
Аида БАЛАЕВА, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
– 16 мамырда Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл маңызды құжат еліміздің адами капиталын дамытуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, білімді, ойлы әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға бағытталған.
Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі бірқатар нақты бастамаларды қолға алды.
Соның бірі – 2026 жылғы қыркүйекте бастау алатын «Жылдың 10 үздік оқырманы» жобасы. Бұл жоба аясында жыл сайын түрлі жас санаттары бойынша еліміздегі ең белсенді оқырмандар анықталады. Сонымен қатар кітап пен оқуды насихаттауда үздік нәтиже көрсеткен өңірлік тәжірибелер де кеңінен дәріптеледі.
Бұдан бөлек, кітап оқу мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Ұлттық сыйлық тағайындау жоспарланып отыр. Бұл бастама кітапханашылардың, педагогтердің, журналистердің, баспагерлердің, қаламгерлер мен қоғам қайраткерлерінің еңбегін ел алдында бағалап, олардың кітап пен оқу ісін ілгерілетудегі үлесін айқындайтын маңызды қоғамдық мойындау алаңына айналады.

Бұл бағытта цифрландыру мәселесіне де ерекше мән беріліп отыр. Қазіргі уақытта Министрлік Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жұмысын бастады. Аталған платформа электрондық каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстарын және заманауи сервистерді бір арнаға біріктіреді. Соңғы бес жылда электрондық форматтағы кітаптардың қаралымы 9 миллионнан асты. Бұл қоғамда цифрлық оқу мәдениетіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар жаңа үлгідегі кітапханаларды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы үш жаңа кітапхана ашылып, қала мен ауылдардағы 36 кітапхана жаңартылды. Биыл тағы 30 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі іске асыру кітапхана және кітап ісінің дамуына тың серпін береді деп сенемін. Бұл бастамалар қоғамда оқуға деген ықыласты күшейтіп, ойлы, білімді, жасампаз ұлт қалыптастыруға зор үлес қосары анық.
