Сұрапыл соғыстың даңқты батырлары мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ерлігі, асқақ рухы, қайтпас қайсарлығы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиісті. Келер ұрпақтың келешегі үшін, бейбіт күннің болашағы үшін қару алып от кешкен, кеуделерін оқ тескен батырлардың есімін қолына қалам ұстаған жазушылар қауымы тарих бетінде жазып қалдыруы қажет. Осы мақсатта оқырманға жол тартқалы отырған жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымбек Жұматовтың «Ленинград: От пен мұз» кітабы өскелең жас буынды ерлікті құрметтеуге, батырлықты дәріптеуге тәрбиелейді, олардың бойына патриоттық сезімді сіңіруде ерекше рөл атқарады.

Романда соғысқа аттанған әкелі-балалы Сағымбай мен Нығмет Жұматовтардың майдан шебіндегі қимылдары, олардың әскери қызметі, қаруластарымен бірге жасаған соғыс әрекеттері жан-жақты жазылған. Қос кейіпкердің азамат болып қалыптасуы, өмір сабақтарын меңгеруі, басқа түскен қиындықтан қайыспай, ажалдан қаймықпай алғы шепке аттануы – бабалардан қалған азаттық сүйгіш рухтың көрінісі. Автор бас кейіпкерлердің өмір және майдан жолы арқылы жалпы соғыс көрінісін, оның ішінде Ленинград үшін шайқастың бейнесін барынша нанымды суреттей білген.

Кітап 36 бөлімнен тұрады. «Ленинград блокадасы», «Ладога – өмір жолы», «Шешуші шайқастар», «Ленинград ақ түні» секілді бөлімдерде майдангерлердің тауқыметті өмірі және Ленинград қорғанысының Ұлы Отан соғысындағы маңызы туралы баяндалады.

Кітап майдан даласындағы іскерлердің жауынгерлік жолын, соғыс тауқыметін бейнелейтін фотосуреттермен көркемделген. Құнды суреттердің қатарында 1942 жылдың мамырынан 1943 жылдың қаңтарына дейінгі майдан шебінің сызбасы, «Ұшқын» операциясы басталғанға дейінгі жағдай және кеңестік шабуылдың жоспары, Ленинград-Новгород стратегиялық шабуыл операциясының жалпы барысының сызбасы бар.

Сонымен бірге Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің Орталық мұрағатынан алынған кітап авторының ағасы, майдан шебінда қаза болған Нығмет Жұматов туралы ақпарат романның мазмұныны арттырып тұр.

Жалпы алғанда қаламгердің жаңа романы оқырман үшін ортақ олжа болары сөзсіз.

 

 Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий