Бүгін – ұстаздар күні. Қадірлі мамандық иелерінің мерекесінде қаламгер-ұстаздардың ағашқы ұстаздары туралы ой-толғаныстарын оқырман назарына ұсынамыз.
Өзгеге ұқсамайтын ерекше жаратылыс
Алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған шақта мұғалім деген жеті қасиетті әріпті өзіне міндет қылып, өскелең ұрпақ алдында жауапкершілік арқалап алған ұстаздардың біз үшін жол мен жөні бөлек. Басқа мұғалімдерден бастауыш сынып мұғалімі болу үлкен жүк, аманат. Себебі оқушының осы уақыттан дұрыс іргетасы бекісе, қабырғасы шайқалмайтын қамалға айналады.
Мен оқыған мектеп қасиетті қарашаңырағым Баянауыл ауданы, Шоманкөл ауылында бір заманда біз үшін үлкен болып көрінетін Шоманкөл бастауыш мектебі. Ол мектеп біз үшін қасиетті орда.
Өткенге көз жүгіртсем, біз алғаш мектеп деген өмірдің табалдырығын аттағанда мұғалім деген мейірімді жанның алғаш әріп танытып, қалам ұстатқан шағы бөлек еді ғой. Менің алғашқы мұғалімім өзі біртоға, сабырлы, салиқалы жан Мұхамедьярова Роза Сағидоллақызы. Еркелігімізді де, тентектігімізді де, барлығын көтере білген ерекше адам ғой. Ол кезде әр үйдің бір тентегін бағып, қағу оңай ма? Ауыл баласының көңілі әрқашан далада ғой. Сол шақта сырбаз сыр алдырмас мінезімен бәріміздің жүрегімізді баурап алды. Қызығы сол кезде мұғалім деген ауыл адамы емес, жеке бір өзгеге ұқсамайтын ерекше жаратылыс секілді еді.
Адам баласының ішінде әрине бір өкініш болары анық. Кейде осы Роза мұғалімге жасай алмай жүрген сый, көрсете алмай жүрген құрметімізді ойласам, орын таппай қаламын. Бұйыртса бұл азаматтық міндетімді өтеймін деген ойдамын.
Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» – деген екен. Құрметті ұстаздар қауымы төбелі төрден түспей, төбе көрсете беріңіздер!
Айбат ЫДЫРЫСОВ,
ақын, Ш.Шөкин атындағы мектептің мұғалімі, Баянауыл ауданы.
Ұстаз – шырақшы
Мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәтте әр баланың жүрегінде ерекше толқыныс пен үміт ұялайды. Мен үшін сол алғашқы қадамымның куәсі – Ертіс ауданы, Қарақұдық ауылындағы мектебім және мені білім әлеміне жетелеген алғашқы ұстазым Масалимова Гүлниза Тілеукенқызы. Бұл ұстаздың мейірімділігі мен парасаттылығы, әрбір оқушыға деген ерекше ықыласы мен үшін үлкен өмір мектебіне айналды.
Гүлниза Тілеукенқызы – сабырлы да салмақты, өз ісіне шын берілген педагог. Ол бізге тек әріптерді үйретіп қана қоймай, өмірдің құндылықтарын, адалдық пен еңбекқорлықты бойымызға сіңірді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, ұстазым бізге сабақты қызықты да әсерлі етіп жеткізетін. Әр сабағында болашаққа деген сенімімізді арттырып, өзімізді табуға жол сілтейтін. Ұстаздың мейірімі мен шыдамдылығы бізді биік мақсаттарға ұмтылуға шабыттандыратын.
«Мектеп – кеме, білім – теңіз» дегендей, алғашқы ұстаздың берген білімі мен өнегесі біздің өмірлік жолымызда шамшырақтай болып қалды. Гүлниза Тілеукенқызы арқылы білімге деген құштарлығымыз оянып, жауапкершілік пен адамгершіліктің мәнін ұқтық. Ол бізді біліммен ғана қаруландырған жоқ, әрқайсымыздың жүрегімізде өзімізге деген сенімділік пен батылдық ұялатты.
Ұстаз – шырақшы, ал шәкірттер – сол шырақтан жарық алған жан. Гүлниза мұғалім біздің жүрегімізде мәңгілік шырақ болып жанып тұрмақ.
Алмас АҚТАСОВ,
ақын, Ю.Гагарин атындағы мектептің мұғалімі, Ақсу қаласы.