Театр – уақыттың тамырын басып, қоғамның рухани ахуалын танытатын өнер кеңістігі. Сахна өнерінің тынысы, оның шығармашылық бағыты мен ертеңгі межесі қашанда көпшіліктің назарында болады.

Соңғы жылдары Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры тың ізденістерімен, жаңа қойылымдарымен, фестивальдердегі табыстарымен жиі аталып жүр. Театр ұжымы кәсіби бәсекеге бейімделіп қана қоймай, көрермен сұранысы мен ұлттық руханият арасындағы тепе-теңдікті сақтауға да ұмтылып келеді.

Алдағы 26 маусым күні Аймауытов театры өзінің 36-шы маусымының шымылдығын жабады. Бұл күні сағат 18.30-да көрерменге «Балам, қашан келесің?» драмасы ұсынылмақшы.  

Театрдың бүгінгі бағыты қандай? Кейінгі маусымдарда қандай шығармалар көрермен көңілінен шықты? Заманауи режиссура мен ұлттық болмыстың арақатынасы қандай?

Осы және өзге де сауалдар төңірегінде театр директоры Арман Темірбекпен әңгімелескен едік.

 

ТЕАТР ЖҰМЫСЫ БІР ҒАНА БАҒЫТПЕН ӨЛШЕНБЕУІ КЕРЕК! 

– Арман мырза, соңғы жылдары театр шығармашылық бағыт пен көркемдік ұстаным тұрғысынан қандай жаңа кезеңге қадам басты деп ойлайсыз?

– Мен Павлодар өңіріне, нақтырақ айтсам, осындағы қарашаңырақ – Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық музыкалық драма театрына 2018 жылы келдім. Бірақ «мен келдім де, бәрін өзгерттім» деген сөзден аулақпын. Өйткені бұл театрдың өз тарихы, өз мектебі, жылдармен қалыптасқан өз дәстүрі бар. Мұның барлығы – нәтижелі жұмыс жүргіземін деген адам үшін таптырмас бағыт-бағдар, дайын қалып. Тек ұтқыр ойлар мен идеялар қосу қажет. Ал бұрынғы буынның еңбегін жоққа шығаруға ешкімнің де қақысы жоқ.

Рас, әр кезеңнің өз ерекшелігі, өз мақсат-межесі  болады. Сондықтан мен үшін сабақтастық бәрінен маңызды. Жаңашылдық енгіземін деп бұрынғының бәрін жоққа шығару дұрыс емес. Керісінше, қалыптасқан дәстүр мен бүгінгі заманның талаптарын үйлестіре білу қажет деп санаймын әрдайым.

– Театр басшысы ретінде өзіңіз үшін басты міндет қандай?

– Жалпы, театрды, оның ішкі-тысқы жұмыс-қызметін бір ғана бағытпен бағалауға, өлшеуге болмайды. Көрерменнің көңілінен шығу да маңызды, ұлттық драматургияны дамыту да қажет, театрдың рухани миссиясын да ұмытпауымыз керек.

Қазіргі кезде театрлардың кәсіби деңгейі фестивальдер арқылы да бағаланатын заманға келдік. Сондықтан осы бағыттардың барлығын қатар алып жүруге тырысамыз. Бұл оңай емес, бірақ театрдың табиғаты сондай.  Барлығын ескеруге, назарда ұстауға күш салып келеміз.

– Кадрлар ұстаханасы саналатын атақты Жүргенов атындағы өнер академиясында алған актерлік білім басшылық жұмысыңызға әсер етті ме?

– Әрине. Мен театрдың ішкі табиғатын жақсы білемін. Өйткені өзім керемет актерлік мектептен өттім. Актердің де, режиссердің де шығармашылық ізденісінің қаншалықты күрделі екенін барынша тереңнен түсінемін.

Мысалы, бізде әр қойылым көркемдік кеңесте талқыланады. Режиссерлер өз жобаларын қорғайды. Театр тек әкімшілік басқарумен шектелетін мекеме емес. Суреттеп айтар болсам, бұл – тірі организм.

– Қалай ойлайсыз, замана ағымымен бірге көрермен талғамы да өзгерді ме?

– Әлбетте. Қазіргі көрерменнің сұранысы тіптен өзгеше. Сондықтан репертуарлық саясатта мұны міндетті түрде ескереміз.

Сонымен бірге уақыт өзгергенімен, мәңгілік тақырыптардың ауқымы өзгермейді. Мәселен, ата-ана, отбасы, тіл, ұлттық құндылықтар, жастар тәрбиесі – бұлар ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тақырыптар.

Сөз жоқ, қазір замана көшімен, өзгерісімен бірге жаңа тақырыптар да пайда болып жатыр. Жасанды интеллект мәселесі де драматургтердің назарын аударуда. Жаңа заманның бағытын қозғайтын шығармалар да бізге ұсыныс ретінде түсіп жатады. Әрине, бәрі бірдей сахнаға дайын емес. Бірақ жетілдіруге болатын, көрерменге алып шығатын дүниелер бар.

– Аймауытов театрының соңғы жылдардағы ерекше табысты спектакльдері деп қайсыларын атар едіңіз?

– Әр қойылымның өз тағдыры мен тарихы бар. Театр болған соң, сәтті шыққан дүниелер де, күткен деңгейден көрінбегендері де кездеседі.

Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы негізінде қойылған «Балалық шаққа саяхат» спектаклі бірнеше фестивальде жоғары бағаланды. Көрерменнің де ықыласына бөленді.

Ал соңғы уақыттағы ерекше жұмыстардың бірі – «Ұждан». Меніңше, бұл қойылым өзінің рухани миссиясын толық орындады. Өйткені онда ұлттық болмыс, адамгершілік, ар мен ұят мәселелері терең қозғалады.

– Репертуар саясаты туралы не айтар едіңіз?

– Жыл сайын бірнеше жаңа қойылым сахнаға шығады. Кей жылдары алты-жеті, тіпті сегіз премьера болған кездер де бар. Оның ішінде тарихи драмалар да, комедиялар да, балаларға арналған спектакльдер де бар. Репертуар әртүрлі болуы керек. Өйткені көрерменнің талғамы да сан алуан.

Бірақ театр өмірінде бір өкінішті жағдай бар. Кейбір қойылымдарға көп еңбек сіңіріледі, көп қаражат жұмсалады, алайда уақыт өте келе актерлік құрамның өзгеруіне байланысты олар сахнадан түсіп қалады. Сондықтан жақсы спектакльдің ғұмырын ұзарту да үлкен жауапкершілік дер едім.

– Ұлттық болмыс пен заманауи режиссураның үйлесімі туралы не айтасыз?

– Қазақ театры заманнан қалыс қалмауы керек. Бірақ ұлттық негізінен де ажырамауы тиіс.

Заманауи режиссура деген – ұлттық болмыстан бас тарту емес. Керісінше, ұлттық дүниелерді бүгінгі көрерменге жаңа формада ұсыну.

Өнерде жаңашылдық қажет. Бірақ ол ұлттық тамырдан ажырап кетпеуі керек. Біз өз жұмысымызда осыны басшылыққа аламыз. Режиссерлеріміз де жан-жақты әрі терең ойлы азаматтар.

– Қазіргі қазақ театрының басты мәселесі неде?

– Менің ойымша, бүгінгі қазақ театрындағы ең өзекті мәселелердің бірі – режиссерлердің жетіспеушілігі. Жақсы режиссер – театрдың жүрегі. Сондықтан жас режиссерлердің өсуіне мүмкіндік беруіміз керек.

Өзіміздегі режиссерлер – Жангелді Садықов пен Әділет Ақановқа зор сенім артамыз. Бұлардың қойылымдары өңірімізде ғана емес, халықаралық деңгейде жақсы қабылданып, жоғары бағасын алып жүр. Дегенмен,  шығармашылық адам бір орында тұрмауы керек. Басқа театрларды көру, тәжірибе алмасу, жаңа ортаға шығу – кәсіби өсуге ықпал етеді.

БАСТЫ МӘСЕЛЕ – БАСПАНА

 – Арман Темірбекұлы, жоғарыда театрдың шығармашылық әлеуеті туралы айттық. Ал ұжымның әлеуметтік жағдайына келсек, ең өзекті мәселе қандай?

– Шынын айтсақ, ең үлкен мәселе – баспана мәселесі. Бұл – тек біздің театрға ғана тән емес, өңірлердегі көптеген мәдениет мекемелеріне ортақ түйткіл.

Жас актерлер келмейді емес, келеді. Сахна ісіне үлкен үмітпен, шығармашылық ізденіспен кіріседі. Бірақ олардың барлығының да отбасылық жағдайы, тұрмыстық мәселелері бар ғой. Жалдамалы пәтерде тұру, коммуналдық шығындар, күнделікті тұрмыс – мұның бәрі ерте ме, кеш пе, өз әсерін тигізеді.

Соныдақтан да талантты маманды ұстап қалу үшін шығармашылық орта ғана емес, әлеуметтік жағдай да маңызды.

