
Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының ұйымдастыруымен өткен «Өнер додасы» байқауының жеңімпаздары анықталды.
Екі айға жуық уақыт бойы көрерменді ұлттық өнер салтанатына куә қылған жоба шынайы таланттарды қолдауға арналған. Байқаудың мақсаты – қалалар мен аудандардағы өнер ұжымдарын жарыстыру ғана емес жарастыру. Ұжымдардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру. Тасада қалған таланттарды қолдау, ауылдағы шын дарындар арасынан жаңа есімдерді шығару. Сирек кездесетін ұлттық көне аспаптарды жарқыратып көпшілікке қайта ұсыну. Аудан-қалалардағы ұлт аспаптар ансаблінің шеберліктерін шыңдау.
«Өнер додасы» байқауына барлығы 13 өнер ұжымы қатысып, өзара жұптасып өнер көрсетті. Финалдық кезеңде, бұған дейін алғашқы айналымда бақ сынаған қос ұжым – Екібастұз қаласы мен Павлодар ауданының өнерпаздары кездесті. Екібастұз қаласы жарыс жолында Ақтоғай, Тереңкөл аудандарымен, Павлодар ауданы Май, Успен аудандарымен кездесіп, жеңіске жетті. Солайша екі құраманың жолы ақтық мәреде қайта түйісті. Екібастұздық өнерпаздарды «Атамұра» мәдениет орталығының басшысы Нұрсұлу Төлеубаева, ал Павлодар ауданының өнерпаздарын аудандық мәдениет үйінің басшысы Сәуле Амирова сахнаға бастап шықты.
Ақтық мәре шымылдығы Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның құттықтау сөзімен түрілді: «Өнерсүйер қауым үшін осы додаға қатысқан әр өңір, әрбір өнерпаз жеңімпаз», – деді ол өз сөзінде.
Байқауға өз ісінің нағыз мамандары баға берді: «Күй» аталымы бойынша ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестірінің бас дирижері, әрі көркемдік жетекшісі Талғат Кәрімов; «Айтыс» аталымы бойынша Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатай; «Көне аспапта өнер көрсету» аталымы бойынша ҚР Мәдениет саласының үздігі, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қор сақтау бөлімінің меңгерушісі Мейрамғали Есмұқанов; «Ұлт аспаптар ансамбілі» аталымы бойынша ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Шаңырақ сазы» фольклорлық ансамблінің әншісі Нұржан Сарқамбаев; «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаттың «Дәстүрлі ән» бөлімінің меңгеруішісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сәуле Мусипова; «Терме» аталымы бойынша Торайғыров университетінің «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгеруішісі, қауымдастырылған профессор, дәстүрлі әнші, термеші Тілеуберді Азаматұлы; «Ұлттық би» аталымы бойынша ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Шернияз» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұрлан Беков өнерпаздарды тек бағалаумен шектелмей, сын-пікір, ескертпе-талқылауын да ортаға салды.


Өнер бәсекесін, жеребе бойынша Екібастұз қаласы бастады. Сахнаға дәстүрлі әнші Сұңғат Көпежанов шығып, Ақан Серінің «Балқадишасын» шырқады. Ал, Павлодар ауданының дәстүрлі әншісі Айнұр Мұрат «Дүлділім» халық әнін орындады. Бірінші кезеңде екібастұздықтар алғашқы ұпайға ие болды.


Екінші болып қос ұжымның балбармақ домбырашылары өнер көрсетті. Екібастұз қаласының өнерпазы Ілияс Көпежанов Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек», Павлодар ауданының домбырашысы Инар Мукушева Дина Нұрпейісованың «Науаи» күйін күмбірлетті. Бұл кезеңде есеп теңесті.


Үшінші аталым текті сөздің төресі – терме. Екібастұздық Тілек Сайлаубек Жәнібек Кәрменовтың «Ойламаңдар, жігіттер!» термесін, павлодарлық Еркебұлан Нағымет Нұртуған Кенжеғұлұлының «Жаста болған қайратың» термесін тарту етті. Нәтижесінде бір ұпайды павлодарлық команда еншіледі.

