Жазғы демалыс кезеңінің алғашқы апталары артты қалды. Үш айға ұласатын бұл кезеңді балалар ерекше ықыласпен күтеді, әрине. Бірі ауылға аттанса, енді бірі лагерьлерге барады, тағы біреулері түрлі үйірмелерге қатысып, бос уақытын шығармашылық жетілумен, дағды қалыптастырумен өткізеді. Десек те, жазғы демалыс мәселесі тек серуендеп-тынығумен ғана өлшенбейді. Бұл – бала тәрбиесіне, оның рухани әлеміне, танымына, мінез-құлқына және болашақ тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін аса маңызды уақыт.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» дейді. Сондықтан жазғы демалысты тиімді әрі пайдалы ұйымдастыру – ата-ананың, мектептің, қоғамның, тұтас мемлекеттің ортақ жауапкершілігі.

Бүгінде әлем жылдам өзгеріп жатыр. Ақпарат ағыны күшейді, цифрлық технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды дегенді жиі айтамыз. Осындай кезеңде бала тәрбиесі бұрынғыдан әлдеқайда күрделі сипатқа ие бола түсті. Смартфондар мен әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген заманда өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытып, кітапқа, білімге, еңбекке, ұлттық құндылықтарға баулу мәселесі ерекше алдыңғы орынға шықты.

Ауылдағы жаз табиғи тәрбиенің негізі

Қазақ халқы «Ауыл – алтын бесік» деп бекер айтпаған. Көпшілік үшін ауылдағы жазғы демалыс балалық шақтың ең жарқын естеліктерінің бірі болып қала береді.

Ауылдағы тіршілік баланы табиғатпен үндестікте өмір сүруге, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, қарапайымдылыққа баулиды. Таңмен таласа тұрып малға қарау, бақша суару, шөп шабуға көмектесу, өзен-көл жағасында асыр салу, атқа міну, жеміс-жидек теру – мұның барлығы баланың дене бітімін ғана емес, мінезін де шыңдайды.

Ең бастысы, ауылда бала ата-әжесінің тәрбиесін көреді. Үлкеннің батасын алып, халықтық тәрбиенің мәйегін бойына сіңіреді. Бүгінгі педагогтар мен психологтар да табиғат аясында өскен баланың эмоционалдық тұрақтылығы жоғары болатынын айтып келеді.

Қала балалары үшін мүмкіндік мол

Біздің балалық шағымыздағыдай емес, қазір қала балаларының жазғы демалысты мазмұнды өткізуіне мүмкіншіліктер өте мол. Жазғы лагерьлер, спорт мектептері, шығармашылық орталықтар, өнер студиялары, робототехника және бағдарламалау үйірмелері, тіл курстары, кітапханалардағы әдеби клубтар, музейлер мен театрлар – мұның барлығы балалардың жан-жақты дамуына оң ықпал етеді.

Сонымен қатар қазіргі балалар үшін әлемдік білім қорына да жол ашық. Электронды кітаптар, аудиокітаптар, танымдық платформалар мен онлайн курстар бүгінгі баланың білім көкжиегін кеңейтуге септігін тигізуде.

Алайда технологиялық мүмкіндіктердің артуымен бірге жаңа қауіптер де пайда болғанын елеп-екеруге тиіспіз.

Бүгінгі бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер

Қазіргі қоғамда мамандарды алаңдататын бірнеше маңызды мәселе бар. Біріншіден, смартфон мен әлеуметтік желіге деген тәуелділік. Бүгінде көп баланың бос уақыты телефон, планшет пен компьютер алдында өтеді. Әлеуметтік желілер мен қысқа бейнероликтер баланың назарын ұзақ уақыт бір дүниеге шоғырландыру қабілетін әлсіретіп, терең ойлауға кедергі келтіріп отыр.

Мамандар мұны «цифрлық тәуелділік» деп атайды. Бұл құбылыс баланың ұйқысына, денсаулығына, психологиялық жағдайына және қарым-қатынас мәдениетіне әсер етуде.

Екіншіден, отбасындағы қарым-қатынастың әлсіреуі. Кейбір ата-ана материалдық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөліп, баламен сырласуға, бірге уақыт өткізуге уақыт таба алмай жатады. Ал шын мәнінде балаға қымбат телефоннан немесе сәнді киімнен бұрын ата-анасының мейірімі, жылы сөзі мен көңілі қажет екенін ескерусіз қалдырамыз.

Үшіншіден, кітап оқу мәдениетінің құлдырап-төмендеуі. Осы күні балалар ғана емес, ересектердің де кітап оқуға бөлетін уақыты азайып барады. Көркем әдебиеттің орнын әлеуметтік желілер мен қысқа ақпараттарға алмастырудамыз.

Ал кітап оқымайтын ұрпақтың ойлау қабілеті үстірт қалыптасып, сөздік қоры жұтаңдап, өз ойын жүйелі жеткізуі қиындай түсетінін айтып жатудың өзі артық шығар.

Төртіншіден, ұлттық құндылықтардан алшақтау. Жаһандану дәуірінде балалар әлемдік мәдениетті жақсы білгенімен, өз халқының тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін, ұлттық тұлғаларын жете тани бермейді. Өкінішті. Біз мұндай жағдаймен күнделікті бетпе-бет келіп жүргендіктен, өзекті өртейді. Бұл жағдай бізді үлкен ойларға, алаңдаушылыққа жетелейді.

Рухани тамырынан ажыраған ұрпақтың болашағы да баянды болмайтыны белгілі ғой. Сондықтан да бұл мәселеге ерекше маңыз беріп қарау қажет-ақ.

Бесіншіден, еңбек тәрбиесінің әлсіреуі, Бұрын балалар ерте жастан еңбекке араласып, үлкендердің жанында жүріп өмір мектебінен өтетін-ді. Қазіргі таңда күнделікті, тұрмыстық қарапайым жұмыстардың өзінен алшақтап бара жатқан балалар аз емес.

Еңбек – мығым тәртіптің, табандылықтың және жауапкершіліктің мектебі, дейміз. Бірақ іс жүзінде баланы осы мектепке қарай жетелеуге мән бермей отырмыз.

Жазғы демалысты қалай тиімді өткізуге болады?

Әдетте, мамандар балалардың демалыс уақытын бірнеше бағытта ұйымдастыруды ұсынып жүр ғой. Олар – кітап оқу, спортпен айналысу, таза ауада серуендеу, тарихи орындарға саяхат жасау, музейлер мен театрларға бару, шығармашылықпен айналысу, жаңа дағдыларды меңгеру, еріктілік қызметке қатысу, отбасымен бірге уақыт өткізу, ұлттық ойындарды үйрену және тағы басқадай. Бұл – әбден екшеліп, өзінің өміршеңдігін танытып келе жатқан дәстүрлі бағыттар. Осындай қарапайым әрекеттердің өзі баланың дүниетанымын кеңейтіп, тұлғалық қалыптасуына оң әсер ететіні рас.

Кітап – рухани иммунитет қалыптастыратын күш

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы: «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» дейді. Кітап – білімнің ғана емес, рухани байлықтың, мәдениеттің, ойлау қабілетінің қайнар көзі. Кітап оқитын баланың сөздік қоры байып, есте сақтау қабілеті артады. Сонымен қатар ой-қиялы дамып, сараптап-салмақтау, пайымдап-түю жүйесі жақсы қалыптасады. Сөйлеу мәдениетінің жетілуі мен дүниетанымның кеңеюіне, бойдағы адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына кітаптан артық ештеңе де ықпал ете алмайтынын уақыттың өзі әлдеқашан айқындаған.

Бүгінгі ақпарат тасқыны заманында кітап оқу баланың рухани иммунитетін қалыптастыратын ең сенімді құралдың бірі ретінде қала береді.

Негізінен, жазғы демалыс – кітап оқуға ең қолайлы уақыт. «Балаларға қандай кітаптарды оқуға болады?» деген сауал жиі қойылады. Мысалы, мен бастауыш сынып оқушыларына мыналарды ұсынар едім: Бердібек Соқпақбаев – «Менің атым Қожа», Мұзафар Әлімбаевтың өлеңдері, Өтебай Тұрманжановтың ертегілері, Спандияр Көбеевтің әңгімелері. Ал орта буын оқушылары үшін Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхаты», Сапарғали Бегалиннің «Көксегеннің көргендері», Оралхан Бөкейдің әңгімелері, Мұхтар Мағауиннің шығармалары ғажап болар еді.

