Алғашқы дауыс берген павлодарлық сайлаушылар сыйлыққа ие болдыКонстантин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс тұрғындары үшін дауыс беру 522 сайлау учаскесінде өтеді. Оның 140-ы облыс орталығында орналасқан,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын мемлекеттік әнұранмен бастады. Сайлаушыларға есігін айқара ашқан учаскелер алғашқы сайлаушыларды қабылдады.

Дауыс беруге асыққан жанның бірі — Аққулы ауданының мемлекеттік қызмет ардагері Хамиля Хасенова. Сонымен қатар, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Қайрат Карпаев, аудан педагогтері – А.Баймолдин атындағы орта мектептің тарих және география пәндерінің мұғалімі Гүлзар Ибраева мен Бесқарағай орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Зура Қапанова да көпке үлгі болып, өз таңдауларын жасады. Алғашқы дауыс бергендердің барлығына естелік сыйлықтар табысталды.

Хамиля Хасенова  – Аққулы ауданында мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан жан.

— 1983 жылдан бастап «Аққулы аудандық ауылшаруашылық мамандандырылған» шаруашылығында жұмыскер болып еңбек жолын бастадым. Содан бері елдің мүддесі үшін еңбек етіп келе жатқан мен үшін Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауымды жасауым  –  менің басты міндеттерімнің бірі деп санаймын, – деді ол.

Айта кетелік, сайлау комиссияларының құрамында 3-4 мыңнан астам адам бар. Барлығы 145 депутат сайлануы тиіс. Бұл мандаттарға жеті саяси партиядан 545 кандидат тіркелген.

Өңірде шамамен 500 мың сайлаушы бар. Бюллетеньдер заң талаптарына сәйкес сайлаушылар санына бір пайыз қосу арқылы әзірленген.

Дауыс берудің қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөлінді. Өңірдегі 522 учаскенің 21-іне кіру мүмкіндігі шектеулі. Олар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, уақытша ұстау изоляторларында, ауруханалар мен санаторийлерде орналасқан.

 

 

Добавить комментарий