Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен Павлодар облысында діни экстремизмнің алдын алу және тұрғындардың дінтанулық сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Биылғы жылдың 18-22 мамыры аралығында өңірге арнайы келген республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері облыс тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – халыққа мемлекеттің дін саласындағы саясатын кеңінен түсіндіру, қоғамда деструктивті діни идеологиялардың таралуының алдын алу және діни экстремизм мен радикализмге қарсы иммунитет қалыптастыру.

Бес күнге созылған жұмыс барысында облыс аумағында жалпы саны 20 іс-шара өткізілді. Оған мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, студент жастар мен мектеп оқушылары қатысты. Жалпы алғанда, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 500-ден астам тұрғынды қамтыды.

Кездесулерге еліміздің білікті сарапшыларынан құралған республикалық топ мүшелері қатысты. Олардың қатарында «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының «Ақпараттық-түсіндіру жұмысы» бөлімінің лекторы Арман Нұрахметұлы, «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, дінтану ғылымдарының PhD докторы Балғабек Мырзаев, психолог-сарапшы Лола Шакимова және республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Гүлназ Раздықова бар.

Кездесулер барысында сарапшылар діни таным мен деструктивті діни ағымдардың айырмашылығы, теріс идеологияларға қарсы сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру, экстремистік ұйымдар жақтаушыларының психологиялық ерекшеліктері және жастар арасындағы рухани құндылықтардың маңызы туралы мазмұнды дәрістер оқыды. Сонымен қатар, «Ұлттық құндылықтар – ел болашағы» тақырыбы аясында зайырлылық, толеранттылық, қоғамдық келісім, бірлік пен жауапкершілік сияқты тұрақтылықтың негізгі қағидаттары жан-жақты талқыланды.

Мұндай кездесулер азаматтардың діни ақпараттық кеңістікте дұрыс бағдар алуына, деструктивті ағымдардың ықпалына түспеуіне және діни мәселелерге қатысты сауатты көзқарас қалыптастыруына ықпал етеді. Сарапшылардың пікірінше, діни сауаттылық – тек білім деңгейінің көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге азаматтың өз таңдауы мен ұстанымына деген жауапкершілігінің көрінісі.

Павлодар облысында өткен бұл іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығын нығайтуға, азаматтардың ұлттық мүдде мен рухани құндылықтар негізінде тәрбиеленуіне өз үлесін қоса бермек.

Добавить комментарий