Қазақстанда Әкелер күніне арналған апталық қорытындыланды. 15-21 маусым аралығында еліміздің барлық өңірінде отбасы институтын нығайтуға, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыруға және отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.
Апталық аясында әкелер форумдары, спорттық жарыстар, отбасылық фестивальдер, концерттер, шығармашылық байқаулар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, қоғам қайраткерлерімен кездесулер, алғыс айту акциялары, көрмелер, шеберлік сабақтары, зияткерлік ойындар, челлендждер мен әлеуметтік желілердегі флешмобтар өтті.
Бағдарламада ата-аналар мен балалардың бірге уақыт өткізуіне басымдық берілді. Көптеген өңірде отбасылық эстафеталар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, сурет және шығарма байқаулары ұйымдастырылды. Сондай-ақ әкенің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі орны тақырыбындағы ашық пікір алмасулар өтіп, жиындарда көпбалалы және отбасы құндылықтарын дәріптеп жүрген әкелер өз тәжірибесін айтты.

Іс-шараларды өткізуге жергілікті атқарушы органдар, әкелер кеңестері, білім беру ұйымдары, мәдениет және спорт мекемелері, жастар ресурстық орталықтары, қоғамдық бірлестіктер мен отбасын қолдау орталықтары белсене атсалысты.
Әкелер күніне арналған іс-шаралар отбасы құндылықтарын нығайту мемлекеттік отбасы саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін тағы бір мәрте көрсетті. Апталық аясындағы бастамалар жауапты әке рөлін дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және әкенің отбасы мен қоғамдағы орнын айқындай түсуге ықпал етті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

