Екібастұздағы жаңа театрдың мұраты зор.

Екібастұз қаласындағы «Өнер» мәдениет сарайы жанынан өткен жылдың соңын ала ашылған «Ертіс-Баян» театры өз жұмысын жандандыра түсуде. «Ертіс-Баян» – шаһардағы кәсіби тұрғыда іске қосылған алғашқы өнер ұжымы.

«Өнер» мәдениет сарайының базасында жасақталған бұл ұжым қазіргі күні қанатын кеңге жаюдың қамын жасап жатыр.

Режиссер Бибіажар Диханның сахналауымен Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат!» драмасымен алғаш шымылдығы түрілген жаңа театрдың ашылуына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов арнайы келіп, өзінің құттықтау сөзінде: «Алдағы уақытта Екібастұз қаласында жасақталып жатқан жаңа театрды дербес ғимаратпен қамту мәселесі  қарастырылып жатыр» деген еді. Бұл – аса зор қолдау. Сондықтан да, жаңа театр шаһардың өнер кеңістігінен орнықты орын ала деп сенеді өнер сүйер қала жұртшылығы.

Бұл ретте, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин де жаңа ұжымға өз тарапынан мүмкін болатын барлық қолдау-қамқорлықты жасайтынын айтып отыр.

 

Жуырда театр қала тұрғындары мен қонақтарына Қанат Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» комедиясын ұсынды. Көрермен залы лық толды. Осының өзі-ақ қала жұртшылығы үшін театрдың қаншалықты маңызға ие екенін аңғару қиын емес.  Бұл туралы осы қойылымды жұртшылықпен бірге тамашалауға келген Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин де қуаттай түсті. «Театр – көрерменге ой салатын мәдениеттің шыңы. Осы іске ұйтқы болып, жергілікті театрдың негізін салған «Өнер» сарайының басшысы Талғат Сағынтаев алдағы уақытта жұмысты барынша күшейьіп, жаңа құрылып жатқан өнер ұжымының әлеуетін, репертуарлық мазмұнын арттыру жоспарын түзіп отыр. Бұл жолда біз қолдан келетін барлық қолдау-мүмкіндіктерді жасауға бейілдіміз. Өздріңіз білесіздер, «Ертіс-Баян» театры ашылған күні өңіріміздің әкімі Асайын Қуандықұлы арнайы ғимарат қарастыру туралы айтқан болатын. Мұның барлығы алдын ала кеңесіліп, пысықталған-тұғын. Сәтін салса, биыл мүмкіндіктерімізді жан-жақты екшеп, жинақталып алып, келесі жылы жергілікті театрды ғиаратпен қамту мәселесіне кіріспек ойымыз бар. Тың ғимарат бола ма, әлде лайықты ғимартқа реконструкция жасаймыз ба, оны алдағы күндері нақтылаймыз. Ең бастысы – ұжымның өз алдына жеке отау тігіп шығуы.Тағы бір айтаын дегенім, бізде қосымша білім беру бағыты бар. Қаламызда «Самғау» қосымша білім беру орталығы ашылғаннан кейін мұнда оқушылардың 70 пайызға жуығы қамтылып отыр. Міне, осы орталық пен театр ұжымы әріптестік-ынтымақтастық орнатып, «Самғау» жанынан жас көрермендер театрының жұмысын жолға қоюға болады деп ойлаймын. Сондықтан да мәдениет бағытында, соның ішінде театрды дамыту бойынша жұмыс-жоспар аз емес», – деді Екібастұз әкімі А.Бейсекин.

Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан: «Әзірге «Өнер» мәдениет сарайының жанынан қоныс тауып отырған жаңа театрдың болашақта өз алдына жеке шаңырақ болып шығуы – аса қажетті мәселе. Өйткені, мәдениет сарайының қызметі мен театр жұмысын бір шаңырақта үйлестіру – мейлінше күрделі шаруа. Театрдың өзіндік қажеттіліктері шаш етектен. Декорациялық мәселелері өз алдына. Болашақта қарастырылып отырған театр ғимаратының сыйымдылығы 250-300 адамға шақталатын болса, сол жеткілікті», – деп атап өтті.

