– Конституция, Ата Заң – біле білсек, біздің күретамырымыз, жүрегіміз, бүгініміз бен болашағымыздың бағдары, ұрпағымыздың әлемдік кеңістікте өзіндік орнын айқындауға негіз болатын, рухты асқақ етіп, құндылықтарымызды дәріптейтін маңызды құжат. Ата Заңымыздың жаңа жобасында ел дамуының барлық негіздері көрініс тапқаны қуантады. Сондықтан да мен жарқын болашағымыздың толыққанды бағдары бола алатын басты құжаттың жаңа жобасын қолдап, таңдауымды жасадым, – дейді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әйгілі опера әншісі, ұстаз Ш.Әбілов.

Даңқты жерлесіміз референдум бойынша өз таңдауын жасау үшін туған жеріне арнайы келген екен. Өңіріміздегі іргелі оқу орны – Торайғыров университетінде орналасқан учаскеде таңдауын жасаған Халық әртісі жерлестерін осынау аса маңызды саяси шарада ынтымақ пен бірлік танытуға, жаппай таңдау жасауға шақырды.
– Әлбетте, бойда қажыр мен қайратымыз тұрғанда еліміз үшін, Конституциялық құндылықтарымыз үшін аянбай еңбек ете береміз. Ата Заңымыздың жаңа жобасында барлығы қамтылған. Ең бастысы, қоғам болып үйлесімді әрекет етіп, даму жолымызда табандылық пен жауапкершілікті, азаматтық міндетті тереңнен түсініп, мемлекеттігіміздің мәртебесін арттыру, елдің ауқатын өрістету үшін тер төгу керек. Мен осыны қолдаймын! Дана Абай:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – дейді. Міне, осында айтылғандай біздің еліміз жаңа Ата Заңның аясында өзін де жарылқап, төңіректегі көршілерімізбен, өзге де алпауыт мемлекеттермен достық, әріптестік қарым-қатынасты одан әрі нығайта берсе, халқымыз қуатты да бақуатты жұрт ретінде өркендей түседі. Өкінішке қарай, қазір әлем тынышсыз. Бұл ретте біздің елдің өзіндік ұстанымдары әрдайым адамзаттық игіліктермен негіздес болуға тиіс. Сондықтан да біздің жаңа Ата Заң күллі әлемге өзін айқын танытатындай күшке ие деп білемін. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай өрелі деңгейде көздеп, нақты қадамдарға жол ашып отырғанын түсінуіміз қажет. Біздің басты ұстаным-бағытымыз – Қазақстанды әлемге шығару, дүниеге таныту, достық байланыстарымызды нығайта отырып, әл-ауқатты күшейту, – деп атап көрсетті Ш.Әбілов.
Асыл ӘБІШЕВ.
