Баянауыл – ақындардың алтын бесігі, сөз өнерінің киелі мекені. Осы топырақтан түлеп ұшқан, Ертіс-Баян өңіріне есімі мәшһүр, айтыс сахнасының саңлағы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, Мәдениет саласының үздігі Жұмкен Сейітов биыл мерейлі 65 жасқа толып отыр. Ақынның осынау айтулы белесіне орай С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Өнер – өмір өзегім» атты рухани кездесу кеші өтті.

Жұмкен Арқалықұлы – тек айтыс өнерінің майталманы ғана емес, халқының мұңын мұңдап, жырын жырлап келе жатқан, сөздің қадірін жанымен сезінетін қаламгер. Ол 1961 жылы 14 шілдеде Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. Өнерге сусап өскен ақын 1988 жылдан бері туған ауылындағы Жаңажол ауылдық мәдениет үйінде талмай қызмет етіп, мәдениеттің қара шаңырағын биіктетуге өлшеусіз үлес қосып келеді.

Кештің шымылдығы жас айтыскер ақын Рамазан Дәуренбектің арнауымен ашылды. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының, өнер жолындағы ұстаз бен шәкірт арасындағы үзілмес үндестіктің көрінісіндей болды. Жас ақындар кеш иесінің өлең-жырларын нақышына келтіре оқып, ұстазға деген ерекше құрметтерін көрсетті.

Мерейтой иесін құттықтауға облыстың зиялы қауымы, ақынның қаламдас достары мен шәкірттері арнайы жиналды. Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан сөз сөйлеп, облыс әкімі Асайын Байхановтың ресми құттықтау хатын оқып, ақынға аймақ басшысының ыстық сәлемін жеткізді. Баянауыл ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Мұқанов аудан әкімінің жылы лебізін оқып беріп, сый-сыяпатын табыстады.

Есімі елге белгілі батагөй ақсақал Балтабай Сыздықов бала Жұмкеннен дара Жұмкенге дейінгі шығармашылық жолын талдап, ақынның алғашқы өнер сапарына басқан қадамдары туралы қызықты естелік айтса, танымал айтыскерлер Шолпан Байғалы мен Қанат Шайғазин өз кезегінде Жұмкен Арқалықұлымен өткен талай додалы кезеңдерді, айтыс аламанындағы қызықты сәттер мен ағалық-інілік сыйластықтың жарасымды естеліктерімен бөлісті. Олар ақынның адамгершілігі мен өнерге деген адалдығы бүгінгі жастарға үлгі екенін баса айтты. Кештің ең әсерлі сәті – ақынның 88 жасқа келген қадірлі анасы Раушан Жұманбайқызының ортаға шығуы болды. Ақ жаулықты ананың ұлына арнап айтқан ақ батасы жиылған қауымның көзіне жас ұялатып, кештің рухани мәнін биіктете түсті. Ананың ақ тілегі мен батасы ақынға берілген ең үлкен рухани сыйға айналды.

Ақынның шығармашылығы – ұлттық рухтың айнасы. Оның 2024 жылы жарық көрген «Өлең ұя салған шаңырақ» жинағындағы әр жолдан туған жерге, елге деген сағыныш пен сүйіспеншілік айқын сезіледі. Жұмкен Сейітов – айтыс сахнасындағы дүлдүлдігімен ғана емес, парасатты болмысымен де халқының жүрегінен орын алған тұлға.

Алпыс бестің асқарында тұрған ақынға біз де шығармашылық шабыт, ұзақ ғұмыр тілейміз. Домбыраңыздың үні, жыр желісі ешқашан үзілмесін, Жұмкен аға!

Добавить комментарий