
Кеншілер қаласында маңызды мәдени оқиға орын алды – қалалық «Өнер» мәдениет сарайында жаңа «Ертіс-Баян» театры өз есігін айқара ашты. Жас шығармашылық ұжымның тарихы қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармасының желісі бойынша сахналанған «Қош, махаббат» спектаклінің жарқын премьерасымен басталды.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, екібастұздықтарды осы айтулы оқиғамен құттықтады. Ол театрдың ашылуы қала тұрғындарының көптен күткен арманының орындалуы әрі өңірдің мәдени дамуының жаңа кезеңінің бастауы екенін атап өтті.
– Бүгін біздің жерлесіміз, белгілі мәдениет қайраткері Шамғон Шаймарданұлының көп жылғы асыл арманы орындалып отыр – Екібастұзда театр ашылуда. Бүгінгі шара – үлкен жолдың бастауы ғана. Болашақта театр үшін жеке ғимарат салу жоспарымызда бар. Екібастұз тек көмір мен энергияның ғана емес, руханият пен өнердің де ордасына айналсын, – деді Асайын Байханов.
Премьераны жас әрі талантты режиссер Бибіажар Дихан сахналады. Поэзия тілі арқылы адам сезімінің тереңдігін, махаббаттың күшін және тағдыр драмасын жеткізе білген ол көрермендерді спектакльдің шынайылығымен баурап алды. Қойылым алғашқы минуттардан көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Екібастұзда театр ашу идеясы бірнеше жылдан бері талқыланып келген болатын. Қалада кәсіби сахна ашу мәселесі өңір басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдың шілдесінде қолға алынды. Сол кезде әкім Екібастұздың бай мәдени дәстүрі мен белсенді шығармашылық ортасы бар екенін айтып, театр ашуға барлық алғышарттар бар екенін атап өткен еді.
– Екібастұзда 20 жылдан астам уақыт бойы «Қайнар» ББК жанында «Маска» театралдық студиясы табысты жұмыс істеп келеді. Оның қатысушылары бірнеше мәрте республикалық фестивальдердің лауреатттары атанды. 2020 жылы «Өнер» мәдениет сарайында «Бойтұмар» жастар музыкалық-театр үйірмесі құрылды. Мұның барлығы кәсіби театрдың пайда болуына мықты негіз қалады, – деген болатын сол кезде облыс әкімі.

Жаңа «Ертіс-Баян» театры қаланың басты мәдени орталықтарының бірі – «Өнер» мәдениет сарайының жанынан ашылды. Биыл оның құрылуына бюджеттен шамамен 50 миллион теңге бөлінді. Қазір театрда 18 қызметкер жұмыс істейді, олардың 12-сі Астана, Алматы, Түркістан және Ақтөбе қалаларынан шақырылған кәсіби актерлер. Көпшілігі «Шабыт» өнер академиясының түлектері. Сондай-ақ театр қойылымдарына Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртістері де қатысады.

«Қош, махаббат» спектаклінің премьерасы жаңа шығармашылық ұжымның дебюті ғана емес, сонымен қатар, Екібастұзда жаңа театр маусымының басталуының символы болды. Енді бұл қала көмір мен энергияның ғана емес, өнердің де энергиясын біріктіретін рухани орталық болмақ.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
