Биыл – ағартушы, қоғам қайраткері Сәдуақас Шормановтың 175 жылдығы және дауылпаз ақын Иса Байзақовтың 125 жылдығы аталып өтуде.
Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Ертіс-Баян өңірінің Алаш ардақтыларына арналған «Ұлтын сүйген ұлылар» атты көрме ұйымдастырылып, «Сәдуақас Шорманов» және Иса Байзақов туралы «Дауылпаз» атты кітаптардың тұсаукесері өтті. «Сәдуақас Шорманов» кітабының құрастырушысы – филология ғылымының кандидаты Әділбек Әміренов. Ал «Дауылпаз» поэма кітабының авторы – жас ақын Мизам Жұмәлі. Қос тұлғаның мерейтойлары аясында жаңа еңбектердің жарық көруіне Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мұрындық болды.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Жиында академик, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, ғалым Серік Негимов, профессор Серікзат Дүйсенғазы, ғалым Әділбек Әміренов және Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан сөз сөйледі.
Алдағы уақытта музей және университеттің бірнеше факультетімен бірлесіп Алаштану бағытында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндіктер мол екенін, осы бағытта бірлесіп жұмыс жүргізу қажет екендігі аталып өтті.