Астанада Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті.

Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңға жуық депутат, оның ішінде Павлодар қалалық мәслихатының депутаттары қатысты.

«Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия – айрықша, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Форум тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға, үкімет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.

Мәслихаттар реформаларды іске асыруда және қазақстандықтардың өмірін жақсартуда шешуші рөл атқарып келеді. Мемлекет басшысы: «Мәслихат депутаттары халық алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге атсалысып, халық пен билік арасындағы көпір болуға тиіс.

Олар тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесуі керек. Осы маңызды жұмысқа олардың құзыреті толық жетеді» – деп белгіледі.

Добавить комментарий