Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды. Елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқанның шешуші кезеңі жақындаған сайын саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары да қыза түсуде. Партиялар өз бағдарламалары мен бастамаларын жұртшылыққа таныстырып, сайлаушылармен кездесулер өткізіп, ел дамуына қатысты ұстанымдарын ортаға салуда.
Бұл жолғы сайлау науқанының басты ерекшеліктерінің бірі – саяси бәсекенің мәдениетті әрі өркениетті сипатта өтуі. Сайлау барысын бақылап жүрген халықаралық байқаушылар да үгіт-насихат жұмыстарының ашықтық, әділдік және заң талаптарын сақтау қағидаттары негізінде жүргізіліп жатқанын атап өтуде. Саяси партиялардың өзара құрмет пен жауапкершілікті алдыңғы орынға қоюы қоғамдағы саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады.
Ендігі маңызды белес – 23 тамыз, сайлау күні.
Бұл күні негізгі таңдау халықтың қолында болады. Сондықтан сайлаушылардың белсенділігі айрықша маңызға ие. Әр азаматтың дауысы – оның ел болашағына деген көзқарасының, азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Сайлауға қатысу – тек конституциялық құқықты пайдалану ғана емес, мемлекетіміздің алдағы даму бағытын айқындауға атсалысу.
Қазақ халқы қашанда бірлік пен ынтымақты, татулық пен тұрақтылықты биік қойған. Тарихтың талай сындарлы кезеңінен халқымыз дәл осы қасиеттердің арқасында сүрінбей өтті. Бір мақсатқа жұмылып, ортақ мүддені бәрінен жоғары қоя білген ел ғана үлкен белестерді бағындырады.
Бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Жаңа Құрылтайға артылар жауапкершілік те, одан күтілетін нәтиже де зор. Оның қызметі халықтың үніне құлақ асатын, қоғамның сұранысына жауап беретін, ел дамуына қажетті маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал ететін пәрменді саяси институт ретінде бағалануы тиіс.
Жаңа Құрылтаймен бірге елдің саяси өміріне жаңа серпін, жаңа көзқарас пен жаңа жауапкершілік келеді деген сенім бар. Ең бастысы – қандай өзгеріс болмасын, оның түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттің тұрақты дамуына және келер ұрпақтың жарқын болашағына қызмет етуі керек.
Біздің халқымызға тән тағы бір асыл қасиет – бауырмалдық пен достық, ізеттілік пен өзара құрмет. Қазақстанның ең үлкен құндылығы да осында. Түрлі көзқарас пен пікір болғанымен, елдік мүдде бәрімізге ортақ. Саяси бәсеке аяқталады, ал мемлекетіміздің тұтастығы, халқымыздың бірлігі мен ортақ болашағымыз мәңгілік құндылық болып қала береді.
Біз осы бірлік арқылы талай биікті бағындырдық. Ынтымақ арқылы қиындықтарды еңсердік. Тұрақтылық пен өзара сенімнің арқасында жаңа көкжиектерге жол аштық. Ендігі міндет – осы құндылықтарды сақтай отырып, жаңарған Қазақстанның келешегін бірге қалыптастыру.
23 тамыздағы таңдау – әр азаматтың таңдауы.
Сайлаушының белсенділігі артқан сайын қоғамның жауапкершілігі де күшейеді. Сондықтан дауыс беру құқығына ие әрбір азамат ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмай, өз таңдауын жасағаны абзал.
Өйткені ел болашағы – ортақ. Мақсат – ортақ. Жауапкершілік те – ортақ.
Бірлігі бекем елдің болашағы баянды.
Ынтымағы жарасқан жұрттың алар асуы биік.
Ал белсенді азамат – қуатты мемлекеттің тірегі.
Асыл ӘБІШЕВ.
