Қазақ дегенде менің көз алдыма ең әуелі кең сахара елестейді. Сол сахарада боз жусанның иісі аңқып, бозторғай шырылдап, еркін өскен елдің еркін мінезі есіп тұрады. Бұл халық үшін қара күш деген – құр бұлтиған бұлшықет емес, атадан балаға мирас болған тектілік, қанға сіңген қайсарлық. Ат үстінде күн кешкен жұрттың сүйегі шымыр, жүрегі отты келеді.
Тарих парақтарын ақтарсаңыз, білегімен жер тіреп, намысымен ел тіреген талай ерлерді көресіз. Солардың бір ізін жалғап, бүгінгі дәуірде темірді иіп, дүниені мойындатқан азаматтың бірі – он алты мәрте әлемдік рекорд жаңартып, есімін адамзат шежіресіне қашап жаздырған Нұрлан Қазыбекұлы Көпбергенов. Ол – арғы бабасы Әлдеберлі батырға тартып туған бейбіт күннің баһадүрі.

Нұрлан – Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы Мүткенов деген шағын ғана ауылда 1962 жылы дүниеге келген. Сол шағын ауылдың өзі – ірі тұлғалар шыққан қасиетті мекен. Кеңес Одағының Батыры атанған Серікбай Мүткенов те, ел еңбегінің ерен иесі Мұрат Қайыргелдин де осы топырақтың түлегі. Осындай ортадан шыққан Нұрланның да осал болмауы заңды еді. Туған жердің киесі, ата-ананың тәлімі, ауылдың ауасы – бәрі оның бойына бір бөлек қуат дарытқандай.
Балалық шағы Ертістің жағасында өтті. Өзеннің еркін ағысы секілді оның мінезі де кең, төзімді болып қалыптасты. Жүрегінің түбінде бұғып жатқан күш оны спортқа, соның ішінде гир көтеру өнеріне жетеледі. Темірді ол жансыз деп қараған жоқ. Қайта сол темірмен арпалыса жүріп, өз рухын тәрбиеледі. Әр жаттығуы – өзіне-өзі есеп беру, әр көтерген салмағы – намысқа салған сын секілді еді.
1985 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, (мамандығы – дене тәрбиесі және құқықтық мәдениет пәнінің мұғалімі) ұстаздық жолға түскенде, ол тек шәкірт тәрбиелеумен шектелген жоқ. Еңбек жолын 1979 жылы бастап, 1993 жылдан бері кеден органдарында қызмет атқарып, Қазақстан Республикасының кеден жүйесінің қалыптасуына және дамуына сүбелі үлес қосты. «Ертіс», «Амангелді» кеден бөлімшелерін басқарған, кеден қызметінің запастағы подполковнигі. ол көп жылғы мінсіз қызметі үшін Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен, мерейтойлық медальдармен марапатталған. Павлодар облысы алдындағы еңбегі үшін жоғары бағаланып, Ертіс ауданының Құрметті азаматы атанған.
Тоқсаныншы жылдардың соңында Ресейдің спорт залдарында қазақ жігітінің аты жиі атала бастады. Боз кілемде немесе ауыр темірдің жанында тұрған Нұрланды көргендер таңданысын жасыра алмады. «Бұл қайдан шыққан алып?» дескені рас. Кейбіреулер аңыздағы балуандардың рухы қайта тірілгендей әсер алғанын айтқан.
Орыс халқының атақты балуаны Иван Поддубный құрметтелетін ортада Нұрлан да ерекше ілтипатқа бөленді. Тіпті, сол Поддубный ұстап жүрген атақты темір таяқтың көшірмесін арнайы жасап, «Қазақ батырына тарту» деп ұсынуы – жай ғана сый емес, зор құрметтің белгісі еді. Ялуторовск қаласында оның рекордын дәріптеп, 101 келілік кір тасын құйдыруы да – сөзсіз мойындаудың айғағы. Білікті мамандардың өзі оның көрсеткішіне таң қалып, «Мұндай салмаққа жақындаудың өзі батылдық» деген пікір айтқан.

Нұрланның бұл жетістігінің түп-төркінінде тек жаттығу ғана жатқан жоқ. 1995 жылы Ақкөл ауылында Жандарбек Қожа атаның берген батасы оның өмір жолына ерекше сәуле түсіргендей. «Бұл баланың бойында елді таңғалдырар күш бар» деген сөз – жай мақтау емес, болашаққа айтылған болжам іспетті еді. Абылай хан бейнеленген жүз теңгені аманат етіп ұсынуы – рухани жауапкершілік жүгін артқан ишара болатын.
Содан бері Нұрлан әр жарыс алдында іштей тәубе айтып, бабалар аруағына сиынып шығады. Өйткені ол күштің қайнар көзі тек білекте емес екенін түсінді. Күш – сенімде. Күш – адал ниетте. Күш – ата-ананың ақ батасында.

Бүгінде Нұрлан Қазыбекұлы ел ағасы жасына жетіп отыр. Спорттағы ерлігімен ғана емес, мемлекеттік қызметтегі адалдығымен де танылды. Подполковник шенінде зейнетке шығып, өмір жолын абыроймен жалғастырып келеді. Оның ғұмыры – тұтас бір тәрбие мектебі.
Дегенмен, кейде біз шын қадірлі азаматтарымызды дер кезінде бағалай алмай жатамыз. Уақытша қызмет атқарғандарға атақ үлестіріп, ал ел намысын әлемге танытқан саңлақтарды елеусіз қалдыру – көңілге кірбің түсіреді. «Ер қадірін ел біледі», – деуші еді бұрынғылар. Ендеше, елдің еңсесін көтерген ерді ұлықтау – ұрпақ алдындағы парыз.
Осы орайда Павлодар қаласындағы «Ақ жол» ҚДП облыстық филиалының кеңсесінде ел спортының абыройын асқақтатқан азамат – Нұрлан Қазыбекұлы Көпбергеновке құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында филиал төрағасының орынбасары Гүлмира Мұқанова саңлақ спортшыға «Ақ жол» демократиялық партиясы президиумы мен ҚР Ұлттық индустрия палатасы басқармасы атынан «Еңбегім еліме» төсбелгісін табыс етті.
Жиын барысында Нұрлан Көпбергеновтің спорт саласындағы ерен еңбегі, он алты мәрте әлемдік рекорд жаңартып, қазақ елінің абыройын асқақтатқаны ерекше атап өтілді. Сонымен қатар оның мемлекеттік қызметтегі адалдығы мен қоғамдық өмірдегі белсенділігі де тілге тиек болды.
Гүлмира Мұқанова марапатты табыстай отырып, Нұрлан Қазыбекұлының өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екенін, оның табандылығы мен отансүйгіштігі шынайы құрметке лайық екенін жеткізді.
Өз кезегінде Нұрлан Көпбергенов көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, ел сенімі мен ықыласы әрдайым жаңа белестерге жетелейтінін айтты.

Нұрлан Көпбергеновтің есімі – қазақ спортының шежіресінде алтын әріппен жазылған ат. Ол – бір адамның ғана жетістігі емес, тұтас халықтың қайсар рухының көрінісі. Ертістің жағасында ер жеткен ердің даңқы – даладай кең, тарихтай терең.
Осындай азаматтар барда қазақтың білегі босаңсымайды, рухы аласармайды.
Айбек Оралхан
