Қаламының негізгі арқауы – туған жер феномені

Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте жүріп, ел ісінің қат-қабат жауапкершілігін қайыспай көтерген Нұрлан Мұқатайұлы Күлжанның әдебиетке келуі кездейсоқ емес. Оның жазбаларынан қызмет адамының дерекке ұқыптылығы, ел ішінің тарихын білетін азаматтың пайымы, руханиятқа жақын жанның ішкі тебіренісі қатар сезіліп-ақ тұрады. Ол оқиғаны құр баяндамайды, әр тағдырдың болмысына кіріп жазады. Тұлғаны сырттай сипаттамайды, оның рухани салмағын сезіндіреді. Жер-су атауын жай атап өтпейді, сол атаудың астындағы аңыз, мұң, серт, сағыныш, намыс, ар, адамдық өлшемін ашуға ұмтылады.

Қазақ әдебиетінде кәсіби қаламгер атанбаса да, сөз өнеріне деген адалдығы мен руханиятқа деген шынайы жанашырлығының арқасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан тұлғалар аз емес қой. Міне, солардың бірі – Баянауыл атырабының перзенті, ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте еңбек еткен, ел тарихына, ұлттық руханиятқа, әдебиет пен өнерге айрықша ықылас танытып келе жатқан Нұрлан Мұқатайұлы Күлжан.

Оның шығармашылық әлеміне үңілген адам алдымен бір ерекшелікті аңғарады. Бұл – дерек пен көркемдіктің, естелік пен философиялық пайымның, нақты оқиға мен поэтикалық ойлаудың табиғи тоғысы.

Оның прозасында нақты оқиға бар, тарихи тұлға бар, ел ішінен жеткен естелік бар. Бірақ автор сол деректі құрғақ күйінде ұсынбай, тереңдетіп әкетіп, жан бітіреді. Сөздің бояуын қалыңдатып, суреттің тынысын кеңейтіп, адам жанының дірілін алдыңызға алып келеді. Сондықтан болар, оның жазбаларынан  оқырман жай ғана мәлімет алмайды, белгілі бір рухани күй кешеді. Бірде жүрегі шымырлайды, бірде көзіне жас келеді, бірде туған жердің тылсымын жаңа қырынан сезінеді.

Қаламгер оқиғаны жай баяндап қана шықпай, адам тағдырының ішкі иірімдерін, уақыттың үнсіздігін, сағыныштың сазын, ар мен адамдықтың салмағын сөйлетуге ұмтылады.

Осындай ерекшеліктен болар, Нұрлан Күлжан туындыларын оқығанда кейде әңгіме емес, қара сөзбен жазылған поэманы, кейде шежірені, кейде жүрек күнделігін оқып отырғандай әсер аласың.

 Оның шығармашылығындағы ең басты өзек – туған жер феномені. Жазбаларында жиі кездесетін Баянауыл жай ғана географиялық атау емес, ол – рухани кеңістік, аңыздың мекені, сағыныштың бесігі, адам мінезін қалыптастыратын тылсым орта.

Ақкелін шоқысы, Ақшоқы, Семізбұғы, Егіндібұлақ, Ақбеттау, Керегетас – бұлардың әрқайсысы автор шығармаларында көркем образ дәрежесіне көтеріледі. Жер мен адам тағдыры қатар өріліп, табиғат кейіпкердің ішкі әлемімен үндесіп жатады.

Тұнжыраған аспан – адамның мұңы.

Самал жел – сағыныштың үні.

Тау – рухтың символы.

Ал шоқылар – уақыттың үнсіз куәгерлері.

Бұл ерекшелік Нұрлан Күлжан прозасына ерекше лиризм мен поэтикалық қуат беретінін аңғару қиын емес.

«Ақкелін шоқысы» – махаббаттың мәңгілік сарыны

«Ақкелін шоқысы» – Нұрлан Күлжан шығармашылығындағы шоқтығы биік туындының бірі. Мұнда ар мен сезімнің, серт пен сағыныштың, дәстүр мен адам жүрегінің мәңгілік тартысы тамаша өріс тапқан.

Шорман мен Ақбала тағдыры арқылы автор қазақ дүниетанымындағы ең қасиетті ұғымдардың мәнін ашады. Олар – Ар, Уәде, Намыс, Адалдық, Жауапкершілік.

Ақбала бейнесі арқылы қазақ әйелінің ішкі мәдениеті мен ар тазалығы көрінеді. Мазмұндық шешімнің бір эпизодында берілген Ақбала қолындағы қанжар әйел намысының символы ретінде ұғым қалыптастырады.

Ал Шорманның үнсіз кейін шегінуін жеңіліс емес, керісінше,  адамның өз нәпсісін жеңуі деп қабылдасақ керек.

Осы арқылы автор: «Ердің күші – билігінде емес, өзіне тоқтау қоя білуінде» деген терең философиялық ой айтады.

Түптеп келгенде, осы туындыдағы ең ауыр трагедия ғашықтардың  бір-бірін сүйе тұра қосыла алмауы емес. Ең маңыздысы – олардың адамдық биігін сақтап қалуында, махаббаттан да жоғары құндылықтардың бар екенін ашып көрсетуінде.

Осы тұрғыдан алғанда, «Ақкелін шоқысын» махаббат пен сезімнің негізіндегі ар туралы эпос деуге болар. Мұнда қазақтың дәстүрлі дүниетанымы мен адамгершілік философиясы ерекше тереңдікпен көрінеді.

Табиғаттың ұлы тұлғаны тануы

Нұрлан Күлжанның «Ақшоқыдағы кездесу» естелігі мүлде бөлек тыныста жазылған.  Шығармадағы негізгі өзек – ұлы ақын Олжас Сүлейменовтің Жаяу Мұса рухына тағзым ету сапары.

Автор бұл оқиғаны қарапайым сапарнама деңгейінде қалдырмайды. Ол Ақшоқыға көтерілуді рухани сапарға айналдырады. Жаяу Мұса мәңгі тыныс тапқан мекен, Баянауылдың тылсым табиғаты, Олжас ақынның ішкі толғанысы – бәрі бір көркем кеңістікте тоғысады. Мұнда адам мен табиғат, ақын мен баба рухы, бүгін мен өткен шақ бір-бірімен тілсіз тілдеседі.

Шығармадағы арқарлар көрінісі ерекше символдық салмаққа ие. Әсіресе ақ жағал құлжаның автокөліктерге жақындап келіп, адамдарға қадала қарауы – жай табиғат көрінісі емес, тылсым ишара. Олжас ақынның «Иесі келді деп, амандасуға шыққан болар» деген сөзі шығарманың философиялық кілті іспетті. Бұл жерде «ие» ұғымы тек жер иесі немесе тау иесі деген тар мағынада емес, рух иесі, сөз иесі, тарих иесі деген кең мағынада ашылады.

Нұрлан Күлжан осы эпизод арқылы табиғат пен тұлға арасындағы көзге көрінбейтін байланысты сезіндіреді. Ақын туған жерге тағзым етуге келеді. Табиғат оны таниды. Құлжа – даланың үнсіз елшісі. Арқарлар – тау рухының көрінісі. Ал Ақшоқы – ұрпақ пен баба арасын жалғаған қасиетті көпір.

Бұл шығармада автордың тілдік өрнегі айрықша поэтикалық сипат алады. Тау да, тас та, жел де, самал да адамша сезінеді. Бірақ бұл жасанды әсер қалдырмайды. Себебі Баянауыл секілді киелі кеңістікте табиғатты тірі рух ретінде қабылдау қазақ дүниетанымына жақын. Автор сол ұлттық танымды қазіргі прозаның көркем тілімен қайта жаңғыртады.

«Ақшоқыдағы кездесу» тұлға туралы жазылғанымен, оның түпкі нысанасы бір ғана Олжас Сүлейменов емес. Бұл – ұлт рухының сабақтастығы туралы тағылымы терең жазба. Жаяу Мұса, Олжас, Баянауыл, Ақшоқы, арқар, құлжа – бәрі бір тізбекке айналып, қазақ руханиятының үзілмейтін тамырын көрсетеді.

 

«Абыз» – қазақы мінездің энциклопедиясы

Нұрлан Мұқатайұлының «Абыз» естелігі – рухани-адамгершілік құндылықтар тұрғысынан салмағы зор туынды. Шығарма Зекебай Солтанбаевтың қайталанбас һәм дара тұлғасына арналған.

Сөз жоқ, Зекеағамыз – дәуір адам. Сондықтан да оның тұлғасын тану – тұтас дәуірдің келбетін ашу. Жазбада бұл өте өрнекті әрі көркем түрде жасалған.

Ұстаздық. Тектілік. Ізет. Шипагерлік. Сазгерлік. Ғылым. Мәшһүртану. Достық. Адалдық. Ағайындық. Осының бәрі де Зекебай аға тұлғасында тоғысқан. Автор қарапайым күнделікті өмірдегі әрекеттері арқылы Абыздың ұлылығын ашады.

Шәкірттің тақтаға салған кестесінен ұстаз қолтаңбасының танылуы, сынықшылық қасиеті, Мәшһүр Жүсіп мұрасын зерттеуі, үлкенге деген құрметі, уәдеге беріктігі – бәрі қосақталып келіп, қазақы абыз тұлғаның толыққанды портретін жасайды.

Осынау естелікті ұлттық мінездің, дала педагогикасының, қазақ руханиятының көркем шежіресі деуге болады.

Жалпы, Нұрлан Күлжан жазбаларында үш ұлы ұғым әрдайым көрініс тауып отыратынын аңғардым.

Алғашқысы – Ар. Қаламгер шығармаларындағы ең негізгі категория да осы – ар. Мысалы, Шорманның өмірін өзгерткен де – ар. Зекебайдың абыздың биіктігін көрсеткен де – ар. Туған жерге тағзым етудің мәнін ашқан да – ар. Сондықтан да автор үшін ар – адамды адам ететін ең биік өлшем деңгейінде тұр.

Екіншісі – Серт. Шорманның Топышқа берген серті. Зекеағаның уәдеге беріктігі. Достыққа адалдық. Үлкен алдындағы жауапкершілік. Мұның бәрі қазақ дүниетанымындағы серт ұғымының қасиеттілігін көрсетеді.

Келесі ұғым – Сағыныш. Өткенге сағыныш. Ұстазға сағыныш. Әкеге сағыныш. Бала күнге сағыныш. Туған жерге сағыныш. Жоғалып бара жатқан қазақы болмысқа деген сағыныш. Осынау сағыныш ұғымы оның шығармаларына ерекше лирикалық қуат береді.

 Нұрлан Күлжан туындыларына тән басты сипаттар не дегенге келсек, олар – поэтикалық прозаға жақындық, философиялық астардың молдығы, лиризм, табиғат пен адамның үндестігі, метафоралық ойлау,  психологиялық тереңдік, ұлттық дүниетанымның басымдығы, дерек пен эмоцияның үйлесімі, тіл өрнегінің байлығы және үнсіздікті сөйлете білу.

Кей тұстарда оның шығармаларынан Ғабит Мүсіреповтің сыршылдығы, Әбіш Кекілбаевтың философиялық тереңдігі, Шерхан Мұртазаның азаматтық үні, Мұхтар Мағауиннің тарихи танымы сезілгенімен, тұтас алғанда Нұрлан Күлжанға ғана тән өзіндік көркемдік әлем қалыптасқанын байқауға болады.

Рухани жадтың шежірешісі

Нұрлан Мұқатайұлы Күлжан әдебиетке кездейсоқ келген адам емес. Жазбаларын парақтай отырып, оны ел жадын қағазға түсіріп жүрген шежіреші, туған жер тарихының тамыршысы әрі жанашыры, руханиятқа адал азамат,  жоғалып бара жатқан қазақы мінездің куәгері ретінде тануға әбден болады. Оның шығармаларының құндылығы – шынайылығында. Адам тағдырын жүрекпен сезінуінде.

Бәлкім, уақыт өте келе Баянауыл өңірінің рухани шежіресін жасаған қаламгерлер аталғанда, Нұрлан Мұқатайұлы Күлжан есімі де туған жердің тасы мен тарихындай қадірлі ұғымға айналар. Лайым солай болсын! Ол шығармаларында адамдарды ғана емес, уақыттың өзін сөйлете алған қаламгер. Ал уақыттың үнін ести алған жазушының сөзі ешқашан өлмейді.

Асыл ӘБІШЕВ. 

 

Нұрлан КҮЛЖАН

АБЫЗ

 

Рух

Зекағаңның соқпағы — қырық атанға жүк болар машақаты мол, салмағы зәрлі, бірақ зауалы жоқ шынайы ғұмыр шежіресі. Тағдырдың талай тар өткелінде жоққа жасымай, барға тасымай, кісілік келбетін кіреуке шалдырмай өту — екінің біріне бұйырмаған несібе. Ол — парасат пен сабырдың, тектілік пен биіктіктің бір арнаға тоғысқан ажырамас сабақтастығы еді.

Заман құбылып, жүйе алмасқан аласапыран шақта да адамшылық ақиқаттан айнымай, тура сөйлеп, жөнін айтқан абыз тұлғалар тым сирек. Зекағаң — сол некен-саяқ жаратылған асылдың бірі.

Бүгінгі құнсыз қоғамда оның орны үңірейіп, кесек үні мен кесімді ұстанымы бұрынғыдан да зәру бола түскендей.

Артында қалған өнегелі соқпағы мен жарық жұлдыздай болмысы — кейінгі ұрпақтың рухани шөлін қандырар нәр.

Ұстаз қолтаңбасы

Егіндібұлақтың сегізжылдығын тәмәмдап, Керекудегі қара шаңырақ, №3 мектеп-интернаттың табалдырығын аттағанда, көңілде бір асқақ арман бар еді. Алайда, алғашқы әдебиет сабақтары жаныма жылу сыйлай қоймады. Хакім Абайдың терең иірімдерін жадағай сөзбен, жалпылама пайыммен баяндаған мұғалімнің сөзі құлаққа кіргенімен, көкейге қонбады. Іштегі Зекеағаң қалыптастырған талғам мен талап бұған көнгісі келмеді…

Келесі сабақта шыдай алмай, қолымды көтеріп тақтаға ұмтылдым. Қолыма ақ борды алып, тақтайдың бетін тілгілей жөнелдім. Зекағаң үйреткендей, әдебиеттің күрделі әлемін жүйелеп, таблицаның (кестенің) ішіне сыйдыра бастадым. Сызбаларды сала отырып, Абай әлемін сала-салаға бөліп, ойымды жүйелеп айтып жатқанымда, мұғалім кілт тоқтады.

Маған таңырқай қарап: — Сен Егіндібұлақтан келдің бе? Зекебай ағаның шәкіртісің бе? — деп сұрады. Дауысым нық шығып: «Иә!» — дегенімде, әлгі мұғалімнің жүзі жылып сала берді. — Ол кісі бәріміздің ұстазымыз ғой… — деді ол тебірене.

Сол сәтте бойымды мақтаныш кернеп, төбем көкке жеткендей болды. Бұл — менің ғана мерейім емес, бұл — Ақбеттаудың абызы, тәлімгер Зекебай Солтанбаевтың алыста жүрсе де шәкіртінің қолымен салған қолтаңбасының салтанаты еді. Шәкіртінің тақтаға сызған бір сызығынан-ақ ұстаздың есімін танытқан сол бір сәт — нағыз мектептің, нағыз тәрбиенің жеңісі еді.

Соны соқпақ

Зекебай Солтанбаевтың қырық үш жылдық ұстаздық ғұмырының отыз төрт жылы — Егіндібұлақ мектебіне басшылық еткен ырысты кезең. Ол – құрғақ бұйрықтың құлы емес, сол алтын ұяның киесіндей, босағаның құты мен берекесін еселеген нағыз текті менеджер, өз ісінің зергері болды.

Қазақстанның бір қиырында, тау тасасында жатқан кішкентай ғана ауыл мектебінің атағын күллі республиканың аспанына қалықтатты. Егіндібұлақ мектебі – жай ғана білім ошағы емес, білім мен біліктің қазаны қайнаған, рухани ізденістің үлкен лабораториясына айналды.

