Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеткіншектер мен жастарды рухани, көркем құндылықтарға тартумен қатар белсенді де өнімді еңбекке, қоғамға жанашырлық жасауға баулу бағыттарына маңыз беру қажеттігін атап көрсеткен еді. Өскелең ұрпақты қоғам үшін пайдалы болар өміршең істерге жұмылдырудың сан алуан тетіктері қолға алынып келеді. Солардың қатарында ұзақ жылдардан бері өзінің тиімділігін көрсеткен бағыт – студенттер мен жалпы жастардың еңбек жасақтары.
Жұртшылықтың есінде, дәл осындай еңбек жасақтары 2024 жылы орын алған су тасқыны кезінде апаттың бетін қайтару, зардаптарын жою, сөйтіп тұрғындарға көмек пен қолдау көрсету бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Міне, осы негізге сүйене отырып, еліміздің барлық өңірлерінде жасақтар қатарын көбейту мәселесі бойынша ауқымды бастамалар жүзеге асуда. Әлбетте, бұл бастамаларды қолдап, дамытып әкетуде түрлі ұйымдар мен бірлестіктер, соның ішінден саяси партиялар белсенділік танытуда. Солардың бірі – «Ауыл» партиясы.
Таяуда «Ауыл» партиясы» Павлодар облысы бойынша филиалының, Ақтоғай аудандық аграрлық-техникалық колледжінің ұйымдастыруымен және жүзеге асыруымен студенттер мен жастар еңбек жасақтарының жұмысы жолға қойылды. Осыған орайластырып жаңа құрылымның ашылу салтанаты да өткізілді.
Ауыл-аймақ – қызу еңбектің алаңы. Сондықтан да шаруашылықтың әр түрін ширатып отырған елдімекендерге қосымша жұмыс күші ауадай қажет етіледі. Міне, осы мүмкіндікті ұсынатын студенттер мен жастардың еңбек жасақтары жұмыла кірісуге бет бұрды. Ал мұндай құрылымды іске қосуға мұрындық болған «Ауыл» партиясы биыл өзінің 25 жылдығын осындай игі іс-шаралармен атап өтуде. Жалпы, соңғы жылдары аталмыш партия еліміздің аумағында Мемлекет басшысымен алға тартылған барлық бастамаларды жүзеге асыруда көшбасшы қатарында көрініп келеді. Жоғарыда сөз етілген, яғни 2024 жылы су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында алғаш рет өзінің студенттік және жастар жасақтарын құрып, қоғамға көмиек қолын созды. Мұндай қадамдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан жоғары бағағажәне қолдауға ие болған-тұғын.
Түптеп келгенде, мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – ел болашағының тұтқасы саналатын студенттік құрылыс жасақтарының байырғы тамаша дәстүрін жаңғырту, ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу.
Мәлімет бойынша, Павлодар облысы бойынша төрт бағытта төрт жасақ құрылып отыр. Олар – «Сұңқар» гидротехникалық жасағы; «Арлан» механикаландырылған жасағы; «Тұлпар» ветеринарлық жасағы; «Кең дала» экологиялық жасағы.
Іске сәт, жастар, дейміз.
Асыл ӘБІШЕВ.