ұшсаң қайтер едім», – депті.

***

Жазушы Дулат Исабеков «Гаухар тасты» әскерде жүргенде жазыпты. Шіркін, мен де осы ұлы хикаяттай өлмес өлең жаза алар ма екенмін?

***


Мен әскерде жүргенде естіген екі жаңалық жүрегімді толқытты. Біріншісі қайғыға малса, екіншісі айбынымды асырды. Біріншісі Әбіш Кекілбаевтің дүниеден озғаны болды, екіншісі Кейкі батырдың басының елге әкелініп, туған жерден топырақ бұйырғаны. Алғашқы суық хабарды жеткізген Темірхан Медетбектің жоқтау жыры. «Алтай мен Алатаудай биік, Сарыарқадай кең, Маңғыстаудай бөлек, Атыраудай терең, шетсіз-шексіз тұтас бір әлем» Әбіш ата жайлы:
Сенің де кеткенің бе?
Ешкімге опа бермейтін
Мына жалған тірліктен
Сенің де өткенің бе?!
Әлде сенің өлімің де
Қалың қазақ үшін
Атаулы күн болып қалар
Текті өлім бе?!,
– деп күңіренген екен Темірхан көкем.
Екінші жаңалықты жар қылған Серік Ақсұңқарұлының жыры: «…Бас келеді баса-көктеп ғасырды, Әлихан мен іздеп Қаныш… Қасымды; Қарай бермей жаутаң-жаутаң төменге, Көкке қарай көтер, қазақ, басыңды!»

***


Мінезі өткір, намысшыл, өтірік пен сатқындыққа жаны қас, әрі көзсіз ерлікке құштар Төлеген Тоқтаров майданға 1941 жылдың желтоқсанында шақырылады. Комиссия мүшелерінің «Қай бөлімге барғың келеді?» деген сауалына «Қай бөлімде жауды көп құртуға болады, мені сонда жіберіңіздер», – деп жауап қайтарыпты. Артиллерияшы Төлеген кейін генерал-мойор И.Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясына қосылады. «Ажалдың көзіне тура қара, кірпік қақпа. Сонда сенен ажал қорқады, сен жеңесің», – деген 23 жасар батырға Рамазан Елабаев «Жас қазақ» ән-реквиемін арнаған еді. Ал, қазір бізде ажал түгіл, айнаға тура қарауға қорқатындар көбейіп барады.

Ертай ақын Ашықбаевша айтсам, он сегіз бен жиырманың арасы – жалғыздық, сағыныш, үміт. Әлі ескіре қоймаған альбомымды ақтарсам, Қаракемер дейтін жарық мекенді көремін. Аты қара болғанмен, сол жердегі жарқын күннен үміт күткен жастардың жанарындағы жарқылмен жарқыраған мекен.

Қатардағы Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

(Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды)

Пікір үстеу