
Павлодар облысының кітапханаларындағы 2,9 миллион данадан астам кітап қоры бар. Оның 44 750-і – электронды кітаптар. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасының басшысы Шолпан Шахметованың айтуынша, облыстағы кітапханаларда өлкетану бағытында бес мыңнан астам электрондық басылым ұсынылған.
– 2006 жылдан бері цифрландыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп келеді. 2017 жылы облыстық кітапхана жанынан Өлкетану құжаттарын цифрлау орталығы құрылды. Қазір онда кәсіби сканерлермен, арнайы бағдарламалармен жабдықталған жоғары деңгейлі техникалар жұмыс істейді, – дейді Шолпан Баянқызы.
Облыстағы кітапханаларда 70-тен астам веб-ресурс бар, оның 59-ы – өлкетану бағытында. Бұл порталдарда Павлодар өңіріне қатысты толық мәтінді кітаптар, тарихи құжаттар мен сирек кездесетін әдебиеттер жинақталған.
Сонымен қатар, облыстық кітапхана 12 желілік жобаны ұсынады. Олардың қатарында «Сұлтанмахмұт Торайғыров» виртуалды энциклопедиясы, «Павлодар – Қазақстанның индустриалды жүрегі» жобасы, «QR-кітапхана» сияқты бастамалар бар.
– Авторлық құқықты сақтау – басты талап. Сондықтан қазіргі таңда жергілікті авторлармен 300-ден астам келісімшарт жасалды. Бұл еңбектер біздің веб-ресурстарда қолжетімді, – дейді Шолпан Шахметова.
Кітапханалардағы тағы бір жаңашылдық – RFID жүйесі. Облыстық кітапханада бұл технология іске қосылып, оқырман кітапты өз бетінше алып, тіркей алады. Алайда, басқа аудандық және ауылдық кітапханаларда бұл жүйе әлі енгізілмеген.
Сонымен бірге, бүгінде өңірдегі 225 кітапхананың 198-і интернет желісіне қосылған, оның ішінде 179-ы ауылдық жерлерде орналасқан.
