Өнер атаулының тылсымы ішінде болса, күйдің құдіреті рухтың тынысында. Ол жүректен шығатын азат ойды, жан қуатын, рухани тереңдікті сырлы сазбен жеткізеді. Күй тыңдаған сайын өткен тарих көз алдыңа келіп, бабалар үнімен сырласасың. Мүмкін, күйдің құдіреті мен мәңгіліктің үні осында шығар…

Сондай бір ғажайып рухани кештің куәсі болдық. Ертіс-Баян өңіріндегі әйгілі Естай әнші туған Ақкөл-Жайылманың тумасы, күйші әрі өнертанушы Қайрат Айтбай шертпе күйдің атасы, ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығына арналған «Сарыжайлау» атты жеке шығармашылық концертін өткізді.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік бірлестігі ұйымдастырған бұл поэтикалық ән-күй мерекесі – нағыз рухани жаңғырудың үлгісі болды десек артық айтпағандық болар.

Кеште шертпе күйдің шебері, 200-ге тарта күйді еркін тартатын Қайрат Хамитұлы өзінің ұстазы Жанғали Жүзбай, шәкірттері мен әріптестері кезектесіп сахнаға шығып, күйдің құдіретін біздерге кештірді. Тәттімбет, Сүгір, Мағауия, Әшім, Әбікен, Байжігіт, Төлеген және Кетбұға сынды ұлы күйшілердің мұралары орындалды. Қос ішектен төгілген әр әуен тыңдарманды ықылым дәуірлерге жетеледі. Күмбірлеген қоңыр домбыраның түр-түрін көріп, ерекше күй әуендерін естіп, рахатты сезімге бөлендік. Күй – құлақпен емес, жүрекпен тыңдайтын өнер екендігі белгілі. Егер жүрегің ашылмаса, күй еміренбейді. Зал толы тыңдарман жүрекпен қабылдағандығы сол – әр күй аяқталған сайын естілген шынайы шапалақтың ықыласы соның дәлелі болды.

Кеште Күнсұлу Түрікпеннің жыры, Венара Табыстың жетігенде ойнаған өзінің төлтумасы «Ана махаббаты», Сержан Құсайын орындаған «Қарқаралы», Айдос Саниязбекұлы шырқаған «Көгаршын» ерекше әсер қалдырды. Ал ақындар Төлеген Меллат пен Тілеубек Батыстың жырлары күймен үндесіп, көңіл толқынын тербеді. Жалпы, көптен бері мұндай стандарттан тыс сценариймен өткен тамаша кештен рухани ләззат алдық. Кешті жүргізген Ұмтыл Зарыққан өнерге деген шынайы сүйіспеншілігімен, жүректен шыққан сөзімен көрерменнің ықыласына бөленді.

Кеш соңында Ұлтымыздың мақтанышы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов жылы да ыстық ықыласты лебізін білдіріп, Тәттімбет Қазанғапұлының ескерткіші Түркияда қойылғандығын және оның кішкентай макетін Жанғали ағамыздан бастап, жас таланттарға да басқа сыйлықтарымен бірге тарту етті.

Мұндай кештер жиі өтсе, күйдің аманаты ұрпақ жүрегінде жаңғырып, ұлттық рухтың шамшырағы жарқырай түсер еді. Қайрат бауырымыздың кешіне жерлестері атынан әнші Амангелді Қожанов Павлодар облысы әкімінің құттықтау хаты мен сәлемдемесін жеткізді. Біздерде өз кезегімізде кеш соңын жалғастырған дастарханда ағалары болып, белгілі кәсіпкер, руханият жанашыры, талай әндердің керемет орындаушысы Ғаббас Бектұров екеуміз жол-жоралғымызды жасадық. Өнерің таси берсін, бақытың бақ болып қона берсін, Қайрат бауырым!

Алтынбек НУХҰЛЫ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

Добавить комментарий