Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, драматург, аудармашы Зейтін Ақышевтің туғанына 115 жыл толуына орай «Қаламгер тағылымы» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Зейтін Ақышев – ұлттық әдебиетімізде өзіндік орны бар қаламгер. Ол 1911 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Қарапайым ауылдан шыққан болашақ жазушы жастайынан білімге құштар болып өсіп, Омбы жұмысшы факультетінде, кейін Семей педагогикалық институтында білім алған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, білім беру саласында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Сонымен қатар редакторлық, аудармашылық жұмыстармен айналысып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты.

Қаламгердің шығармашылық мұрасы бай әрі мазмұнды. Оның туындыларында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер шынайы суреттеледі. «Ақбел асуы», «Жесірлер», «Бұршақ соққан жер» сияқты шығармалары арқылы жазушы оқырманға өмірдің күрделі мәселелерін көркем тілмен жеткізе білді. Сонымен қатар Жаяу Мұса мен Иманжүсіп Құтпанұлы туралы тарихи туындылары арқылы ұлттық тарихты жаңғыртуға үлес қосты.

Осы игі шара аясында жазушы мұрасын дәріптеу, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында «Жас қалам» атты облыстық проза байқауы ұйымдастырылған еді. Байқауға өңірдің түкпір-түкпірінен талапты жастар қатысып, өз шығармаларын ұсынды. Қатысушылардың еңбектері сараланып, үздіктері анықталды.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды Шарбақты ауданы Жылыбұлақ негізгі мектебінің оқушысы Сырымбек Абаев иеленді. ІІ орын Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Аяулым Тұрсынбекке бұйырды. Ал ІІІ орынды Екібастұз қаласы №21 орта мектебінің оқушысы Ақжібек Алкей қанжығасына байлады. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Тағылымды кештің басты мақсаты – Зейтін Ақышевтың рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа кеңінен таныту, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болды. Шара барысында айтылған ойлар мен ұсыныстар, орындалған әндер мен көркем сөздер көрерменге ерекше әсер қалдырды. Мұндай игі бастамалар ұлттық әдебиеттің дамуына серпін беріп, жас буынның шығармашылық әлеуетін арттыра түсері сөзсіз.

 

Риза АСҚАРБЕК,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бөлім басшысы.

Добавить комментарий