– Театрдағы кадр тұрақсыздығының басты себебі де осы ма?

– Иә. Бұған анализ жасап жатудың өзі артық. Себебі бәрі түсінікті. Негізгі мәселе – баспана.

Біздің жақсы актерлеріміздің біразы басқа өңірлерге кетті. Оның түрлі себептері бар. Бірақ көп жағдайда тұрмыстық мәселе бірінші орынға шығады.

Бүгінде театрдың балансындағы жатақхана бөлмелерінде бірнеше жас маман тұрып жатыр. Бірақ бұл мәселені толық шешпейді.

– Өнер адамдарына баспана беру мәселесі қалай шешілуі керек деп ойлайсыз?

– Басқа облыстарда жақсы тәжірибелер бар. Астанада да, Қызылордада да өнер саласының өкілдеріне пәтер беріліп жатқанын көріп отырмыз.

Ал біздің театр қызметкерлеріне соңғы рет тұрғын үй өткен ғасырдың тоқсан жетінші жылдары беріліпті. Содан бері отыз жылға жуық уақыт өтіп кеткен. Сондықтан бұл мәселе түбінде шешімін табуы керек деп ойлаймын.

Өйткені өнер адамдары туған жерін, ата-анасын, отбасын тастап, өңірлерге келіп қызмет етеді. Оларды сақтап қалу – ортақ міндет. Жалпы, облыс басшылығы, мәдениет басқармасы біздің театрдың қызметіне ерекше көңіл бөліп, назар аударып келеді. Қолдаудың арқасында мазмұндық жағынан талай биік белестерді бағындырдық, өңір мәдениетінің туын көтеріп келеміз. Алғысымыз шексіз!

– Театр ғимаратының бүгінгі жағдайына көңіліңіз тола ма?

– Негізі, көңілдегі ой басқа. Біздің де заман талабына сай, жаңа технологиялармен жабдықталған, заманауи театр ғимаратында жұмыс істегіміз келеді.

Өкінішке қарай, кезінде жүргізілген жөндеу жұмыстары біз күткендей деңгейде болмады. Оның салдарын әлі күнге дейін көріп келеміз. Бір жері сыр береді, бір жерін жөндейміз, бір жері істен шығады. Бірақ қолдан келгенше көрерменге байқатпауға тырысамыз.

– Жаңа театр ғимараты туралы мәселе көтерілді ме?

– Әзірге нақты мәселе қозғалған жоқ. Бірақ еліміздің көптеген өңірлерінде жаңа театрлар салынып жатыр. Әрине, біз де сондай заман талабына сай өнер ордасында жұмыс істегіміз келеді. Ол – уақыттың еншісіндегі мәселе деп ойлаймын.

Дегенмен қолда барды қадірлеп, барымызды күтіп, сақтап, театрдың тынысын тоқтатпай келеміз.

– Театр үшін гастрольдік сапарлардың маңызы қандай?

– Гастрольдер – театрдың тынысы. Өнер адамы бір орында тұрып қалмауы керек дедік.

Әрине, мұнда қаржы мәселесі бар. Бірақ соған қарамастан қолдан келгенше гастрольдерге шығуға, фестивальдерге қатысуға тырысамыз. Өйткені тәжірибе алмасу өте маңызды.

– Фестивальдер ұжымның кәсіби деңгейіне әсер ете ме?

– Әрине. Қазіргі кезде театрлардың деңгейі көп жағдайда фестивальдер арқылы бағаланады. Біз де осы бағытқа ерекше көңіл бөліп келеміз. Өйткені фестиваль – тек жүлде алу емес. Ол – үлкен мектеп. Басқа театрлардың ізденісін көресің, өзіңді салыстырасың, тәжірибе жинайсың.

– Театр ұжымының шығармашылық әлеуетін арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Театрда күнделікті ізденіс жүреді. Кейде шығармашылық ортада қызу пікірталастар да болады. Бірақ онсыз өнердің дамуы мүмкін емес.

Бізде театртанушылар бар. Рауза Тәжібаева, Жұмахан Доспаев, Бейбіт Шәнім, Талжібек Атамбек, Дәурен Әділ, Бахаргүл Құрбанова, Гүлжанат Омарова, Ақық Таспаева, Қарлығаш Жексембаева, Гүлжан Қайырбекова, Гүлжихан Хамитова, Дина Құспан, Кенжеғазы Қарымсақов, Айсұлу Балтабаева,  Баян Исабекова, Бек Тоқатов, Руслан Нығман, Мұсанова Құралай, Нұржан Сарқамбаев, Медет Садығазин  сынды осы қарашаңырақтың бастауында болған, кейін қатарға қосылып, дамуына ерекше еңбек сіңіріп жүрген аға буын актерлердің тәжірибесі жастарға үздіксіз беріліп отырады. Сабақтастық деген үзілмеуі керек. Өйткені театр – үлкен мектеп.

– Өнер адамдарының қоғамдағы мәртебесі туралы не айтасыз?

– Өнер адамына құрмет көрсету – руханиятқа құрмет көрсету.

Әрине, мемлекет, жергілікті билік тарапынан зор қолдау бар. Бірақ мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелер әлі де бар.

Өнердің дамуы үшін шығармашылық еркіндікпен бірге әлеуметтік тұрақтылық та қажет деп ойлаймын.

– Соңғы жылдары шетелдік байланыстар орнату бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бірнеше жоспарлар бар. Халықаралық жобаларға қатысу мәселесі қарастырылып жатыр. Түркия бағыты бойынша да ойларымыз бар. Әрине, мұның бәрі қаржылық мүмкіндікке байланысты. Бірақ халықаралық байланыс – театрдың дамуына серпін беретін маңызды бағыттардың бірі.

– Жалпы, бүгінгі театрдың ең басты байлығы не деп ойлайсыз?

– Адам. Ғимарат та керек, қаржы да керек, техника да керек. Бірақ ең бастысы – адам.

Талантты актер, ізденістегі режиссер, өз ісіне адал маман болса, театр өмір сүре береді. Ал сол адамдарды бағалай білу – қоғамның парызы.

ТЕАТР  – АДАМНЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІ 

 – Арман иырза, театр тек өнер ордасы ғана емес, тәрбие мектебі де. Жастарды кітап оқуға, ұлттық құндылықтарға баулуда театрдың рөлі қандай?

– Театрдың миссиясы тек көрерменді екі сағатқа қызықтырып, көңіл көтерумен шектелмеуі керек. Театр ойландыруы керек. Адамның жан дүниесіне әсер етуі керек.

Кейде сахнадан көрген дүниеден кейін көрермен кітапқа қайта оралады. Бір шығарманың спектаклін көрген соң, оның түпнұсқасын іздеп, кітап оқуға құлшыныс пайда болады. Мұндай мысалдар аз емес.

Сондықтан театр – кітап оқуға жетелейтін үлкен күш. Ол адамның рухани көкжиегін кеңейтеді.

– Демек, театр кітаппен бәсекелеспейді?

– Жоқ, керісінше, толықтырады. Театр әдебиеттің насихатшысы болуы керек.

Мысалы, қойылған шығармаларды көргеннен кейін жастардың түпнұсқа туындыны іздеп, оқуға деген қызығушылығы оянып жатқанын байқаймыз. Бұл – театрдың ең үлкен жеңістерінің бірі.

Театр тәрбиелейді. Кез келген жанды адамгершілікке, ұлттық құндылықтарға, ар-ожданға үндейді. Айта кетейін, біздің қойылымдарды келіп тамашалайтын өзге ұлттың өкілдері де көп. Көпшілігі тұрақты келеді. Оларға аударма бойынша барлық жағдай жасалған. Бастысы – олардың әрқайсысы ұлтымыздың ружаниятына, әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына, болмысына қызығушылықпен қарайды.

– Қазіргі цифрлық дәуірде театрдың көрерменмен байланыс орнату тәсілдері де өзгеріп келеді. Бұл үрдіске қалай қарайсыз?

– Заманнан қалыс қалуға болмайды. Цифрлық технологиялар өміріміздің бір бөлшегіне айналды.

Бірақ театрдың табиғаты өзгермеуі керек. Театр – тірі өнер. Оның күші – актердің көзінде, сөзінде, жан дүниесінде. Көзбен ешкімді алдай алмайсың. Сол сияқты сахнадағы шынайы эмоцияны ешқандай технология алмастыра алмайды.

– Жасанды интеллект туралы көзқарасыңыз қандай?

– Оның пайдалы тұстарын жоққа шығармаймын. Әлем дамып жатыр. Жаңа технологиялардың игілігін пайдалануға болады.

Бірақ тағы айтамын, театрдың жаны – адам.

Мен өз басым сахнаның толықтай техникаға тәуелді болғанын құптамаймын. Кейбір театрларда LED экрандарға, түрлі визуалды эффектілерге шектен тыс әуестену байқалады.

Ал мен үшін театр – ең алдымен адамның ішкі әлемі. Театрдың басты құралы – актер. Оның көзі, үні, жан күйі. Сондықтан технология көмекші құрал болуы керек, бірақ театрдың өзегіне айналмауы тиіс.

