Достық үйінде облыс әкімі Асайын Байхановтың шығармашылық зиялы қауым өкілдері – мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлерімен дәстүрлі жыл сайынғы кездесуі өтті.

Кездесуді ашқан өңір басшысы Павлодар өңірінің жоғары шығармашылық әлеуетін және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырудағы зиялы қауымның айрықша рөлін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениет – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес, бұл ұлттық сананы нығайтатын берік негіз екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Биылғы жылдың өңір үшін мәдени тұрғыдан табысты болғанын айтуға толық негіз бар және мұны нақты нәтижелер де дәлелдеп отыр, – деді Асайын Байханов.

Облыс әкімі мәдениет мекемелерінің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне жан-жақты тоқталып өтті. Жуырда Жетекші ауылында жаңа мәдениет үйі ашылды. Алдағы уақытта осындай нысандар Ақсу қаласының Алғабас ауылында және Ертіс ауданының Қызылағаш ауылында пайдалануға берілетін болады.

Соңғы екі жылда облыста 30-дан астам мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Соның ішінде биыл Ақтоғай ауданының Мүткенов, Май ауданының Баскөл, Павлодар ауданының Ефремовка және Пресное, Шарбақты ауданының Шарбақты, Тереңкөл ауданының Ивановка ауылдарындағы 6 мәдениет үйі толық жаңартылды.

Сонымен қатар Ақтоғай және Баянауыл аудандарына, сондай-ақ «Шаңырақ» концерт залына, Иса Байзақов атындағы филармонияға және А. П. Чехов атындағы театрға автобустар сатып алынды. Демеушілік қаражат есебінен қалалық кітапханалар мен көзі көрмейтін және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған Мүбарак Жаманбалинов атындағы балалар кітапханасына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Мұражайларды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл демеушілердің қолдауымен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мемориалдық музейіне жаңа конференц-зал салынды. Г. Потанин, М. Шамсутдинова және С. Торайғыров атындағы мұражайлар толық жөндеуден өтті. Облыс әкімі мәдени бастамаларды іске асыруға қосқан үлестері үшін ERG тобының басшылығына, «ERG Көмек» корпоративтік қоры мен «Fonet Er-Tai AK Mining» ЖШС-не алғысын білдірді.

Ағымдағы жылы көрнекті тұлғалардың – Абай Құнанбаевтың, Жаяу Мұсаның, Иса Байзақовтың, Қадыр Тайшықовтың, Майра Шамсутдинованың, Қалмұхан Исабаевтың, Қуат Әбусейітовтің, Махмет Қайырбаевтың және Шахимардан Әбіловтің мерейтойлары жоғары деңгейде аталып өтілді. Антон Чехов атындағы драма театры өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтті, ал Екібастұз қаласында жаңа театрдың ашылуы өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды.

Жалпы биыл облыста 30 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ өңірде халықаралық және облыстық деңгейдегі 6 айтыс өтті. Бұл – ұлттық дәстүрлерді сақтау мен дамытудың маңызды көрсеткіші деп атап өтті өңір басшысы.

– Мен талантты жерлестеріміздің жетістіктерінен хабардармын және олардың халықаралық және республикалық деңгейдегі табыстарына қуаныштымын, – деді Асайын Байханов.

Келесі жылы Павлодар ауданының Мичурино ауылында мәдениет үйін ашу, сондай-ақ Май ауданының Жұмыскер, Успен ауданының Қызылағаш және Ертіс ауданындағы мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. «Достық» шағын ауданында 1 500 орынға шақталған концерт залы бар Конгресс-холлдың құрылысы басталады.

Кездесу соңында мәдениет, әдебиет және өнерді дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін облыс әкімі шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне әдеби сыйлықтар, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, сондай-ақ Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыстады. Өңір айтыскерлері облыс әкімінің арнайы марапатына ие болды.

Кездесуге қатысушылар өңір басшысына мәдениетті дамытуға көрсетіп отырған қолдауы мен назары үшін алғыстарын білдіріп, өз ұсыныстары мен бастамаларын айтты.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Добавить комментарий