Төртінші аталым – ақындар айтысында Екібастұздың жас оғыланы Бексұлтан Қайдаров пен Павлодар ауданының ақыны Алтай Қадірбек сөз сайыстырды. Алтай ақын басым түсіп, командасына үшінші ұпайды сыйлады.


Сирек кездесетін көне аспапта өнер көрсету аталымында екі жақ та сахнаға барбыт аспабын алып шықты. Екібастұз қаласының өнерпазы Мадияр Теміржан Абдулхамит Райымбергеновтың «Секіртпе» күйін, Павлодар ауданының өнерпазы Мейрман Байбусунов Раздықтың «Аңшының зары» күйін орындады. Екібастұздық өнерпаз күйін ортекенің биімен көркемдеп, бір ұпайды қоржынға салды. Есеп қысқарды: 2:3.


Алтыншы аталымда Ұлт аспаптар ансамблдері сынға түсті. Екібастұз қаласының «Атамұра» халықтық фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблінің сүемелдеуімен Алтынгүл Бақытхан халық әні «Қара-ай көзімді», Павлодар ауданының «Шабыт» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Айнұр Есенғалиева Абдрахман Асылбектің сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнін шырқады. Қорытындысында есеп теңесті.


Түйінді аталымда ұлттық би ұжымдары тартысты. Екібастұз қаласының «Нәзік» үлгілі хореграфиялық би тобы мен Павлодар ауданының «Үміт» би тобы сахнаға шықты. Екі ұжым да «Қыз ғұмыры» биін ұсынды. Шешуші кезеңде соңғы ұпайды «Нәзік» иеленіп, Екібастұз өнер құрамасына жеңіс сыйлады.
***
Марапаттау рәсімі басталғанда көрермен мен қатысушылардың қуанышында шек болмады.

Алдымен «Өнер додасы» байқауында жыл жаңалығы атанған өнерпаздар марапатталды. «Дәстүрлі ән бағыты бойынша жобаның жаңалығы» номинациясымен Баянауыл ауданының өнерпазы Назерке Серік; «Күй бағыты бойынша жобаның жаңалығы» номинациясымен Ақтоғай ауданының қатысушысы Аспандияр Булатбаев; «Айтыс» аталымы бойынша ең жас қатысушы Самит Салих; «Айтыс бағыты бойынша жобаның жаңалығы» номинациясымен Успен ауданының ақыны Санидін Бекетай; «Ең үздік ұлт аспаптар ансамблі бағыты бойынша жобаның жаңалығы» номинациясымен Ертіс аудандық «Қазақ фольклорлық ансамбльі»; «Сирек кездесетін көне аспапта өнер көрсету» аталымы бойынша жобаның жаңалығы номинациясымен Май ауданының қатысушысы Айбек Байжасаров; «Терме аталымы бойынша» жобаның жаңалығы номинациясымен Аққулы ауданының қатысушысы Жомарт Рақымбек; «Ұлттық би» аталымы бойынша жобаның жаңалығы номинациясымен Ақсу қалалық Сәбит Дөнентаев атындағы Мәдениет сарайының «Айгөлек» үлгілі би ансамбілі марапатталды.
Одан кейін облыстық «Өнер додасы» байқауында тұрақты қазылық жасап, өңіріміздегі ұлттық өнердің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін қазылар алқасы марапатталды.

Салтанатты кештің түйіні байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттаумен жасалды. Бас жүлде иегері Екібастұз қаласына 2 млн теңге сыйақы, 1-орын иегері Павлодар ауданына 1,5 млн теңге сыйақы, 2-орын иегері Тереңкөл ауданына 1 млн теңге сыйақы және 3-орын иегері Успен ауданына 700 000 теңге сыйақы табысталды.


Осы жылдың ең ірі мәдени жобасы жеңімпаздар мен қатысушыларға және көрерменге қуаныш сыйлап қана қоймай, жаңа есімдерді ашып, таланттарға демеу беріп, ұлттық өнерді ұлықтады. Төл мұрамыз төқбелі төрден түспесін.
