Майра Шамсутдинованың туғанына – 135 жыл

Мерейтой аясында М.Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музейі көктемде Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Ән еркесі – Майра» атты жылжымалы көрмені көпшілік назарына ұсынған болатын.

Көрмеге әншіге тиесілі құнды жәдігерлермен қатар, Майраның ізбасары, жерлесіміз – Павлодар облысы, Ертіс ауданының тумасы, дарынды әнші әрі актриса Хафиза Әбугалиеваның да жеке заттары қойылған-ды.

Іс-шараның ашылу салтанатына Х.Әбугалиеваның ұлы Бауыржан және қызы – Каспий халықаралық медицина мектебінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмайра Чумбалоева арнайы келіп қатысқан болатын.

Аталған жиында әншінің ұрпақтары әйгілі жерлесіміздің сахналық көйлегі мен аккордеонын Майра музейінің қорына тарту етті. Бұл жәдігер – музей үшін де, өңіріміздің өнерпаздары үшін де аса құнды әрі таптырмас дүние.

– Анамыз алыс-жақын шетелдерде талай сапарларда болды және солардың көбінде осы аспапты қолынан тастамаған. Бұл – анамыздың ең сүйікті аспабы, – дейді ұлы Бауыржан.

Аккордеон Германияда жасалған, сапасы жоғары музыкалық аспап. Қаншама уақыт өтсе де, көне аспаптың сыртқы қалпы жақсы сақталған екен.

Көзі тірісінде Хафиза апай сырнайды жылтыр тастармен көмкеріп, қапталдарына қазақы оюлар салып, өз қолымен әшекейлеген. Бұл жәдігер бүгінде музейге келушілердің көзіне бірден түсетін ерекше әрі құнды дүниелердің бірі.

Әрбір жәдігер – өткен өмірден сыр шертетін, өзіндік тарихы бар баға жетпес мұра. Осы орайда, аталған тарихи жәдігердің иесі жайлы қысқаша тоқтала кеткен орынды болар.

Хафиза Әбуғалиева 1924 жылы Павлодар облысы, Ертіс ауданында дүниеге келген. Ол – әнші, киноактриса, ақын, музыкант, ән мен романс орындаушысы. «Қазақконцерт» бірлестігінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен.

1943 жылы Павлодар қаласындағы педагогикалық училищені, 1948 жылы Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищенің вокал бөлімін тәмамдаған.

Барлық еңбек жолы «Қазақконцерт» ұжымымен тығыз байланысты болды. Хафиза Әбугалиева – қазақтың көрнекті әнші-музыканты, халық композиторы Майра Шамсутдинованың шығармашылық жолын жалғастырушы. Ол Қытай, Үндістан, Моңғолия секілді елдерде өнер көрсеткен.

1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Кремль сахнасында өнер көрсетті. Үндістанның Дели қаласындағы этнографиялық концертте Б.Байқадамовтың «Ертіс вальсі» әнін қазақ және үнді тілдерінде орындады.

Ұлттық музыкалық өнердің дамуына қосқан үлесі үшін ол «Құрмет белгісі» орденімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Добавить комментарий