Мектептің ақжолтай даңқы Кереку өңірінен асып, Алатау мен Арқаның түкпір-түкпірінен ағартушы қауымды ағылтты. Мұнда семинарлар мен практикалық сабақтардың дүрмегі толастамай, білім берудің соны соқпағын салған жаңашыл ошағы ретінде танылды.

Мектептің қабырғалы ұстаздары әр сабақтың сапасын – тектілікке, әр шәкірттің танымын – парасатқа балап, ауыл баласының бәсекеге қабілетті болуын басты мұрат тұтты.

Бұл шаңырақ – жай ғана білім ордасы емес, нағыз майталмандардың мекені еді.

Өтелген еңбектің жемісі ретінде Зекебай Солтанбаев «КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері» және «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанып, «Ы.Алтынсарин» медаліне ие болды.

 Оқшау шыққан сегіз серке Әпсалам Мүрсәлімов, Мұхамедкерей Түсіпов, Мүбарак Қасенов, Рамазан Жұмабеков, Әли Нұрлығаев, Егінбай Байдильдин, Тұрсын Мұқышев және Камиза Какеновалар «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісін омырауларына тақты.

 Осынау шоғыр – ілім мұхитындағы айбынды кемедей, Егіндібұлақтың мерейін тасытқан бірегей ұжым болды.

Осы киелі ұядан қанат қаққан шәкірттердің «төбесі көкке тимесе де», көкірегі – нұрлы, рухы – асқақ болып ержетті. Шағын ғана мектептің республикалық деңгейдегі заңғар биікке көтерілуі – басшының парасаты мен ұжымның бірлігінен өрілген нағыз рухани белес еді.

Әуенді әлем

Зекағаңның тағы бір тылсым қыры — оның сазгерлік құдіреті. Ол тек сөздің емес, дыбыстың да киесін ұққан жан еді. Отызға тарта ән жазып, туған жері мен жақындарына деген сағынышын әуенге сыйғызды.

Хакім Абайдың «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл» өлеңіне жазған әні — махаббат пен парасаттың музыкалық диалогы іспетті, ұлылықты ұғынудан туған туынды.

Майданнан оралмаған әкесі Солтанбайға арнаған әні — жай ғана шығарма емес, көз жасына суарылған, тыңдаған жанның өзегін өртейтін нағыз реквием. Әкеге деген аңсау мен соғыс тартқызған тауқыметтің зары осы әннің әр иірімінде жатыр.

Жалғыз апасы Шолпанға арнаған «Бауырым» әні — туыстық махаббат пен қимастықтың мөлдір сазы.

«Баянауыл вальсі», «Егіндібұлақ вальсі», «Ажы вальсі» — Баянауылдың тау-тасы мен өзен-көлінің үніндей естіледі. Бұл әндер туған жердің әр тасына деген перзенттік махаббаттың куәсіндей.

Шипагер

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Зекағаңның бойында киелі сынықшылық қасиет те бар еді. Талайдың жанына араша, тәніне шипа болған сол бір құдіретті өз көзіммен көрдім. Бірде аттан құлап, бұғанам сынғанда саусақтарымен ақырын сипалап отырып, сынған сүйекті орнына салып берді. «Он бес күннен кейін бинт өзі түсіп қалады. Үш айға дейін салмақ түсірме, сүйек бекуі керек» деп, марлімен байлап бергендегі мейірімді жүзі әлі күнге көз алдымда.

 Талай жанның алғысын алған сол шипагер саусақтарда үлкен ата-бабадан қонған тектіліктің күші бар еді.

Зекағаңның бойындағы білім мен шипагерлік дарынның ұштасуы — оның тәнді де, жанды да емдейтін нағыз қазақы абыздық болмысы мен халыққа деген шексіз мейірімінің айқын көрінісі.

 

Сенім мен уәде

Мен қазағынан басқа ұлт өкілдері басым Тереңкөл ауданына әкім болып тағайындалғанда, алдымен елдің рухын тіктеп, мәдениетін көтеруді мұрат тұттым. Сол мақсатпен Зекағаңның баласы Ақертісті қызметке шақыруды ұйғардым. Ақертіс ол кезде Алматы көркемсурет академиясын тәмамдаған, Екібастұз қалалық мұражайында көрме залының меңгерушісі болатын. Кездесіп, алдағы жоспарларымды, аудан мәдениетін қалай қазақи арнаға бұру керектігін айтқанымда, ол бірден келісімін берді.

Араға күн салып Ақертіс маған:

— Денсаулығым болмай жүр, бара алмайтын болдым, — деп хабарласты.

Сенген адамымның сылтауына күйініп: «Денсаулығыңның жеті атасын…» деп тұздықтап жіберіп, әрі қарай тыңдамастан телефон тұтқасын тастай салдым.

Содан соң бала кезден бірге өскен досым Баянбекке: «Ана қырт солай деп жатыр…» — деп, мәселенің мән-жайын соған жүктедім. Ертеңіне-ақ Баянбек Ақертісті қасына ертіп, алдыма алып келді.

Көңіліме алаң ұялатқан түйткүлдің түйінін Баянбек күліп отырып тарқатты.

Ақертіс әкесінің батасын алу үшін ауылға барғанда, Зекағаң: «Бұл өте ауыр жүк. Нұрлан жаңа ортада, елдің көзінде қызмет етіп жатыр. Ертең қолыңнан келмей жатса, «әкелген кадрының түрі мынау ма?» дегізіп, Нұрланды ұятқа қалдырасың», — деп бетін қайтарып жіберіпті.

