Қазақстанда балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жалғасуда. Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде. Бүгінде болжанған бала санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84%-ы мектептерге қабылданды.

Қабылданған балалардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық бала қабылданды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала қабылданды.
🗣Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде, 26%-дан астамы орыс тілінде, тағы 2,5%-ға жуығы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдаған. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданды. Бұл ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүргізілуде. Өтініштер 2026 жылғы 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылданады.

Өтініштердің 84%-ға жуығын ата-аналар электрондық форматта берген. Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ таңдалған мектепке тікелей тапсыруға болады.

Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында – 50 мыңнан астам, Алматы облысында – 35 мыңнан астам, Астанада – 33 мың, Алматыда – 31 мыңнан астам және Шымкентте – 29 мыңнан астам болады деп күтілуде. Бұл осы өңірлердегі халық санының көптігімен және туу деңгейінің жоғары болуымен байланысты.
❗️Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға құжаттарды уақытылы рәсімдеуді ұсынады. Қосымша ақпаратты таңдалған мектептен, eGov.kz порталынан және eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.

https://www.gov.kz/memleket/entities/edu

Добавить комментарий