XXI ғасырдың басты капиталы мұнай да, газ да, тіпті қаржы да емес. Бүгінгі әлемде елдің қуатын айқындайтын негізгі фактор ретінде білім мен технология алға шығып отыр. Соның ішінде жасанды интеллект технологиялары адамзат өркениетінің жаңа даму кезеңін бастап берді. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары жасанды интеллект интернеттің пайда болуы немесе өнеркәсіптік революция сияқты адам өмірін түбегейлі өзгертетін құбылысқа айналады.

Қазақстан жаһанды жаулаған технологиялық өзгерістер мен ілгерілеушіліктерден шет қалып отырған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынып, цифрлық трансформация мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде ерекше назар мен артықшылықтарға ие болуда. Осыған орай биыл еліміздің білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге арналған кешенді жоспар әзірленіп, республика көлемінде пилоттық жоба іске қосылмақ.

Әлем қай бағытта кетіп барады? 

Әлемнің дамыған елдері білім беру жүйесін жасанды интеллект технологияларымен толықтыруға әлдеқашан кірісіп-ақ кетті.  Мысалы, аспан асты елінде – Қытай мектептерінде оқушылардың үлгерімін саралайтын AI жүйелері енгізілген болса, Оңтүстік Корея цифрлық оқулықтар арқылы дербестендірілген оқытуды барынша дамытып келеді. АҚШ мектептерінің басым бөлігінде ChatGPT, Gemini және басқа да интеллектуалды жүйелерді оқыту процесінде қолданудың арнайы ережелері әзірленген екен.

ЮНЕСКО сарапшылары жасанды интеллектінің білім саласына келуі оқушылардың қабілетін ертерек анықтауға, оқу материалдарын даралауға және мұғалімдердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретінін айтып-ақ келеді. Десек те, әлеуеті озық елдердің сарапшылары технологияны толыққанды мұғалімнің орнына қоюға болмайтынын да жиі ескертеді. Тәрбие беру, тұлға қалыптастыру, адамгершілік құндылықтарды сіңіру тек ұстаздың қолынан келетін міндет дейді мамандар.

Қазақстанның жаңа бағдары

Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға қатысты ауқымды мемлекеттік саясат қалыптасып, нақты жоспар-жобалар, бағыт-бағдарлар түзілген. Мұны Мемлекет басшысы да жіті назарында ұстап, заңнамалық тұрғыдан қамтылуына маңыз беріп отыр.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау жөніндегі 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленуде.

Бұл жоспар бірнеше негізгі бағыттан тұрады. Атап айтсақ – мектептердің цифрлық инфрақұрылымын жаңарту; педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру; жасанды интеллект негіздерін оқыту; дербестендірілген білім беру жүйесін қалыптастыру; оқушылардың жеке деректерін қорғау.

Министрлік ұсынған пилоттық жобаға республика бойынша 500 мектеп қатысады деп жоспарланған болатын. Қазір осы бағытта кең ауқымды жұмыстар жүзеге асып та жатыр. Пилоттық жобаға қатысушы білім ұйымдарының қатарында 100 «Келешек мектебі», 150 жалпы білім беретін қала және ауыл мектебі, сондай-ақ 250 шағын жинақты мектеп бар.

Бұл ретте мемлекет ең алдымен ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуды көздеп отыр.

Павлодар облысы  – пилоттық өңір

Айта кетелік, ауқымды жобаның алғашқы кезеңіне Павлодар облысы арнайы таңдалған өңірлердің қатарына енгені мәлім. Павлодар мен Қызылорда облыстары еліміздегі жасанды интеллект технологияларын мектептерде сынақтан өткізетін негізгі алаңдардың біріне айналуы қажет.

Осылайша, алдағы жаңа оқу жылынан бастап өңірдегі бірқатар білім беру ұйымдарында жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Әсіресе шағын жинақты ауыл мектептеріне ерекше көңіл бөлу көзделген. Жобаның бастапқы кезеңінде Павлодар, Железин, Ақтоғай, Ертіс және Аққулы аудандарындағы бес ауыл мектебі қамтылып отыр.

Міне, осы аудандарда шоғырланған мектептердің төртінші сынып оқушылары үшін арнайы бағдарламалар дайындалуда. Бұл нені береді? Бағдарлама бойынша оқушылар сабақ барысында жасанды интеллект туралы бастапқы түсінік алып, цифрлық сауаттылық негіздерін меңгереді. Сонымен қатар ақпаратты іздеу және өңдеу дағдыларын дамытып, қауіпсіз цифрлық ортада жұмыс істеуді үйренеді. Бұған қоса математика, цифрлық сауаттылық және «Ана тілі» пәндерінде де AI элементтері қолданылатын болады.

Жасанды интеллект жеке пән бола ма? 

«Жасанды интеллект мектептерде жеке пән ретінде енгізіле ме?» деген сұрақ жұртшылық арасында жиі қойылып жүргені рас. Мамандардың айтуынша, алғашқы кезеңде бұл толыққанды пән емес, пилоттық оқу курсы түрінде жүзеге асырылады.

Әлемдік тәжірибеге көрсетіп отырғандай, алдағы жылдары жасанды интеллект негіздері информатика секілді дербес білім бағытына айналуы да әбден мүмкін. Өйткені болашақ мамандықтардың басым бөлігі жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын кадрларды талап ететіні анықталуда.

Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамынша, 2030 жылға қарай еңбек нарығындағы мамандықтардың едәуір бөлігі цифрлық технологиялармен тікелей байланысты болады. Сондықтан бүгінгі оқушы ертеңгі күні тек технологияны пайдаланушы ғана болып қалмай, оны басқарушы әрі жасаушыға айналуы тиіс.

Мұғалімнің рөлі қалай өзгермек? 

Сөз жоқ, жасанды интеллект жүйесіне үреймен қараушылар, түрлі алаңдаушылыққа салынушылар қоғам арасында аз кездеспейді. Жасанды интеллектінің білім саласына жаппай         ене түсуі кейбір адамды түрлі ойлар мен пайымдарға тіреп қойды. Осыдан соң: «Енді мұғалімнің орнын компьютер баса ма?» деген сұрақ та жиі қойылады. Сарапшылар мұндай қауіптің жоқ екенін айтып, оның алғышарттарын алға тартып жүр. Олардың сөзінше, мұғалімді ешқандай технология алмастыра алмайды, керісінше, жасанды интеллект мұғалімнің көмекшісіне айналады.

Мысалы, жасанды интеллект жүйесі мұғалімге сабақ жоспарын әзірлеуге, түрлі тапсырмаларды құрастыруға, оқушының үлгерімін талдауға, білімдегі олқылықтарды анықтауға, жеке оқу кеңістігін яки траекториясын қалыптастыруға жан-жақты көмектеседі.

Министрлік мәлімдеген ақпаратқа сүйенсек, бүгінге дейін еліміздегі 350 мыңнан астам педагог цифрлық технологиялар мен AI құралдарын қолдануға қатысты арнайы курстардан өткен. Бұл білім беру жүйесінің жаңа кезеңге барынша дайындала бастағанын көрсетеді.

Ұлттық AIплатформа не береді?

Жобаның маңызды бөлігінің бірі – ұлттық AI-білім беру платформасын құру. Бұл жүйе әр оқушының білім деңгейін жеке талдай алатын мүмкіндікке ие. Мысалы, белгілі бір оқушы математикадан әлсіз болса, жүйе соған сәйкес қосымша тапсырмалар ұсынады.

Ал оқу материалын жақсы меңгерген балаларға күрделірек деңгейдегі тапсырмалар беріледі.

Осылайша оқыту процесі бірізді емес, әр баланың қабілетіне бейімделген дербестендірілген форматқа көшеді. Зерделей қарасақ, соншалықты қиын ештеңесі жоқ. Қарапайым әдіс-тәсіл, оңтайлы мүмкіндіктер.

Цифрлық қауіпсіздік – жіті назарда

Бұған дейінгі жазбаларымызда да атап көрсетттік, жасанды интеллектінің мүмкіндігі мол болғанымен, қауіп-қатерлері де жоқ емес. Осыған байланысты елімізде балалардың жеке деректерін қорғауға ерекше көңіл бөлуді Мемлекет басшысы да нақты атап көрсеткен еді. Бұл бағыт бойынша салалық министрлік арнайы нормативтік құжаттар әзірлеп жатыр.

Мектептерде, білім бөлімдерінде және министрлік құрылымдарында жеке деректердің қауіпсіздігіне жауапты мамандар белгіленбек. Бұл өте маңызды мәселе. Себебі цифрлық дәуірде ақпараттың қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тең деңгейде қарастырылады.

Ауылдық һәм шағын жинақты мектептердің ахуалы 

Пилоттық жобадағы ерекше маңызды тұстың бірі – шағын жинақты ауыл мектептеріне басымдық берілуі. Бізде ауыл мектептерінің көпшілігі кадр тапшылығы, материалдық база мен білім сапасына қатысты қиындықтарға тап болып келеді. Құзырлы органдардың айтуынша, жасанды интеллект технологиялары осы олқылықтардың орнын толтыруға оң мүмкіндік береді.

Мысалы, жаңа технологиялық жүйені қолдану арқылы сапалы цифрлық контентке қол жеткізуге, үздік мұғалімдердің сабақтарын үлгі ретінде ұсынып, тәжірибе жүзінде пайдалануға, оқу нәтижелерін автоматты түрде талдауға, қашықтан кеңес беру мүмкіндіктерін арттыруға жол ашылады. Бұл тармақтардың барлығы да ауыл балаларының білім сапасын көтеруге ықпал етуі мүмкін деп отыр сарапшылар.

Адами капитал бәрібір алда тұр

Жасанды интеллект қаншалықты тереңдей дамығанымен, оның мүмкіндігі шексіз емесін әлемдік кеңістікте осы жүйені жасап-ұсынушылардың өздері мойындап отыр. ЖИ дегеніңіз шығармашылық шабытты, адами сезімді, ұлттық құндылықтарды және тәрбие беруді алмастыра алмайтыны даусыз, әрине. Міне, осыны ескере отырып, еліміз білім беру жүйесінің болашағын технология мен адам арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып қалыптастыруға ден қоюда. Жасанды интеллект – құрал. Осы құралдың мүмкіндіктерін ұтқыр  пайдалана отырып, заман талабына сай ойлайтын, технологияны меңгерген, бірақ ұлттық құндылықтарынан ажырамаған білімді ұрпақ тәрбиелеу – басты мақсат.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Павлодар облысында бастау алған пилоттық жоба осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Егер жоба өз тиімділігін дәлелдесе, алдағы жылдары Қазақстан мектептері цифрлық дәуірдің жаңа моделіне қадам басып, жасанды интеллект білім берудің ажырамас бөлігіне айналуы әбден мүмкін.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий