Саха ақыны, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Саргы Куоның (Саргылана Гольдерова) өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз. Тәржімеші – ақын Перизат Құрманәлі.

Саргы Куо Амга ауданындағы Болугур ауылында ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Якут мемлекеттік университетін бітірген. Алғашқы кітабы «Ашық хат» деген атпен 1985 жылы жарық көрген.

Кешкі қиял

Салқын самал өпкенде,
Сирень аңқып далада.

Сыр айтамын өткенге,

Ортайған көңіл тола ма?

 

Қызғылт нұрға малынып,
Көкжиекте таң атты,
Нұрдан шәһар салынып,
Күмбездерін санатты.

 

Айнала нәзік реңдер,
Қалықтаған күй кешті,
Ақ, қара ала, күреңдер,
Күйменен сірә үндесті.

 

Жасыл теңіз – жалын Бақ,
Толқыды шөптер алысып.
Асқақ рухпен арындап,
Тұлпарлар өтті жарысып.

 

Қос аяқтап шапқанда,
Жел еседі жалдарын,

Шабыттанып ақ таңда,

Орындағандай арманын.

 

Кенет тоқтап тарпығанда,
Сілкігенде денесін,
бойы ширап шалқығанда,
Көргендей Рух елесін.

 

Жаңғырады кең далада,
Кісінеген үндері,
Қатар шапты қос қара ала
Шаба түсті  ілгері.

 

Көз ұшынан ғайып болып,
Кетті ұзап, жоғалды,
Елестері санамда қалып,
Санамда ғана оралды.

 

Сірә, солар – жас қырандай
Нюргун Боотур жүйрігі,
Батырлардың ұранындай,
Тәңір жаққа тартты таза пиғылы.

 

Көк аспанға сіңіп барып,
Көзден ғайып болды олар,
Ғаламаттай Тұлпар алып,
Ғарыш жаққа қонды олар…

 

Көктемгі қар

Көше шамы сағымында,

Жалт-жұлт етті қар жауып.

Жайлап қана жерге түсіп,

Еріп кетпеске қарманып.

 

Қатты асфальтқа тиісімен
Мұңға батып еріді.
Жылағандай жансыз әлем
Сезімдерден жеріді.

 

Қандай көркем құбылды қар,
Сезімімнің ұяң үнінде.
тыныштықта қоштасқандай,
Көктемнің соңғы түнінде.

 

Таза, нәзік толқындардай,
Жарқырайды ұшқан қар.
Көздің жасы, жанның оты
Болып кеткен арман-зар.

 

Жалғызсырап жабырқайды,
Сезім болып төгіліп,
Сол бір мұңда таңырқайды,
Жүрек сыздап егіліп.

 

Жұлдыздайын  қар түйірі
Бір сөніп, бір жанады,
Бетке тиіп, із қалдырмай
Еріп қана барады.

 

Тазалыққа, ұмтылғандай,
әппақ ұлпа, нәзік нұр.
Қар жапырақ жыртылғандай
Көз жасымдай тамып тұр.

 

Жазғы кеш

Жазғы кеш,
Сезімтал тыныштыққа малынып,

Көкжиекте күн сөніп барады жабығып.
Жер бетіне түн қонақтады,
Мұңлы бір сырды сыбырлай сағынып.

 

Осы тыныштықтан, осы мұңнан
Қашқым келеді алысқа,
Сөнбес жұлдыздай мәңгіге,
ұшқым келеді ғарышқа.
Кейде шық болып сарқылмас, сәнді де,
Гүл  күлтесіне қонғым келеді мәңгіге.

 

Алысқа жүзер өзен-көлдермен,

Аққу да болғым келеді.

Көк аспан көкжиек шөлдерден,

Самғап өтетін қыран да болғым келеді.

О, неге екен,
Жүрегім алабұртып?
Мұңлы әнді бастайды алақызып.
Осы бір ұмыт болмыстан…

Алыстағым келеді аракідік

 

Сеземін әрбір сөнген күнмен,

Өмірім де өшкінделіп барады,

Әрбір қымбат түнмен,

Ғажайып сәттерім алыста,

Қайта оралмас  қол бұлғап қалады…

 

Әр жаз сайын

Әр жаз сайын дала кезіп,
Сахараны шарласам ғой.
ойды, қырды, қала кезіп,

Қазыққа ат байласам ғой.

 

Көрсетпестен қызғана басқа жанға,

Шырай берсем қайтеді тас ғаламға.

Қымыз құйып толтырсам, жемістермен

Өрнектелген сезіммен тостағанға.

 

Әр жаз сайын шықсам ғой тау басына,
келгендей кіршіксіз де тәубесіне.
Шипалы шөптер теріп қоректеніп,
Жамандықтың құтылып әуресінен.

 

Ақ қайңнан шырын алып,
бұлағыңа жиі барып.
шалғыныңда шаттансам ғой

Құс біткенді жыйып алып.

 

Өзеніңде ау тастасам,

Балығыңды іліп алып,

Міне солай ғұмыр кешсем

Саха жұрты секілденіп,
Табиғатпен тіл табысып,
Құпияңды біліп алып.

Міне солай күн кешсем ғой!!!

 

***

Сарғайған жапырақ ой салды тағы,
Бүгінгі өтіп бара жатқан күн де дәрменсіз.
Таңнан бері тіршілігім басталды-дағы,
Өмір ағысы тоқтардай дәл менсіз.

 

О,  атқан таң  – жеңісті күнім менің!
Мінсіз таза үнім едің.
құлашымды кеңге жайдым,

Мен қайта тірілемін, бақытты күнім менің.

 

Сарғайған жапырақ ой салды тағы,
Өтіп бара жатқан күн де  байсалды.
Сондықтан да өмір сүр, өмір қымбат,
Алға бас, көктемің ән салсын тағы!

Добавить комментарий