Таным-түсінігі әлдеқайда дамып-жетілген деп есептелетін жоғары сынып оқушылары Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын», Мұхтар Әуезовтің повестері мен әңгімелерін, Әбіш Кекілбайұлының шығармаларын оқу мұрат болса керек-ті.

Жоғарыда аталған туындылар жас оқырманның ұлттық дүниетанымын қалыптастырып, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруіне жақсы жол ашады.

Балалар әдебиеті: жетістіктер мен мәселелер

Біздің ұлттық балалар әдебиетіміздің бай тарихы бар. Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев, Сапарғали Бегалин, Қадыр Мырза Әлі, Өтебай Тұрманжанов сияқты қаламгерлердің шығармалары бірнеше буынның рухани азығына айналғаны мәлім. Олардың классикалық дүниелері жаңа буын ұрпақ үшін де қызмет етіп келеді.

Соңғы жылдары балалар әдебиетіне жаңа есімдер келіп, жаңа кітаптар жарық көруде. Мемлекеттік тапсырыспен кітаптар басылып, әдеби байқаулар да жиі ұйымдастырылады. Дегенмен бұл салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Бүгінгінің баласына арналған ғылыми-фантастикалық шығармалар, комикстер, графикалық романдар, жасөспірімдерге арналған заманауи әдебиеттер әлі де аз. Сондай-ақ балалар әдебиетін насихаттау ісін күшейту қажеттігі де байқалады. Қызықтыру арқылы қызығушылыққа қозғау салсақ, қане?

Отбасындағы кітап оқу мәдениеті қандай?

Өкінішке қарай, қазір көп отбасында кітап оқуға арналған уақыт деген жоқ. Оқуға деген алғашқы сүйіспеншілік һәм кейінгі құштарлық ең алдымен, отбасында қалыптасады. Ата-анасы кітап оқитын үйде бала да кітапқа жақын өседі.

Кешкілік бір сағатты бірге кітап оқуға арнау, оқылған шығарма туралы пікір алмасу, шағын үй кітапханасын қалыптастыру – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды қадамдардың бірі.

Мемлекет назарындағы маңызды мәселе

Соңғы жылдары елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқитын ұлт қалыптастырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Тіпті, жуырда зерделі ұлт қалыптастыру туралы Жарлыққа да қол қойды.

Президенттің бастамасымен кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа жобалар қолға алынып, кітапханалардың қызметін жетілдіру, оқырмандық ортаны қалыптастыру мәселелері мемлекеттік деңгейде қарастырылуда.

Өйткені интеллектуалды ұлт қалыптастыру – Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық міндеттердің бірі.

Жазғы үш ай – үш жылға татитын мүмкіндік. Жазғы демалыс – жай ғана тынығу уақыты емес, керісінше, баланың мінезі қалыптасатын, дүниетанымы кеңейетін, кітаппен достасатын, жаңа қабілеттерін ашатын, өмірге деген көзқарасы қалыптасатын ерекше кезең.

Бүгінгі қоғамға тек жақсы баға алатын оқушы емес, ойлай алатын, ізденетін, кітап оқитын, еңбекқор, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін, рухани бай азаматтар ауадай қажет. Бүгінгі зейінді, зерделі бала – ертеңгі ел иесі. Ал кітап оқитын, білімге құштар, ұлттық рухы биік ұрпақ – Қазақстанның ең қымбат байлығы. Сондықтан да жаздың әр күні баланың болашағына салынған инвестиция екенін ұмытпаған жөн.

Ұлы Абайша айтсақ: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге…»

Тоқетері сол – жазғы демалысты тек қызық қуумен емес, кітаппен, ізденіспен, еңбекпен және рухани байлықпен өрнектей білсек, ұтарымыз көп. Оқуғак құштар ұрпақ – кемел келешектің кепілі.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий