ЕЛЕНА ХАРИНА – Павел Васильев атындағы әдеби бірлестіктің мүшесі, жас ақын.
Елена Харина жыр жазуды жастайынан бастағанымен, шығармашылығын қалың оқырманға ұсынуды кейінірек қолға алды. 2025 жылдың ақпан айында ол алғаш рет Людмила Бевздің шығармашылық кездесулер клубына қонақ ретінде қатысып, өлеңдерін көпшілік назарына ұсынды. Осы кездесуде оның жырлары жоғары бағаланып, әдеби орта өкілдерінің назарын аударды.
Сол жылдың қараша айында Еленаның алғашқы авторлық кеші өтіп, бұл оның шығармашылық жолындағы маңызды белеске айналды. Осыдан кейін ол Павел Васильев атындағы әдеби бірлестікке (төрайымы – Елена Вайберт) мүше болуға шақырылды.
Елена Харина үшін поэзия – шынайылық, жан толғанысы, терең сезім мен философиялық ой-толғаныстар тоғысқан рухани кеңістік. Әрбір өлең – күнделікті тілмен жеткізу қиын сезімдер мен ойларды поэтикалық сөз арқылы өрнектеуге мүмкіндік беретін сырлы әлем.
Сарайлар салу…
Сарайлар салғым келмейді.
Құрылысқа қалғаны – тек құм ғана…
Көпірлерді өртеу…
Бір данышпан айтқан еді: «Өздері-ақ жоғалар», – деп.
Күйбең тірліктің арасында байқамай да қаларсың
Өзің атқан оқтың
Өз шекеңе қарай ұшқанын.
Мен ешкімді соттағым келмейді –
Құдай бәріне төреші.
Кімнің ақ, кімнің қара екенін
Уақыт өзі-ақ орнына қояр.
Біреуді тәубесіне келтірер,
Біреу бұл жалғанмен қош айтысар…
Ал мен бір нәрсеге кәміл сенемін:
Аспан – ол мен.
Ал бұлттар – менің ағарған ойларым.
Мен тыныштық мекеніне бет алғанда,
Мағыналар үнсіздіктің ішінде
Қалықтап тұрып қалғандай.
Артыңда көпір жанып жатқанда,
Сөздің қажеті жоқ.
Ескі қабырғалардың күлі
Алақаныңа үнсіз қонады.
Біреулер елес қабырғаларды аңсай берсін,
Ал мен шексіз тіршілік ағынында еркінмін.
Өзіммен өзім үйлесімде болуды
Үйреніп келемін.
Іздер өшіп жоғалғанда,
Кім тәубесіне келер?
Күйбең күндердің арасында
Менің есімімді кім еске алар?
Мен билікті де, жеңісті де іздемеймін.
Мен барған сайын мөлдірленіп,
Барған сайын күшейе түсемін.
Өйткені уақыт – бар болғаны ұзақ бір тыныс,
Ал дем шығару – нұрлы биіктерге бастар жол.
Құдай деп атаған Сол төрелік етсін,
Үзілген ұшуларға қайта қанат бітіріп.
Мен ешкімнің кінәсін дәлелдегім келмейді,
Көпшілікке айқайлап,
Біреудің көзқарасын қиратып.
Мен үнсіздік пен тереңдікті таңдаймын.
Бұл дүниеде маған
Өзге марапаттың керегі жоқ.
Менің сарайым – ауа,
Қабырғаларым – таңның шапағы.
Ал әрбір қадамым – ұшуға жақын.
Сен тек осыны жүрегіңде сақта:
Көпірді өртеген жан
Ақырында өзін табар.
Құм да суып, шаңға айналар.
Мызғымас дегеннің бәрі де тозар.
Кез келген ертегі шындыққа айналар –
Біз түтін болмай,
Желге айналғанда.
Аударған – Гульмира Нургалиева
***
Кейде қашып кеткім келеді.
Қайда – өзім де білмеймін.
Бәрінен алысқа…Тіпті өзімнен де.
Түсінгім келеді…
Бірақ, амал не, түсіне алмаймын:
Қайда сол өмір – «Менікі» деген?
Ол бір жерде жолдардың арасында тұрып қалған,
Өзгенің өкпесі мен бітпейтін «керектердің» тұтқынында.
Мазасыз, сұрғылт жалғыздықтардың ортасында,
Үнсіздік ауыр сыйға айналған мекенде.
Қашудың мәні жоқ. Вокзалдар дәуірі әлі берік,
Ал кассаларда мұңнан қашар билет жоқ.
Түн ортасында, қараңғы перронда
Бір сәтте өзіңді қайта бүтіндей алмайсың.
Менің парағым – таза әрі тірі –
Айналадағы шу басылғанда ашылар.
Мен қашып бара жатқан жоқпын.
Мен тек бір сәтке тоқтаймын –
Осы әлем мені Өзіме қайта қайтарсын деп.
Аударған – Гульмира Нургалиева