Зекағаңның бұл сөзінен маған деген шынайы жанашырлық пен терең қамқорлық сезімі менмендеп көрініп тұрды. Ол менің абыройымды өз баласының мансабынан биік қойған екен.

Баянбек барып: «Ағатай, Ертістің қолынан келеді, тектен текке шақырып отырған жоқ, батаңызды беріңіз. Нұрлан оның білмегенін үйретіп, қисық шегені түзеткендей қырнап, қолдау көрсетеді. Мен Нұрланға сөз беріп қойып едім, меселімді қайтармаңыз», — деп қолқа салған соң батасын беріпті.

  Уақыт таразы. Менің таңдауымның да, Баянбектің кепілдігінің де дұрыстығын өмір өзі дәлелдеді. Ақертіс Тереңкөл ауданының, Ақсу мен Павлодар қалаларының мәдениет бөлімдерін абыроймен басқарды. Бүгінде ол — облыстық көркемсурет музейінің директоры, Қазақстан Суретшілер одағының белді мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Осы бір шағын оқиға Зекағаңның жауапкершілік туралы биік ұстанымын айқын аңғартады.

Ақертістің үйіне қыдырып келіп, Тереңкөлдегі жағалауда әр сенбі сайын өтетін концертті тамашалады.

Содан біздің үйдің дастарқанында отырып:

— Бастықтарға ақыл айтуға бола ма, білмеймін, бірақ көзіме шалынған бір кемшін тұсты айтайын. Парктен «Бабалар даңқы» аллеясын, жағалауды керемет істепсің. Халық концертке көп жиналады екен, сондықтан мұнда еңселі, биік сахна сұранып тұр, — деді.

— Ағатай, сіздің сөзіңіз заң! Күзде келіңіз, керемет сахна тұрғызамын. Соған Қаленді шақырып, күй тартқызамыз, — деп уәде бердім.

Күзде келгенде сол сахнада Қален күй төгіп, өнер шеберлері ән шырқады.

Зекағаң: «Берілген уәдеңді орындадың», — деп ризалығын білдірді.

Ауданда өткізілген айтыстар мен Абай оқуларында Арман, Ғалымбек ағалармен бірге қазылар алқасында төрелік жасады.

Ол кісі үшін адамның ар-ұяты мен берілген серт бәрінен де биік, бәрінен де киелі еді.

Сара жол

Зекеағаңның шығармашылық биігі, оның қаламгерлік қарымы мен азаматтық парызының ең айшықты шоқтығы — мәшһүртанушылық қызметі.

Ол халқымыздың соңғы әулиесі, шежіреші-ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұшан-теңіз мұрасын аршуға, соны түгендеуге бүкіл саналы ғұмырын сарп етті. Бұл — құрғақ ғылымның соңына түсу емес, көмбеде қалып, шаң басқан ұлт асылын аршып алып, бүгіннің кәдесіне жарату жолындағы нағыз рухани ерлік, жанқиярлық болатын.

Мәшһүр бабаның күрделі де терең әлемін ол тек суық дерекпен емес, ыстық жүрек сүзгісімен таныды. Ғұлама қолжазбаларындағы әр сөздің астарын үңгіп, әр сөйлемнің тамырын баса отырып, ұлттық кодты жаңғыртуға күш салды.

Ол үшін Мәшһүрді тану — ұлтты тану, ал ұлтты тану — өз болмысыңның түп-тамырына бойлау еді.

Ұлы тұлғаның жан сырына үңіле отырып, оның «Иман айту», «Ғибадат қылу» секілді рухани ілімдерін жаңа заман оқырманының көкірегіне ұялата білді.

 Зекағаң салған сара жол — келешек зерттеушілер үшін дайын мектеп, соқпағы сайрап жатқан соны бағыт.

Мәшһүр баба мұрасын бойтұмардай қастерлеген Зекағаң есімі бүгінде сол ұлы ілімнің ажырамас бөлшегіне айналды.

 Ұлыларды ұлықтау арқылы өзі де ұлықтыққа жеткен тұлғаның ғибратты ғұмыры мен Мәшһүр бабаға арнаған «Дастан-эпопеясы» — елдік санамыздың алтын қорындағы өшпес туынды.

Ізет

Зекеағаңның бойындағы тектіліктің тағы бір асыл қыры — әдептің жөнін, сыйластықтың шегін білетін үлкендердің өнегесінде жатқан еді.

Атасы Әйдерке мен енесі Несібелдіні жай ғана туыс санап қоймай, «Аға», «Апа» деп, алдынан кесе-көлденең өтпей, өмір бойы қадірлеп өтті.

Әйдерке қария — өткеннің сарқытындай, өткір де тұзды әзілі қынабынан суырылған алмас семсердей тіліп түсетін, жаны жазира даланың еркін желіндей ескен, болмысы бөлек, мәрт тұлға еді.

Досым Баянбектің балалық шағы да тамыры терең, діңі берік кәрі еменнің саясында бүр жарған үкілі шыбықтай, нағашы атасының шуақты мейіріне қанып, сол кісінің бауырында өрілді.

Бірде Зекеағаңның немере ағасы — бүкіл саналы ғұмыры казарманың қатал заңына бағынған отставкадағы полковник Сейтқазы ауылға ат басын бұрады.

 Ағайын-туыс жиылып, ақсарбас сойылып, дастарқан басында емен-жарқын әңгіме тиегі ағытылды. Айналада жүгіріп жүрген шүпірлеген балаларды тізіп таныстыра келе, Баянбектің «атайдың баласы» екенін естігенде, суық логика мен әскери қағидаға үйренген полковник кейіс білдірді:

 — Осы сендер неге баланы өзгеге бересіңдер? Ертең жат болып, бауыр суып кетпей ме?

Сонда Әйдерке қария еш саспастан, жүзіне жылы жымиыс үйіріп:

— Әй, құда, біз де «человекпіз» ғой! — деп қысқа қайырды.

Темірдей полковниктің аптығын басқан ақсақалдың астарлы әзілінде адамдық қасиетті бәрінен биік қоятын далалық мінез бен терең мейірім жатқан еді.

Әйдерке ақсақал Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, аяғынан жараланып, елге мүгедек болып оралды. Құрдастары оны қалжыңдап «он бір мүше» деп атайтын.

Тоғызыншы мамырдың қарсаңында мектептің акт залы халыққа лық толды. Төрде кеуделері наградаға толы, соғыстың сұрапылын көрген қарт майдангерлер отыр.

 Кездесу барысында ардагерлер соғыста бастан кешкен оқиғаларын айтып жатты.

Сөз тізгіні өзіне келгенде, Әйдерке ата басынан кешкен хикаясын әріден суырып, майын тамыза баяндап берді. Залдан қойылған «Қалай жараландыңыз?» деген сұраққа қарт былай деп жауап берді:

— Командир команда берді. Содан жер бауырлап, «по-пластунски» тоңқаңдап ала жөнелдік. Төбеден оқ дегенің қарша борайды. Бір кезде қасымда жарылған снаряд жамбастан алып, төңкеріп тастады. Дүние астаң-кестең болып сала берді. Бір ес бар, бір ес жоқ… Құлындай шыңғырып, «санитар!» деп айғайлап жатырмын. Әйтеуір, бір есімді жисам, плащ-палаткамен дырылдатып сүйреп бара жатыр екен. Содан Воронеж қаласындағы госпиталда жеті ай емделіп, ақыры елге оралдық қой.

Осы сәтте қартпен әзілі жарасқан, сөзге дес бермейтін Мүбарак мұғалім қағытпа сұрақ тастады:

 — Уа, «он бір мүше», тым болмаса бір немісті өлтірдің бе?

Әйдерке қарт Мүкеңе сығырая қарап, сарт еткізді:

— Е, мен қырмағанда, ол немістер иіс тиіп өлді дейсің бе?!

Қарттың бұл ұшқыр жауабына зал іші қыран-топан күлкіден сілкініп кетті.

Қарияның дәм-тұзы таусылып, төсек тартып жатқан шағында да сол баяғы таусылмас қазақы қалжыңы бойынан ажырамады.

Ақырғы сағаты соғып жатқанда Зекағаңа қарап: «Жата-жата Шолтымнан да ұят болды», — деп, өлімнің өзін өр мінезбен қарсы алып, әзілдесіп қоштасқан екен.

Бір отырыста мен аңдаусызда: «Балаңыз Баянбек…» — деп сөйлей беріп едім, Зекағаң бірден сөзімді бөліп: «Балдызым!» — деп түзетті. Үлкендердің алдындағы тағзымы сондай, өз перзентін олардың бауырына салып беріп, өмір бойы «балдызым» деп атауы — ізеттілік пен ибаның ең жоғарғы деңгейі болса керек.

Анықтама:

Қален- шын аты Ар-Құлан Зекағаңның баласы, кәсіби күйші.

Шолтым ата- көп жыл ауылымыздың имамы болған қадірлі адам.

 

Қимас қоштасу

Адамдар арасындағы пейілмен ғана өлшенетін шынайы ілтипаттың өзі — өмірдің ең баға жетпес байлығы, батпандай алтынға айырбастай алмас құдіреті екенін іштей мойындайсың.

 Әкем мен Зекағаңның арасындағы сыйластық — заман көшінің тозаңына көмілмеген, көнеден қалған жауһардың сынығындай кіршіксіз, мөлдір қазына еді.

Ағасының  «Зекен» деп еркелете бауырына тартқан ықыласы мен інісінің «Мұқааға» деп төрдің төрінен орын сайлаған құрметі — қос заңғар тұлғаның бір арнада үнсіз тоғысуы, тамыры тереңде жатқан сабақтастық болатын.

 Олардың арасындағы сол бір үнсіз түсіністікте күнделікті тірліктің күйбеңі емес, тау бұлағындай таза, асқаралы ақиқаттың лебі есетін.

 Екі болмыстың бір-біріне деген қалтқысыз сенімі, өмірдің өзінен биік тұратын рухани тазалықтың салтанаты еді.

Зекағаң әкемнің болмыс-бітімін, жүріп өткен соқпақты жолын тебіреніспен тербеген «Өнегелі ғұмыр» атты сыр-сұхбат эссесі «Сарыарқа самалы» газетінің айқарма бетіне жарияланды. Ол жай ғана мақала емес, ағасына қойылған ескерткіштей еді.

Кейін әкемнің «Ғұмыр белең» атты кітабы жарық көргенде, Зекағаң ақ қауырсын қаламын тебірене тербетіп, алғы сөз орнына тұтас бір дастан жазып берді.

Кітап парақтарының арасында әкемнің інісіне деген  іңкәрлікке толы лебізі мен жыр жолдары әлі күнге дейін шер мен аңсау болып өріліп тұр.