 

Екібастұздағы «Ертіс-Баян» театрының режиссері Бибіажар Диханның айтуынша, қазіргі уақытта труппада 18 актер жұмыс істейді. «Мен Қазақ Ұлттық өнер университетінде білім алғанмын. Әріптесіміз – «Өнер» мәдениет сарайының директоры Тлағат Сағынтаев мырзаның сұраныс-өтінішін құп алып,  өзіммен үзеңгілес жүрген жастарды осы Екібастұзда ашылып жатқан театрға тарттым. Барлығының да жоғары білімі бар. Кілең жастар топтасқан. Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймаутов атындағы Павлодар облыстық театрының жас актерлері де бар. Ең алғаш екібастұздық театрдың шымылдығын М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» дремасымен ашқан болатынбыз. Міне, араға аз уақыт салып, ұжыи ретінде мейлінше жинақталып, қалпасқаннан кейін кезекті қойылымды – Қанат Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» комедиясын сахнаға шығардық. Режиссері – Ж.Аймауытов театрының маманы Әділет Ақанов», – деді өз сөзінде Б.Дихан.

Жалпы, Қазақ Ұлттық өнер университетінде білім алған Бибіажар Дихан ханым бұған дейін Қарағанды қаласында Сәкен Сейфулиин атындағы театрда екі жыл бас режиссер, кейін Астана қаласындағы жастар театрында бір жыл қызмет атқарған екен.

«Жұмыстың жеңілі болмайды. Әр шаруаның өз қиындығы бар, әрине. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен біраз мәселеміз шешімін тауып жатыр. Бүгінге дейін сырттан келген мамандар үшін Екібастұз қаласының әкімдігі, қала әкімі Аян Бейсекин мырзаның қолдауымен жалпы саны бес баспана берді. Ептепсіп-септесіп, бірлесіп тұрып жатырмыз. Ең бастысы – тұрақтайтын жеріміз бар. Мұндай қолдау алдағы уақытта жалғаса береді деп отыр әкімдік. Еңбекақы да көңілге қонымды. Негізінен, ірі де ауқымды қалаларда жүрген қылшылдаған жастарды шағын қалаға алып келу – үлкен жауапкершілік. Міне, осындай орасан зор жауапкершілікті әкім Аян Бейсекин, «Өнер» мәдениет сарайының басшысы Талғат Сағынтаев ағаларымыз жақсы түсініп, қамқорлық-қолдау көрсетіп отыр. Ұлттық құндылық – мәдениетте. Осы жолда қызмет көрсетуді жалғастыра береміз. Әлбетте, маңызды мәселенің бірі – көрерменнің ықыласы. Шүкір, жергілікті көрерменнің театр өнеріне деген ілтипаты, ықыласы зор екенін байқап отырмыз. Сол ықылас-пейіл еселеу түсуі үшін мазмұндық тұрғыда ауқымды жұмыстар жүргізуге тиіспіз», – дейді режиссер Б.Дихан.

Сөйтіп, Екібастұздағы «Ертіс-Баян» театрының кезекті қойылымы – «Ғашықтар хикаясы» көрерменнің аса зор ықыласына ие болғанына куә болдық. Әр актер өз ролін аса нанымды әрі шебер ойнап шықты.   Дастан – Жағыпаров Нариман, Ермек – Алжаппаров Нұрым, Рүстем – Тәжиев Бекзат, Тұрсынбек – Ормолдаев Нұрсерік, Айым – Қанатқызы Нұрай, Мәдина – Советжанова Дария, Қымбат – Төлегенова Анэль, Ақмақта балгер – Миртемирова Гүлжахан, Ғани декан – Есіркеп Еркебұлан рольдерін сомдаған актердің әрқайсысын жұртшылық ерекше қошеметке бөледі.

«Ғашықтар хикаясы» – жастық шақтың, студенттік кезеңнің ерекше сәттеріне жетелейтін қызықты комедия. Жалпы, Талғат Қайратұлы кезекті қойылымға комедия шығаралық деп ұсынған соң, осы шығармаға тоқтадық. Сәтті шықты. Мұны көрерменнің ықыласынан аңғару қиын болмады. Қуаныштымыз. Жаңадан ашылған жас тетар болған соң бұл да зор жетістік, жақсы табыс. Әр роль шеберлікпен әрі нанымды сомдалды. Көрерменнің жүрегіне жол тауып, көңілінен шықты. Ең бастысы – қолдау. Жас театр зор қолдауды сезініп отыр. Жергілікті әкімдікке, мәдениет саласы жетеушілеріне зор рақмет!», – деді «Ғашықтар хикаясының» режиссері Ә.Ақанов.

Осылайша, көмірлі шаһардағы жаңа тетар жаңа арнаға бет бұрды.  Қазіргі таңда театр көрерменге кезекті қойылымдарын ұсынып, жаңа спектакльдер дайындауға екілене кіріскен. Сәттілік тілейміз!

Асыл ӘБІШЕВ.

Екібастұз қаласы.

Добавить комментарий