Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры 36-шы театр маусымын тағы бір жарқын премьерамен толықтырды. Театр ұжымы қазақ әдебиеті мен драматургиясының көрнекті өкілі Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясын сахнаға шығарып, көрерменге күлкі мен ойды қатар сыйлаған мазмұнды қойылым ұсынды.

Бұл шығарма – сырттай қарағанда жеңіл комедия секілді көрінгенімен, астарында бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін көтеретін, ұлттық болмыс пен рухани тамыр туралы терең ой қозғайтын туынды. Премьераның алғашқы күні көрермен залының лық толуы да театрсүйер қауымның сапалы дүниеге деген сұранысын аңғартса керек. Қойылым аяқталған сәтте залдағы ұзақ қошемет пен ыстық ықылас актерлер еңбегінің лайықты бағасы болды.

«Күшік күйеу» – қазақ қоғамындағы ескі мен жаңаның, ауыл мен қаланың, ұлттық тәрбие мен жаһандану ықпалының арасындағы тартысты күлкі арқылы жеткізетін шығарма. Қойылымның негізгі желісі ауылда тәрбиеленіп, салт-дәстүрді бойына сіңірген жігіттің қала өміріне тап болуынан өрбиді.

Ауылдағы, ауыл тәрбиесіндегі қарапайымдық, үлкенге құрмет, ұлттық әдеп пен отбасы құндылықтары қаладағы жаңа мәдениетпен, өзгеше дүниетаныммен бетпе-бет келеді. Осы екі ортадағы сәйкессіздік комедиялық ситуациялар туғызғанымен, оның астарында қоғамдағы үлкен өзгерістердің көрінісі жатыр.

Әсіресе, тіл мәселесінің көтерілуі қойылымның салмағын арттыра түседі. Ана тілінен алыстау, өз ұлтыңның мәдениетін толық түсінбеу, өз еліңде жүріп рухани өгейлік сезіну – бүгінгі қоғамда жиі кездесетін құбылыстардың бірі. Қойылым осы мәселені өткір мысқылмен, бірақ арзан күлкіге ұрынбай жеткізе білген.

Қойылым режиссері Жангелді Садықов шығарманың бүгінгі күнмен үндестігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл туынды қазіргі жастар мәселесін, ана мен бала арасындағы байланысты, ұлттық құндылықтардың әлсіреу қаупін қозғайды.

Режиссер қойылымға заманауи режиссерлік шешімдер енгізіп, классикалық мәтінді бүгінгі көрерменге, әсіресе жастар санасына жақындатуға күш салған. Мұны театрдың уақытпен бірге жаңарып отыруының көрінісі деп түйіндеуге болады.

«Күшік күйеу» еліміздің театрларында ұзақ жылдар бойы қойылып келе жатқан шығарма болғанымен, оның тақырыптық өзектілігі әлі де жойылған жоқ. Себебі қоғам өзгергенімен, адам табиғаты, отбасы мәселесі, рухани құндылықтар тақырыбы ешқашан ескірмейді.

Қойылымның көркемдік шешімі де ерекше назар аудартады. Суретші Айсұлу Шарипова сахна кеңістігін оқиға табиғатына сай шебер ұйымдастырса, костюм суретшісі Зейнеп Арықпанова кейіпкерлердің мінезі мен әлеуметтік ортасын киім арқылы дәл бере алған.

Рөлдердегі актерлердің шынайы ойыны көрерменді бірде күлдірсе, бірде ойландырады. Әсіресе, әр кейіпкердің мінез ерекшелігі, тілдік қолданысы мен әрекеті сахналық атмосфераны жандандыра түскен.

Гүлжамал рөліндегі Бахаргүл Құрбанова мен Ақық Таспаева, Биғайша образындағы Талжібек Атамбек пен Гүлжан Қайырбекова, Бекболат рөліндегі Данияр Бауыржанұлы мен Әділхан Төлегенұлы көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар Қабанбай, Ботка, Алма, Кубик және Тюрянчик бейнелерін сомдаған актерлер де қойылымның комедиялық қуатын арттыра түсті.

Актерлердің пластикасы, сахнадағы қарым-қатынасы, диалогтарды жеткізу мәнері – барлығы кәсіби деңгейде орындалғаны байқалды.

Қазақ театр өнерінің басты миссияларының бірі – қоғамдағы өзгерістерді көркем тілмен жеткізу. «Күшік күйеу» осы міндетті сәтті атқарған қойылымдардың бірі деуге болады.

Бізге ерекше ұнағаны – премьераға студент-жастардың көптеп келгендігі. Ендеше шығарма – қойылым мазмұндық мақсаты жағынан өз діттегеніне жетіп жатыр.

Комедия көрерменді жай ғана күлдіріп қоймайды. Ол әр адамға «Біз кімбіз?», «Қайда бара жатырмыз?», «Ұлттық болмысымызды сақтай алдық па?» деген сауалдар қояды.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі өте маңызды. Ауыл мен қала мәдениетінің арасындағы айырмашылық, тіл тағдыры, ұрпақтар арасындағы түсіністік секілді тақырыптар қазіргі қоғам үшін де өткір күйінде қалып отыр. Сондықтан «Күшік күйеу» – өткеннің емес, бүгіннің де шығармасы.

Премьера барысында театр ұжымына Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың ықылас гүлі табысталуы – өнер адамдарына көрсетілген құрметтің белгісі. Бұл театр ұжымының еңбегіне берілген жоғары баға деуге болады.

Жалпы, соңғы жылдары өңір театрларының шығармашылық ізденісі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Театр репертуарындағы заманауи әрі мазмұнды қойылымдардың көбеюі көрерменнің рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, ұлттық өнердің дамуына да серпін береді. Бұл жөнінде біз алдағы күндері сараптама боларлықтай материал жариялайтын боламыз.

 Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры ұжымы бұл премьера арқылы тағы бір мәрте қазақ театрының өміршеңдігін, қоғаммен бірге тыныстай алатын өнер екенін дәлелдеді.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий