(Алтынбек Құрмановтың «Көне көктау оттары «кітабы жайлы)
Ана бір күндері Баянауылда «Сарыарқа сыры» деп аталатын визит орталығы ашылып, сол күні жергілікті өлкетанушы, ауданының Құрметті азаматы, «Туризм саласының үздігі», «Үздік өлкетанушы» төсбелгілерінің иегері Алтынбек Құрмановтың «Көне Көктау оттары» атты кітабының тұсаукесері де бірге өткен болатын. Осы кітаптың жарық көруіне себепкер болған облыс басшысы Асайын Байханов іс-шараға бастан-аяқ қатысып, ел-жер тарихына қатысты осындай еңбектердің өңіріміздің өткенін танудағы орны бөлек екенін айтқан.

Біз де осы жиынға арнайы келіп, жаңа кітаптың тұсауын өз қолымызбен кесіп едік. Және «Көне Көктау оттары» кітабы мен оның авторы Алтынбек бауырымыз жайлы әлеуметтік желі бетінде бірер ауыз пікір білдіру ойымызда жүретін. Соның сәті енді түсіп отыр.
Баянауылда Алтынбек Құрманов атты өлкетанушының бар екенін осы өңірге ат басын бұрып жүрген былайғы жұрт жақсы біледі. Сонау бала күнінен ел мен жер тарихын зерделуге әуестеніп, үлкендерден естігенін жадына түйіп, бүгінге күнге жеткізіп жүрген осы Алтынбек бауырыма қарап отырып «әр аймаққа осындай бір-бір Алтынбек керек-ау» деген ой келеді. Себебі, уақыт өткен сайын, өлке тарихына қатысты қайсыбір деректер, адам аттары, оқиғалар біртіндеп ұмытылып барады. Сондықтан өлке тарихын жаңғырту деген менің ойымша назардан әсте тыс қалдыруға болмайтын жұмыс. Себебі, ұлт тарихы әр өлкенің, әр аймақтың тарихынан құралатыны белгілі.
Бүгінде Баянауыл Ұлттық паркінің құрамына кіретін Қоңыр әулие үңгірінде шырақшы болып қызмет атқарып жүрген Алтынбек Жұматұлы әр өңірден сапарлап келген жолаушыларға Баянауыл-Қызылтау жерінің арғы-бергі тарихынан небір ақпарат, деректер беріп, риза қылып аттандырып жатады.
Ол өз алдына. Алтынбек Мәшһүр Жүсіп әулиеге қатысты көпшілік біле бермейтін біраз дүниелерді әңгімелеп жүреді. Бұның бәрін кезінде Мәшекеңнің соңына ерген Иманғали Мәненұлы атамнан ұғып едім дейді өзі. Сол уақытта Имекең ақсақалдың әңгімесін кім тыңдамады дейсің, бірақ соны ұғып, зердесіне түйіп, бүгінге жеткізіп отырған осы Алтынбек қана.
«Айдабол Шонты би менің тікелей бабам» деп жазады Алтынбек осы кітабында. Ол да рас. Заманында Баян елінде сөз ұстаған Шонты би жайлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да өз еңбектерінде әңгімелейді.
Мәшекеңнің «Шоң бидің Қуандық еліндегі асқа баруы» атты әңгімесін оқыған шығарсыздар? Осы аста Шоң би Орманшы Сақау ақынды Енем Тоқасынан шыққан Күшікбай байдың баласы Өтебай жындыға жұмсайтын жері бар. Әкесіне 12 мың жылқы біткен Өтебай жынды жиынға келерде «асқа жиналғандардың бәрінен биік болам» деп, жүз жылқының құнына асыл таспен безендіріп сәукеле тіктіріп киіп, түйеге мініп келген екен. Шоң Сақау ақынды осы Өтебайға жұмсап, «сәукелесін сұра, бермейінше кетпе» деп тапсырады. Сақау ақын Өтебай жатқан үйге барып, бүкіл Қуандықтың аруағын өлеңмен қозғап, ақыры ерікке қоймай сәукелені алып, Шоңға жеткізіпті. Сонда Шоң: «… Сегіз ұлдың соңынан көрген жалғыз қызы …жанды ұзатқанда басына кигізсін» деп, сәукелені Шонтыға байлады дейді. Шонтының қандай адам болғанын осыдан-ақ білуге болады.
Осы Шонты әулетіне ұсталық өнер де қонған. Мұса мырзаның заманында темірден түйін түйген Құлмағамбет ұста Омбы, Санкт-Петербург қалаларында өткен халықаралық көрмелерге қатысып, лайықты бағасын алған екен.
«Айдаболдың Жанғозысынан туатын Төлебай бабам да ұсталық өнерді ұстаған. Жорықта жүргенде қанжығадағы қоржынының бір жағына көшпелі көрігін, бір жағына көмір салып жүреді екен. Найза мен жебенің ұшы, қылыштың жүзі мұқалса, дереу аттан түсе қалып, көрігін қыздырып жіберіп, қаруды шыңдап алып, әрі қозғалады екен. Төлебай бабамыздан қалған көрік ұрпақтары – Байбақы, Құлмағамбет, Жалбақай, Жәми, Құрмандарға ауысып, менің әкем Жұматқа жеткен» деп жазады Алтынбек осы кітабында.
Алтынбектің Төлебай бабасы – XVIII ғасырда жасаған тарихи тұлға, Қанжығалы Бөгенбайдың замандасы. Төлебайды Мәшһүр Жүсіп өз жазбаларында «Мерген Төлебай», «Қу жарғақ Төлебай» атанған теңдессіз мерген деп бейнелейді. Атақты Тама Сарыбас мерген: «Менен мергендік асырған Айдабол Төлебай ғана», – деген екен деп жазады.
Төлебай мерген жөнінде тағы бір дерек, оның Бөгенбай батырдың жорықтас, қарулас, үзеңгілес серігі болғаны жайлы. Ерейментауда Бөгенбайдың ағасы Көлбайдан тарайтын Молдажан Жадайұлы деген ақын болған. Сол кісінің өлең-жырларынды мына бір оқиға баяндалады. Сол заманда оңтүстік өңірден бері ауып келе жатқан Жеті Момын балаларының (қанжығалы, атығай, қарауыл) арасына алауыздық кіреді дейді Молдажан. Олардың біразын Әбілқайыр хан үгіттеп, менің қоластыма келіңдер, жер берем дегесін, атығай, қарауыл ұрпақтары және қанжығалылардың Бозым бөлімі (арасына Үмбетей жырау да бар) батысқа қарай кетеді. Бөгенбай бұларға тоқтау айтқанымен, көне қоймапты. Оларға сөзі өтпегесін, Бөгенбай өз ауылымен Сарысудың бойына қарай түседі. Сонда Бөгенбаймен бірге Қанжығалының Бозым атасынан бөлініп Жантай батыр өз ағайынымен және Сүйіндік-Құлболдылардан бөлініп Төлебай батыр қосылыпты. Осыған қарап, Бөгенбай мен Төлебайдың қиыспас дос болғанын байқаймыз. Себебі, ол заманда өз аталастырынан бөлініп басқаға қосылу деген бола бермейтін жайт.
Төлебай жайлы тағы бір дерек Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» дастанында айтылады. Абылай ханның баласы Қасым төре қалмақ қызы Топыш сұлуға құда түсе барғанда, Қарауыл Қанай бидің, Айдабол Төлебай мергеннің және өзінің Қасымға бірге ергіп барғынын жырлайды. Бұл да ескеретін бір дерек.
Енді Алтынбектің кітабы туралы айтсақ. Бұл басылымға оның көп жылдардан бері баспасөз бетіне шығып жүрген мақалалары, зерттеу еңбектері, мұрағаттық құжаттар енген. Кітап бес бөлімнен тұрады. Оның барлығын саралап айтуға мақаланың көлемі көтермейді. Қысқа қайырып айтар болсақ, Баянауыл-Қызылтау, Желтау, Далба жерінің өткен тарихына қатысты көптеген мәліметтер, осы өлкеден шыққан тарихи тұлғалар жайлы ұшан-теңіз деректер бар. Оны оқыған адам өзі бағалай жатар дедік.
Көпке белгілі, Баянауыл жері жайлы жазылған дүниелер жетерлік. Оның ішінде көркем әдебиет, деректі кітаптар да бар. Алтынбектің осы еңбегі Баян жерінің тарихнамасына қосылған тағы бір қомақты зерттеу деп түсіндік.
АЛТЫНБЕККЕ
Беу, Алтынбек, не дейін зерделі інім,
Тарту жасап жатсың ба елге бүгін.
Баян деген мына жұрт өнегелі,
Тарихының өшпейтін өрнегі мың.
Сен жүресің, әйтеуір, жалықпастан,
Бабалардың кешегі тербеп үнін.
Білгеніңді келесің жұртқа жайып,
Пенделердің жасамай пенделігін.
Өлкетану дейтұғын бір «кие» бар,
Сол «киеге» ұрынып сен де бүгін,
Сол «киеге» ұрынып мен де бүгін,
Бабалардан қап қойған бес ауыз сөз,
Шығарамыз деп соны өрге бүгін,
Ей, Алтынбек, жүреміз, зерделі інім!
Құт орнаған бүгінде кереге-төр,
Баба сөзі болады неге бекер?
Аруағың тұр төбеңде – ер Құлболды,
Қысылғанға қамқор боп жебеп өтер.
Шоң дейтұғын аталы иесі бар,
Мәшһүр сынды баталы киесі бар,
Баян деген осынау керемет ел!
Баянаула – шыққасын сүйікті елден,
Өзің едің бар-жоқты жиып-терген.
Тәңір шығар, бауырым, аспандағы,
Көкірегіңе осыны құйып берген.
Бар тілегім ағалық айтар саған:
Ақбеттаудың асқарлы төбесіндей,
Көріне бер қашанда биіктерден!
Сайлау БАЙБОСЫН.