 Олар бірін-бірі іздемей тұра алмайтын, рухтас жандардың аңсары сондай бір ерекше болушы еді…

Әкеміздің соңғы демі таусылар шақта, Зекағаңды қасына алдырттық. Жалғаннан баз кешкендей, үнсіз ғана көзін жұмып жатқан әкем Зекағаң келіп, ыстық алақанымен қолын қысқанда ғана селт еткендей болды.

— Жанаға, бізді кімге тастап бара жатырсың? — деген Зекағаңның дауысы айналаны мұңға бөктіріп жіберді.

Бір уақытта әкем зілдей кірпігін ақырын көтеріп, сыбырлағандай ғана тіл қатты: — Ясинді оқышы…

Зекағаң ұзақ оқыды. Құранның қасиетті әуезі іштегі ауыр тыныштықты тербеп, жанды тыныштандырғандай еді. Сүре біткенде әкем: «Тағы да…» дегендей ишарат қылды».

Таң бозарып, аспан мен жердің арасы арайлы нұрға малына бастаған шақта, әкеміздің дәм-тұзы таусылып, бес күннің керуенімен қоштасып, келместің кемесіне мініп жүре берді.

Таудай қасіретті иықпен емес, жүрекпен көтерудің қаншалықты қиын екенін осы бір күндер ұқтырғандай.

Зекебай мен Мүкарам інілері үш күн, үш түн бойы кірпік ілместен, ағаларын жер бесіктің қойнына бергенше қаралы үйдің босағасында тікесінен тік тұрды. Олардың шаршауды білмес қайраты мен іштей тынған налысында — ағаға деген шексіз тағзымның, бауырға деген киелі ардақтың маздаған шоғы жатқандай болатын.

Асқар тауымыз құлап, терең қайғы еңсемізді басқан сол бір сынаптай сағаттарда, Зекағаң өзінің қимас бауырымен, сырлас ағасымен қоштаса тұрып, замананың жүгін арқалаған әкемнің бейнесін осы бір жүрекжарды өлеңімен жеткізген еді…

Жан аға

Ойхой, қайсар қарт емен – асыл ағаш,

Өзіңменен сырласты ғасыр ғана.

Үш заманды өткіздің көз алдыңнан,

Саған мәлім айқын да, жасырған да.

Жөнелгенде бет түзеп құбылаға,

Шырқырайды сені іздеп құлын дала.

Қандай биік, ағажан, парасатың,

Бағалайтын адамның құнын ғана.

Жан аға, еске аламыз көңіл жылай,

Ұмытылмайды жүректе сөзің ұдай.

Қабіріңді, толтырып жәннат нұрға,

Орын берсін жұмақта патша құдай.

Соңғы дидар…

2023 жылдың 8 мамыры. Көктемнің соңғы демі мен жаздың мақпал лебі алмасып, аспан аясы айрықша бір мөлдірлікке тұнған шуақты күн еді.

Әулетіміздің жылдар бойы үзілмей келе жатқан, ата-анамыздың көзі тірісінде қалыптасқан бір қастерлі дәстүрі бар — жыл сайын 9 мамырда Қарашаңыраққа жиналу. Әке-шешеміз бақилық болғалы бұл жиынның мәні тіпті тереңдеп, әруақтармен тілдескендей күй кешеміз.

 Ардақтыларымыздың басына барып дұға бағыштап, өткен күндердің сағымдай бұлдыраған бейнесін тірілту үшін бас қосамыз.

Үйге ат басын тірей салысымен, аяқ суытпастан Зекағаңа сәлем беруге асықтым.

 Үш сағатқа созылған сол бір ғажайып сұхбаттың әрбір сәті бүгінде көз алдымда таспаланған фильмдей тізіліп тұр.

Әңгіме арасында алдағы тамыз айында келіп, Зекағаң туралы деректі фильм түсіруге уағдаластық. Тұлғалар тағдырын таспаға басатын продюссер, журналист Гүлсара Маликовамен сол сәтте хабарласып, жоспарға енгізіп қойдық.

Бәрі де жақсылықтың нышанындай, алда әлі талай асулар бардай көрінген…

Бір кезде Зекағаң жымиып:

 — Білесің бе, түсіме Мұқағаң жиі кіретін болды. Маған өкпелеп жүргендей көрінеді… «Аманатын» орындай алмағаныма налитын шығар, — деп, бір қызық хикаяның шетін шығарды…

Дүниеден өтерінен жиырма күн бұрын, таңертең қобалжып, көңілім алабұртып, Мұқағаңды көргім келіп, үйге сыймадым.

Барып қайтайын деп аяңдап келсем, Екібастұздан ат терлетіп Жұмажан бауырымыз да келінмен бірге келіп, төрде шүйіркелесіп отыр екен.

Дәм үстіндегі ақжарма отырысты пайдаланып, «мына шалды бір сөзден тосып көрейінші» деп, әңгіме ауанын әдейі «қауіпті» арнаға бұрдым:

— Мұқаға, — дедім дауысыма сәл салмақ қосып, — жасыңыз болса жүзге иек артып қалды.

Осы, ғасыр куәсі болған қарт адам үшін бақыт дегеннің өлшемі не нәрсе? — деп сұрақ тастадым.

Мұқағаң маған сығырая қарап, езуіне жылылық ұялатып, кідірместен жауап қатты:

— Алжымай қартаю, — деді ол.

Мен тоқтай қоймадым. Қарттың таным тереңдігін тағы бір байқап көргім келіп, қалжыңға бастым:

— Онысы дұрыс-ау… Бірақ адам өзінің алжығанын қалай білуге болады? Оның белгісі қандай?

Мұқағаң бұл жолы да шалдырмады. Жүзіндегі әрбір әжім қозғалып, көзінде ақылмандық пен балаша мәз болған бір ұшқын ойнап кетті:

— Е-е, оны білгің келсе, менің жасыма кел… Сонда жауабы алдыңнан өзі-ақ шығады, — деп, астарлы әзілмен сөзден тағы да ұстатпай, бізді күлкіге қарық қылды.

Бір кезде Бауыржанға:

— Менің сөмкемнен бір колода жаңа карта мен жүз доллар ақша әкеп берші, — деді.

Ішімнен: «Мына шал тағы бірдеңені бүлдірейін деп отыр-ау», — деп ойлағанымша болған жоқ:

— Зекен, маған «бір хабар» келіп тұр, — деді жарықтық.

— Саған бір қолқа салайын. Өмір бақи саған «жүз бірді» үйрете алмадым-ау, сол өкініш ішімде кетіп бара жатыр. Мен кеткен соң анда-санда болса да осыны ойнап тұршы, — деп, су жаңа карта колодасы мен жүз доллар ақшаны қолыма ұстатты.

— Міне, Мұқағаңның кеткеніне жеті жыл толды. Сол «аманатын» әлі орындай алмай жүрмін.

Ертең анда барғанда, Мұқағаң алдымнан шығып: «Ей, Зекен, «жүз бірді үйрендің бе?» десе, не бетімді айтам? — деді Зекағаң шек-сілесі қатып күліп.

Сол сәтте Бірлік ауылындағы бір оқиға есіме түсті.

Құда-жекжаттың үйі, төрде буы бұрқыраған сыбағалы табақ тартылып, ел ішінің қаймақтары бас қосқан отырыс еді. Әкем дін қызметкері Сүйіндікпен иық тірестіріп, дәм үстінде шүйіркелесіп отырған.

Әңгіме ауаны Егіндібұлаққа қарай ойысқанда, имам:

— Маған тұңғыш қалам ұстатқан Зекебай аға — менің алғашқы ұстазым, — деп ақтарыла бастап еді, әкем сөзін кілт бөліп, мырс етті:

— Е-е, ұстазың Зекебай болса, жетіскен екенсің… — деді де, сәл кідіріп барып, діндардың аңтарылған жүзіне қарап, жалғады:

— Ол қалай сабақ беріп жүр өзі? Мен оған елу жылдан бері үйретіп келемін, әлі күнге «шерби» мен «бобиді» айыра алмайды.

Сүйіндіктің аузына сөз түспей, не айтарын білмей абдырап қалған мезетінде, отырған жұрт ду ете қалды.

Зекағаңның әкемнің сол бір ұрымтал әзілдеріне мәз болған шағында — өмірдің өтпелі екенін мойындаған даналық пен өткен күннің еншісінде кеткен ағасына деген шексіз  сағыныш ұялап қалғандай еді.

Қоштасар мезгілдің де қылшылдаған қылышы төбеден төніп тұр екен.

 Есік алдына шығып, мені аттандырып салып тұрған Зекағаңды қаусыра құшақтадым. Иығына бас қойғанымда, үстінен даланың жусаны аңқыған, жұпар иіс бұрқ ете қалды.

Тағдырдың талай талмау тұсынан өткен, сан соқпақтан табан тоздырған абыздың әр тынысында — тау қопарып, тарих түгендеген  алыптарға ғана тән сабырлы салмақ, зілдей байсалдылық жатты.

Жүзінен ерекше бір қоңыр шуақ есіп:

— Нұрланжан, аман бол… — деді, даусы сәл діріл қағып. Ол діріл — кеудесіне кептеліп қалған қимастықтың сызы еді.

Көлікке отырып, дөңгелек жол шетін тістелей бергенде, іштей бірдеңе қимай, соңыма қайырылдым.

Зекағаң сол орнында мызғымастан тұр екен. Үстіндегі көк шапаны аспан етегіндегі алтын иірімге ұласып, тұңғиық көктің бір сынығындай болып, менің соңымнан ұзақ тесілді.

Сол бір мұңлы жанарда — «енді қайтып дидарласу жазар ма, жазбас па?» деген тылсым күдік пен «жолың болсын, балам» деген аталық ақ батаның мөлдір моншағы мөлт етіп үзілердей боп тұрған-ды…

Артымнан бейне бір өткен күннің асыл сынығын бүгінгінің еншісіне аманаттап тұрғандай, Ақбеттің  иығындағы жалғыз қарағайдың сұлбасындай қозғалмастан қарап тұрды…

Мәңгілік Көш…

2023 жылы 27 шілдеде Солтанбайдың Зекебайы жер бетіндегі аманаттық сапарын тәмамдап, Мәңгілік Көшке бет түзеді.

Даланың еркін самалымен астасқан сол бір барқыт үн де тынды.

Тәні қара жердің қойнына берілгенмен, Абыздың рухы Баянауланың әр тасына, әрбір ескірмес әуеніне, мыңдаған шәкіртінің санасына нұр болып сіңіп үлгерді…

Қарашықта дірілдеген соңғы сағым-бейне – көгілдір мұнардағы заңғардың ең ақырғы шұғыласындай болып, менің көкірегіме өшпестей қашалып қалды…

Бақұл болыңыз, Абыз! Рухыңыз Пейіштің төрінде шалқысын…Ұлы ҰСТАЗ…

 

 

 

Добавить комментарий