– Қазіргі қазақ театрындағы кәсіби театр сынының деңгейіне көңіліңіз тола ма?

– Театр сыны өте қажет. Рас, бастапқы бетте ашуланатынмын. Сын айтылса, ауыр қабылдайтын кездер болды. Бірақ уақыт өте келе оның қажеттігін түсінеді екенсің.

Егер сын шынайы болса, ол шығармашылық өсудің құралына айналады. Ал орынсыз даттау мен ғайбаттың еш пайдасы жоқ.

Мен үшін сын – жау емес. Керісінше, өзіңнің кемшілігіңді көруге, дамуыңа, жетілуіңе, мотивация алуыңа мүмкіндік беретін құрал.

– Театр сыны көрермен мәдениетін қалыптастыруға ықпал ете ме?

– Әрине. Кәсіби театр сыны болмаса, көрерменнің талғамы да өспейді.

Өнердің табиғатында пікірталас болуы керек. Өйткені пікірталас бар жерде даму болады. Кейде сырт көз көретін нәрсені өзің байқамай қаласың. Сондықтан кәсіби сын әрқашан қажет.

– Қазіргі мәдениет саласындағы идеологиялық жұмыстарға көңіліңіз тола ма?

– Шынымды айтсам, идеология мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Қоғамда рухани мәселелерге, мәдениетке, тәрбиеге қатысты жұмыстар тұрақты түрде сараланып, талданып отыруы керек. Өйткені мәдениет – ұлттың иммунитеті.

Бүгінде бәсекелестік күшейіп отыр. Сондықтан идеологиялық бағыттағы жұмыстар да заман талабына сай жаңғырып отыруы қажет деп санаймын.

– Соңғы жылдары «Ертіс-Баян» халықаралық театр фестивалі ұйымдастырыла бастады. Бұл жоба туралы не айтар едіңіз?

– Менің үлкен арманым – «Ертіс-Баян» фестивалі өңірдің мәдени брендіне айналса деймін.

Фестиваль – жай ғана бірнеше күндік шара емес. Ол театрлардың тоғысатын, тәжірибе алмасатын, шығармашылық байланыстар орнататын алаңы.

Алғашқы фестиваль сәтті өтті. Енді оны дәстүрлі жобаға айналдыруды көздеп отырмыз. Биыл фестиваль қыркүйек айының соңында өтеді деп жоспарланып отыр.

Болашақта «Ертіс-Баян» халықаралық деңгейдегі беделді фестивальдердің қатарына қосылады деп сенемін.

– Театрдың алдағы жоспарлары қандай?

– Жоспар аз емес. Жаңа қойылымдар бар. Фестивальдер бар. Гастрольдер бар.

Шетелдік жобаларға қатысты да ойларымыз жоқ емес. Түркия бағыты бойынша да белгілі бір жоспарлар қарастырылып жатыр. Әрине, бәрі қаржылық мүмкіндікке байланысты.

Бірақ театр ешқашан тоқтап қалмауы керек. Ізденіс тоқтаған жерде даму да тоқтайды.

– Егер бүгінгі жас буынға театр туралы бір ғана ой қалдыру мүмкіндігі берілсе, қандай сөз айтар едіңіз?

– Театрдан алыстамаңыздар дер едім. Біз техника ғасырына аяқ бастық. Ақпарат ағыны күшейді. Бірақ адамды адам етіп қалдыратын нәрсе – руханият. Ал руханияттың алтын бесігінің бірі – театр.

Театр – адамның жанын тәрбиелейтін, ойландыратын, ізгілікке бастайтын ерекше әлем. Өнерден алыстамаған адам рухани жұтаңдыққа ұрынбайды. Сондықтан театрға келіңіздер. Өйткені театр – адамның жан дүниесі.

P.S.

Театр, Руханият туралы сөз – елдің бүгіні ғана емес, ертеңі туралы да сөз. Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Арман Темірбекпен болған осы сұхбаттан аңғарғанымыз – театр әлемі сырт көзге көрінгендей жеңіл емес. Оның артында үздіксіз ізденіс, толассыз еңбек, шығармашылық тартыс, әлеуметтік мәселелер мен үлкен жауапкершілік жатыр.

Бірақ қандай қиындық болса да, сахна шымылдығы жабылмайды. Өйткені театр – халықпен бірге жасайтын, уақытпен бірге жаңаратын, бірақ өзінің басты миссиясынан айнымайтын киелі өнер. Ал сол өнердің жүрегі – адам.

Сұхбаттасқан – Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий