Ақын М.Мақатаевтың туғанына – 95 жыл

    

Мұқағали Мақатаев – қазақ халқының танымал әрі сүйікті біртуар ақыны, ол даңқ қуған ақын емес, өлеңге адал еңбек еткен адам. Биыл ұлы ақынның туғанына 95 жыл толып отыр. Бұл – қазақ әдебиеті үшін маңызды мерейтой.

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы Алматы облысының Қарасаз ауылында дүние есігін ашқан. Кіндік қаны тамған жерде өлең жазуды ерте бастап, өз шығармаларында қарапайым адамдардың өмірін, туған жерін, елін, анасын шын жүректен жырлады. Ақынның балалық, бозбалық шағы, тіпті өмірі де  оңай болмаған. Дегенмен, ол өмірдің қиындықтарын қабылдап, тәңірдің берген сыйы – поэзияға адал болды.

Ақын өлеңдерінің тілі өте жеңіл әрі түсінікті. Бірақ әрбір өлеңінде терең ой жатыр. «Үш бақытым», «Фариза» сияқты өлеңдері, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы арқылы ол адамды жақсылыққа, адалдыққа, елін сүюге шақырады.         Қай тақырыпты жазса да жалған сезім, бос сөзге әуес болмады, ол туралы: «Мен жырламаймын, сырласамын. Сыры бір замандаспен мұндасамын. Көгендеп жыр қосағын, келмейді жыр жасағым» немесе «Тіпті де мен еместі «Мен» дегенім… өзгенің жан-сырын ұғу үшін, өзімді зерттегенді жөн көремін» дейді. Мұзбалақ ақын өз сезімін жасырмай, шынайы жеткізе білген.

Жақсының аты, ғалымның xаты өлмейді демекші, 45 жасында өмірден озса да өз артынан қаншама өлеңдерін, естелік етіп тастап кетті. Мұқағали атамыздың қаламынан туған қанатты жырлары xалқымен бірге мәңгі жасай бермек. Ақынның түрлі өлеңдерінен нағыз xалық жанашыры, шынайы поэзия өкілі, отансүйгіш екендігі айқын байқалады. «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» деген Мұқағали атамыз қолынан қаламы түспей, сан-алуан тақырыпта сөз сөйлеп жыр жырлаған.

«Поэзия, менімен егіз бе едің!» деп, М.Мақатаев атамыз өзіндік еңбектерін дәл осы қазақ поэзиясына арнаған дара тұлға. Өзінің қысқа өмірін жан тәнімен xалқына және қазақ поэзиясына арнап, еркіндікті ұран етіп, қалам құдіретін шебер ұштастырған дара да, дана ақын.

Мұқағали Мақатаев өзін «жырдың қарапайым еңбекшісі» деп санаған. Ол атақ үшін емес, халық үшін жазды. Ақын өмірден ерте өтсе де, оның өлеңдері қазақ әдебиеті мен халық жадында өшпес із қалдырды.

Бүгінгі күні Мұқағали жырлары мектептерде, түрлі поэзиялық кештерде оқылады. Бұл – оның шығармаларының әлі де маңызды екенін көрсетеді. Мұқағали Мақатаев – жүрекке жететін өлең жазған, қазақ халқының ақиық ақыны.

Әли ӘЛІБЕК,

«Жас Дарын» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы.

Добавить комментарий