Қазақстан Республикасының әрбір азаматы тарихи және мәдени мұраны қастерлеп, оны қорғауға, сондай-ақ тарих пен мәдениет ескерткіштерін сақтауға жауапты. Бұл талап – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарын, ата-бабадан жеткен асыл мұраны келер ұрпаққа аман жеткізудің маңызын айқындайды. Осы ойды өлкетанушы Алтынбек Құрманов ерекше атап өтеді.

Алтынбек Құрманов – елімізге танымал өлкетанушы, Қазақстанның туризм саласының үздігі, «Елім-ай» сыйлығының тұңғыш иегері. Ол Баянауыл өңірінің тарихын терең білетін, туған өлкенің шежіресін жатқа айтып беретін жан.

Өзінің айтуынша, оған жүктелген ең басты міндеттердің бірі – «Қоңыр әулие» аталған киелі орынның шырақшысы болу. Әлемде мұндай сегіз тас мекен бар десек, соның бірі Баянауыл жеріндегі осы үңгір. Бұл қасиетті орынға қамқор болып, оның амандығын қадағалау – олардың әулетінде атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр. Алтынбек аға – сол әулеттегі сегізінші шырақшы.

Ол елдегі жаңа Ата заң қоғамда адам құқығы мен қадір-қасиетін жоғары қоя отырып, халық игілігіне қызмет ететін мемлекет құруға жол ашады деп сенеді. Сондықтан жаңа Конституция елдің болашағына сенім ұялатып, жарқын өмірге бастайтын шырақ боларына үміт артады.

Добавить комментарий